Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖол сапасына мән бермесе болмайды

Жол сапасына мән бермесе болмайды

Жуырда Алматы қаласының Ақжар ықшамауданында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалында филиал жанынан құрылған «Жолсапа» қоғамдық бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қарасай аудандық мəслихатының депутаттары Сунбеков Бекжан Батырбекұлы, Балажанова Айжан Талғатқызы, Жамбыл аудандық мəслихатының депутаты Жүнісов Айдын Серікұлы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тəртібіндегі мəселе бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының атқарып жатқан жұмыстары, қазіргі жолдардың сапасы мен басқа да өзекті мəселелер төңірегінде филиал директоры Жасұлан Махамбетұлы Керімқұлов қысқаша мəлімет берді. Ол өз сөзінде жол сапасына елеулі нұқсан келтіретін ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуынан келетін зиянға ерекше қынжылыс білдірді. Сондай-ақ, қоғамдағы кейбір бұзақылардың өрескел əрекеттері салдарынан жол белгілері жарамсыз қалыпқа түсетініне немесе мүлде жоғалып кететініне бірнеше мысал келтірді. Атап айтқанда, ауыл маңындағы жолда тұрған көрсеткіш белгілерді ұрлап алып, үйіне құрылыс материалы ретінде, сондай-ақ, қазанға қақпақ жасауға жарататынын, еріккен есерлердің жол белгілерін майыстырып, сындырып, құлатып кететін оқиғалары жиі кездесетінін айтты. Міне, осы сияқты басқа да кемшіліктердің алдын алу шараларына қоғам белсенділерін, халық қалаулыларын жəне бұқаралық ақпарат құралы өкілдерін атсалысуға шақырды.

Жасұлан Махамбетұлы аудандардағы мектеп бітіруші түлектер болашақта жол құрылысымен айналысуға ынта білдіріп, осы саладағы инженер мамандығын игеруге құлшыныс танытса, оларға өз мекемесі тарапынан белгілі дəрежеде көмек көрсетуге дайын екенін аудандық мəслихат депутаттарына құлаққағыс етті. Бұл жөнінде ол: «Қазір қай ауданға барсаңыз да жол саласы бойынша жауапты мамандар тапшы екенін байқаймыз. Жолды бақылауға алатын аудандағы мекемелердің көпшілігінде мұндай мамандар жоқ десе де болады. Бəлкім, содан болар, бізде жаңадан салынып жатқан кейбір жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұл тек аудандарда емес, бүкіл республикада олқы соғатын үлкен мəселе болып отыр. Біздің мамандық бойынша жылына ары кетсе 20 студент университетті бітіреді. Тіпті сол 20 маманның ішінен оншақтысы ғана өз саласы бойынша жұмыс істеп, қалғаны оңай ақша табудың жолына түсіп кетеді. Бізді қынжылтатыны да осы. Сондықтан мектепті бітіруші түлектерді біз жыл сайын жол құрылысы мамандығы бойынша оқуға түсуге шақырып, олардыңарасында түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Егер оқуға ниетті талапкерлер табылып жатса, оның студенттік оқу ақысын төлеп беруге де дайынбыз. Бірақ əлгі студент оқуын аяқтаған соң міндетті түрде осы саланың маманы болып жұмыс істеу керек деген шарт қоямыз.

«Жол мұраты – жету», дейді дана халқымыз. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздегі республикалық жəне жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді жəне бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Үкіметке, əкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырамын», – деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі өте орынды айтылды. Осыған орай біз аудандық мəслихат депутаттарын шақырып, БАҚ өкілдерімен бірлесіп қоғамдық кеңес құруды қолға алдық. Бұл кеңес құрамы алдағы уақытта кез келген жолдың сапасын тексеруге, жол салып жатқан мердігер компаниялардың жұмысын қадағалауға мүмкіндік алады. Осылайша біз еліміздегі жолдардың сапасын арттыруға күш салсақ деген ниеттеміз. Жақын күндері жолдың сапасын тексеру мақсатында жоспардан тыс рейдтерге шығып, тексеру жұмыстарын жүргізбекшіміз», – деп сөзін қорытындылап, қоғамдық кеңес мүшелерін біркісідей жұмыс істеуге шақырды. Отырыс барысында депутаттар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Жиын соңында аудандық мəслихат депутаттары аталмыш мекеменің зертхана жұмысымен, жылжымалы зертхана көлігі атқаратын жұмыстармен танысты.

Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments