Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарВизасыз режім: мәні мен мақсаты

Визасыз режім: мәні мен мақсаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде екі ел Үкіметі визалық талап­тарды жеңілдету туралы ке­лісімге қол қойды. Аталған құжат­тың қандай пайдасы бар? Құжат екі ел арасындағы қарым-қатынасты қаншалықты дамытады? Осы және өзге де мәселелерді талқылап көрген едік.

Келісімге сәйкес ел азаматтары жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету, басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында Қытай аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Сондай-ақ 180 күн ішінде Қытайда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауға тиіс. Сәйкесінше, Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне де дәл осындай шарттар қолданылады. Ал құжатта көрсетілген мерзімнен арттығырақ қалғысы келетін адамдар виза рәсімдеуі керек.

Стратегиялық зерттеулер инсти­тутының бас сарапшысы Әділ Кәукенов­тің айтуынша, Қытаймен визасыз режім енгізу Қазақстан төлқұжатының күшін арттырады. Осылайша, Шығыс Азияның есігі кеңірек ашыла түсті. Сарапшы келешекте Жапония, Үндістан, Еуропалық одақ, АҚШ секілді басқа ірі мемлекеттер де осы тізімге қосылуы мүмкін екенін алға тартады.

«Бұған қоса, Қытай Қазақстанның ең маңызды экономикалық серіктес екенін түсіну керек. Сонымен қатар шағын және орта бизнес әлемдегі ең ірі экономикаға жақын орналасуымызды пайдалануы қажет. Бұрын Қазақстан мен Қытай шекаралас орналасқанымен, визалық шектеулерге байланысты еліміздің азаматтары аталған елге еркін кіре алмайтын. Бұл, әрине, отандық бизнестің бәсекеге қабілетіне кері әсерін тигізіп келді», деді Ә.Кәукенов.

Осы орайда айта кеткен жөн, былтыр Қазақстан тарапы Қытай бастаған бірқатар мемлекеттің азаматтарына 14 күнге визасыз ел аумағына кіруге рұқ­сат еткен еді. Алайда бұл біржақты ке­лі­­сім болғандықтан, отандастарымыз көршілес мемлекетке баруы үшін виза­ға құжат тапсырып, әуре-сарсаңға түсе­тін. Енді мұның бәріне нүкте қойы­лып отыр.

Шығыстанушы Олжас Бейсенбай медиаға берген сұхбатында бұл келісім ешқандай ережесіз, заңсыз жүре беру ке­рек дегенді білдірмейтінін алға тартады. «Бүкіл регламент нақты бекітіл­ген», дейді ол. Оның пайымдауынша, Ішкі істер министрлігі кімнің кіріп-шық­қанын нақты қадағалап отыруы қажет.

«Бұл құжатқа қарасақ, бәрі анық жа­­зы­лып тұр. Яғни екі ел азаматтары бір-біріне жұмыс істеу мақсатында, не ақылы қызмет көрсету үшін бара алмайды. Осы келісімнің 6 және 8-пункт­те­рінде қандай да бір қауіпсіздік жағ­да­йы, пандемия және ерекше ситуация болғанда бұл шешімді уақытша немесе ішінара тоқтата тұруға болады. Бұл екіжақты келісім арқылы жүзеге асады. Екіншіден, азаматтар шекарадан өтер кезде екінші тарап себебін түсіндірместен бас тартуға да құқылы. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік мәсе­ле­сіне нақты ден қойылған», дейді О.Бейсенбай.

Өткен жылы қытайлықтарға беріл­ген екі апталық визасыз режім өз нәти­жесін берген екен. Мәселен, «Kazakh Tourism» деректеріне сүйенсек, 2022 жылы елімізге келген қытайлық турис­терден түскен табыс 16 млн дол­ларға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есе көп. Сондай-ақ елге келген әрбір қытайлық турист шамамен 1 мың доллардан жұмсаған. Ал Қытайдың «People’s Daily Online» газеті өткен жылы қабылданған визасыз режім турис­терді қызықтыратынын алға тартады. Басылымның жазуынша, Қазақ­стан­ды туристік және транзиттік аймақ ретінде қарайтын қытайлықтар қатары көбейген.

Бірнеше жыл Қытайда білім алған блогер Ертай Нүсіпжановтың айтуынша, «Қытай қаптайды» деп үрейленуге негіз жоқ. Өйткені елге кімнің кіріп-шыққаны, уақыты базада көрініп тұр. Бақылау толықтай жасалған.

«Олардың да Қазақстанда қалуға құлқы жоқ. Ал заң бұзатындары бұ­рын­нан визалық шектеуге қарамас­тан бұзып жатыр. Қытайлар үлкен базар­ларда, қоймаларда отыр. Қала­ған уақытында кіріп-шығуды ақша­мен шешеді. Ал турист ретінде келетін­дер­ден экономикаға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Әлемде Қытаймен визасыз режім енгізген елдер аз емес. Біздің билік те солардың тәжірибесін пайдалануды көздейтіні анық. Өйткені Қытай туристерінің тұ­ты­ну потенциалы өте жоғары. Қытай нарқы әлемдік мықты брендтерге жабық болған соң халқы оларды шетелден алуға тырысады. Бұл тұрғыдан қарағанда, әрине, бізге тиімді. Сондай-ақ Қытаймен қандай да бір жоба жасағысы келген, саудамен айналысып жүрген біздің азаматтар үшін де бұл өте тиімді», дейді Е.Нүсіпжанов.

Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қытаймен визасыз режім орнатудан еш қауіп көр­мей­ді. Оның айтуынша, Қазақстан аза­маттарына, іскерлік қауымына қо­сым­ша пайда әкеледі.

«Қытай – әлемнің жетекші эконо­ми­касының бірі. Қазіргі таңда техно­логия, өндіріс тұрғысынан да, жалпы нарықтық экономика бағыты бойынша қарыштап дамып келеді. Ендеше, мұндай келісім бизнес жобалар, идеялар, екіжақты іс­кер­лік қатынасты өркен­детуге үлес қосады. Осы орайда, ви­за­сыз режім 30 күнге ғана бері­летінін ескерген жөн. Яғни туристік, іс­керлік бағытта ғана. Алайда ақылы жұмыс істеуге тыйым салынады. Алда-жалда Қытай азаматы Қазақстанда жұмыс істе­гі­сі келсе, еңбек визасына тапсыруға тиіс», дейді Қ.Майгелдинов.

Сарапшы сөзінің жаны бар. Мәселен, Қазақстанда 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәліметке сүйенсек, олардың 3 500-ге жуығы ғана Қытай азаматы. Сондай-ақ былтыр өткен жылы елімізге 17 425 адам көшіп келген, оның 416-сы ғана Қытайдан келген.

Стратегиялық зерттеулер институ­ты­ның бас сарапшысы Ә.Кәукенов визасыз режім халықаралық түрлі іс-шара, көрме, кездесу, конференция және басқа да форматтағы кездесулерді елде өткізуге жол ашады. Яғни шетел­дік кәсіпкерлер еш қиындықсыз Қазақ­стан­ға келе алады.

«Негізі, Қытай азаматтарына визасыз режім 2017 жылдан бері ен­гі­зілген. Бірақ визаны алып тастау қытайлық туристерді әлі толыққанды қызықтыра алмады. 2017 жылдан бері туристер ағыны көбейген жоқ. Қазақ­­стан­ға келген іссапарлар саны ғана артты. Сондықтан Қазақстанның туризм саласы көрші елден келетін қонақтарды қабыл алуға дайын болуға тиіс», дейді Ә.Кәукенов.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, келісімге қол қойылғанымен құжат бірден қолданысқа енбейді. Ол үшін әуелі «Миграциялық ақпараттың алмасуы туралы» заң жобасы даярланып, оны Парламент ратификациялау қажет.

«Геосаяси тұрғыдан алғанда, біздің бұл құжат үшін еш алаңдайтын ретіміз жоқ. Осы ретте ең қасиетті әрі қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз – тәуелсіздікті, егемендігімізді және аумақтық тұтастығымызды сақтауда Қы­тай басшылығынан кепілдік алдық. Си Цзиньпин мырза Астанаға ресми сапары кезінде «халықаралық конъюнк­тура қаншалықты өзгерсе де, біз Қазақ­станды өз тәуелсіздігін, еге­мен­ді­гін және аумақтық тұтас­ты­ты­ғын қорғауда берік қолдайтын боламыз» деп бүкіл әлем алдында жауапты түрде мәлімдеді. Бұл қазіргі кезеңде біз үшін үлкен қолдау мен саяси демеу екені сөзсіз.

Үлкен мәселе – туризм. Бұл аса маңызды сала. Бізде туризм енді ғана дамып келеді. Сондықтан туризмге де мүмкіндігінше жол ашуымыз керек. Оны түсінетін уақыт келді. Туризмнің ел экономикасына қандай пайдалы екенін бауырлас Түркия көрсетіп отыр. Аталған елдің экономикасына түсіп жатқан миллиардтаған қаржы туризмнен келеді. Ендеше, Қазақстанда да инфрақұрылымды біртіндеп дамыта береміз. Елімізде көрсетуге тұрарлық жерлер бар. Сондықтан туризмге де жағ­дай жасауымыз керек», дейді А.Құспан.

Расында, Қытай көрінген елмен визасыз режім енгізе бермейді. Әсіресе бір айлық мерзімге елде қалуға санаулы мемлекеттің азаматтарына ғана рұқсат еткен. Мәселен, шығыстағы көр­шіміз 30 күн бойы еркін жүріп-тұруына Біріккен Араб Әмірліктері, Ар­мения, Босния және Герцоговина, Сербия секілді елдерге, сонымен қатар бірқатар арал мемлекет азаматтарына рұқсат еткен.

Ал Жапония, Бруней және Сингапур тұрғындары тек 15 күн ғана визасыз ел аумағына кіре алады. Сонымен қатар 144 сағаттық визасыз транзиттік режім бар. Бұл тізімге әлемнің 51 мемлекеті енген. Негізінен Хайнань секілді турис­тік мекендерге келіп, үшінші елге өте­тін жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Жалпы, «Henley Passport Index» деп аталатын төлқұжат рейтингін сараптайтын орталық бар. Соның мәліметіне сүйенсек, жер-жаһанда паспорты ең мықты мемлекет – Сингапур саналады. Аталған елдің азаматтары 194 мем­лекетке емін-еркін кіре алады. Бұдан кейін Жапония (193 мемлекет), Гер­ма­ния (192), Италия (192), Оңтүстік Корея (192) және Испания (192) тұр. Қазақстан аталған тізімнің 66-сатысына жайғасқан. Ел азаматтары 76 мемлекетке визасыз не жеңілдетілген виза тәртібімен бара алады.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments