Бүгін облыс орталығында өңір бойынша су тасқынының алдын алу тақырыбында баспасөз брифингі өтті.
Брифингте облыстық ТЖД төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов өңірде апатты жағдайдағы су қоймалары жоқ екенін айтты.
«Жалпы облыста 304 гидротехникалық нысан бар, оның ішінде, 72 су қоймасы, 107 тоған, 9 бөгет, 3 су торабы, 99 магистральдық канал. Ал өңірде апаттық жағдайдағы су қоймалары жоқ»,- деді Дәурен Азаматов.
Басқарма бастығы биылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі іс-шаралар тізімімен бөлісті. Олар:
-су тасқыны жағдайына сәйкес алдын ала болжамдар дайындау;
— облыстың елді мекендері мен аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін неғұрлым су тасқыны қауіпті учаскелерді айқындау;
— су тасқыны кезінде әрекет ету ережелері туралы халықты хабардар ету;
-арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді дайындау;
— гидротехникалық нысандардың меншік иелерімен жұмыс режимін сақтауын бақылау;
-материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, медициналық және басқа да ресурстардың қорын құру.
«Сондай-ақ 2022-2023 жылы су тасқынынан тұрғындарды қорғау үшін бөгетті, тоғандарды жөндеу, су бұру арналарын тазарту, 1 көпірге күрделі жөндеу және 1 автомобиль жолының су өткізу құрылысының сапасын арттыру бойынша 11 шара ұйымдастырылды»,- деді маман.
Былтырдан бері Алматы облысының аумағында 34 су тасқыны қаупі бар учаскелер анықталды. Жоғарыда аталған шаралардың әсерінен оның саны 27-ге азайды.