Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарСенім мен сабақтастық салтанаты

Сенім мен сабақтастық салтанаты

  • Елордада елі­міздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIX сессиясы өтті. Жиынға Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

  • Татулықтың қазақстандық моделі қалыптасты

«Биыл – Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдық мерейтойы. 1991 жыл еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тари­хи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағды­ры үшін жауапкершілік алу уа­қыты. Соның барлығын өзіміз ба­сымыздан кешіріп, көзіміз­бен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпкон­фессиялы халқымыз еліміз­дегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады.

Осы уақытқа дейін жүріп өткен жол мен ұлттық дамуға қатысты стратегиялық формуланың дұрыс­тығы мен тиімділігін сенім­мен айта аламыз. Бұл ең алдымен мемлекеттілік құрылысы үшін барынша қолайлы жағдай жа­сауға мүмкіндік берді және қазір­гі заманғы Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыруға қуатты ресурспен қамтамасыз етті.

Осы ретте басты камертон қыз­метін «Бiз, ортақ тарихи тағ­дыр бiрiктiрген Қазақстан хал­қы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбу­ласы атқара алады. Бұл сөйлем өте маңызды. Сондықтан Конс­титуцияны жазу барысында оған ерекше мән берген едім. Ата заң ұлтына, сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отан­дасымыздың ортақ мүддесін білді­реді. Конституциямыздың 11-бабы мем­ле­кетіміздегі бір­лікті, бейбітшілік пен келі­сімді бекі­теді, қорғайды және ны­ғай­тады. Елі­мізде тіліне, дініне, ұлтына бай­ла­нысты белгілер бойынша қан­дайда бір кемсітушіліке тыйым салынады», деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Елбасы қазіргі таңда қазақ халқы по­лиэтникалық қоғам­ды шоғырландыратын инте­гра­циялық процестердің арқауын қалыптастырғанын жеткіз­ді. Осылайша, еліміздегі этнос­тардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағ­дай жасалды. Соның аясында қазақ­стан­дықтар ортақ мақсат пен ор­тақ ұм­тылыстың төңірегіне топ­тасты.

Сондай-ақ Елбасы этнос­аралық және конфессияаралық тату­лықтың Қазақстан қалыптас­тырған моделі бүгінде әлем елде­ріне үлгі екенін атап өтті. Елі­міздің экономикалық-әлеуметтік дамуындағы, халықтың әл-ауқа­тын арттыру бағытындағы же­тістіктерге тоқталды.

«Еліміз әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуда, халықтың әл-ауқатының артуында айтар­лық­тай жетістіктерге жетті. На­рық­­тық экономика басынан бас­тап құрылды. Түбегейлі рефор­малар табысты жүргізілді. Осының арқасында Қазақстан қазір әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің және орташа табысы жоғары елдер қатарына қосылып отыр.

Тәуелсіздік жылдары ха­лықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейі 13 есе көтерілді. Бұл – ортақ жұ­мы­сымыздың жемісі. Ішкі жалпы өнім көлемі 10 есе көбейді. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін, 1991-1992 жылдары елімізде 1500 өн­діріс тоқтап қалды. Жұмыссыз қал­ғандар саны 2 миллионға жетті. Хал­қымыздың 47,5 пайызы кедей­лік шегінен төмен деңгейде өмір сүрді. Бүгін осы көрсеткіш – 10 пайыз. Жұмыссыздық 3 есе тө­мендеді. Осы уақыт аралы­ғын­да халық саны 2,5 миллион адамға артты.

Кеңес Одағы құлағанда адамдар не істерін білмеді. Қазақ жеріне басқа республикалардан келгендер арасында біреуі кеткісі келді, енді бірі қалғысы келді. Біз ешкімге кедергі жасаған жоқпыз, еркіндік бердік. Қазақстанды үш миллионға жуық адам тастап кетті. Сол уақытта ел халқы 14 миллионға дейін азайды. Бүгінде Қазақстан халқы 19 миллионға жақындап қалды.

Мен 2025 жылға қарай ел хал­қының саны 20 миллионға жетуі керек деген міндет қойдым. Өмір сүру жасының ұзақтығы 67,7 жас­тан 73,5 жасқа дейін ұлғайды. Халықтың табысы тоғыз есе өсті», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент келтірген деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елімізге 365 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылған. Сондай-ақ 90 миллиард долларға жуық халықаралық резерв жиналды.

Бұдан бөлек, егемендік алға­лы бері 13 мың шақырым авто жол мен 2,5 мың шақырым темір жол салын­ды. Осылайша, Қазақстан Еуро­па мен Азияны жалғаған алтын көпірге айналды. Ақтау мен Құрықта салынған порттар бүгін­де транзиттік хаб ретінде қолданылады. Енді Азиядан шыққан тауар Еуропаға екі аптада жетеді. Келешекте осы транзиттік хаб арқылы жылына 5 миллиард доллар пайда табуға мүмкіндік бар.

«Қазақстан – жаһандық халықтар отба­сының беделді һәм сенімді серіктесі. Біз­дің туымыз БҰҰ-ның штаб-пәтерінде көкке желбіреп тұр. Өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды халықаралық аренада ілгерілете береміз. Қа­зақстанның мемлекеттік шекарасы заңды түрде бекітілді және бүкіл әлем елдері мойындады.

Ядролық қаруды таратпау мен жою жөніндегі көшбасшылығымыз халық­аралық қоғамдастыққа жаңа өнегелі стандарт саналады. Бізді ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы ел деп санайды. Атап айтқанда, басқа елдермен бірлесе отырып, интеграциялық жобаларға баста­ма­шылық етіп, жүзеге асырдық. Яғни ЕАЭО, АӨСШК, Түркітілдес мемле­кет­тердің ын­­тымақтастық кеңесі, Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді жобалар қамтылды.

Көпвекторлы сыртқы саясат бізді ынтымақтастық пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшіл ұлт ретінде көрсетті. Бізге әлем елдері сеніммен қарайды, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен келіспеушіліктер кезінде табыстырушы, бітімгер болуға шақырады. Қазақстан мен елордамыз бітімгерлік алаңы саналады.

Тәуелсіздік біз үшін әділдік кезеңі еді. Қазақ халқы өз тағдырын өзі шешу арқылы ұлттық рухы мен ұлы тарихын қайта оятты. Біз Ұлы даланың өте құнды мәдени мұрасын әлемге танытып, қалпына келтірдік. Бұл бүкіл адамзат иігіліне берілді. Мұның бәрі дәуірлік маңызы бар оқиға.

2018 жылы Шымкент қаласының тұрғындары миллионнан асқандықтан, шаһарды республикалық маңызы бар қала деп жариялау туралы Жарлық шығардым. Түркістан облысы бөлініп шығып, Түркістан қаласы облыс орталығы болды. Содан бергі өткен 2,5 жыл ішінде мүлдем жаңа қала салынды. Бұл да еліміздің үлкен мүмкіндігінің дәлелі. Таяуда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани орталығы болып жарияланды», деді Елбасы.

 

Ұлттық тұтастықтың арқауы

Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде саяси қуғын-сүргіннен зардап шегіп, аштыққа ұшырағандарға да тоқталды. Тарихымыздағы осы қайғылы кезеңде қудаланып, шетелге ауған халықтың тәуелсіздік алғаннан кейін өз Отанына оралғанын атап өтті.

«Қазіргі кезде Қазақстан жаңа жауап­кер­шілікті кезеңге аяқ басып отыр. Бұл сәт пандемия, жаһандық экономикада дағдарыстық құбылыстардың күшеюі, алдыңғы қатарлы әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің ушығуы кезеңімен сәйкес келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайда елі­міздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған, сындарлы сая­сатты жүргізуді жалғастырып келе жат­қанына сенімдімін. Сондықтан біз осы қадамдарды қолдауымыз керек. Бұл саясат барша қазақстандықтардың мүд­де­сіне және ұлтымыздың әрі қарай дамуы мақсатында қызмет етеді», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ал­дағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлт­тық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Олар: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

«Біріншісі, қазақстандық патриотизм. Бұл қағидат мемлекет пен азаматтар ара­сын­дағы өзара сенімге негізделуге тиіс. Сон­дықтан азаматтық патриотизм жеке адам­дар, қоғамдық бірлестіктер мен аза­мат­тық қоғам институттары арасындағы өза­­ра әрекеттесу, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару шеңберінде күшейтілуі керек.

Екінші, азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты. Бұл барлық азаматтың мүмкіндігінің теңдігіне де, заң алдында бәрінің теңдігіне де негізделуі керек. Осы міндетті жүзеге асыру құралы ретінде «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» формуласын қолдану қажет.

Егер тәртіп болса, заң жұмыс істейді. Заң жұмыс істесе, елде тәртіп орнайды. Заң­­мен қамтамасыз ету – мемлекеттің мінде­ті. Заңға бағыну – қоғамның жауап­кер­шілігі.

Үшіншісі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі. Қазіргі таңда қазақ халқы елімізде 70 пайызға жетіп отыр. Бұл процесс – барша әлемде табиғи құбылыс. Сондықтан қазақ тілін түсініп, меңгеруге деген талпыныс­ты қолдап, барлық жерде ынталандыруымыз керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағытта елеулі рөл атқарып келе жатыр. Бұл бағыттағы талпынысты байқап отырмыз. Қаншама жастар Ассамблея атынан өмірге жолдама алды. Ассамблея айналасындағы жұмыс барысында мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік жасалды. Қазіргі кезде бұл адамдар жауапты қызметтерде жүр, бірнеше тілде емін-еркін сөйлей алады», деді Елбасы.

«Ассамблея алдағы жұмыс стратегия­сын айқындағанда осы қағидаттарды негізге алуы керек. Сондай-ақ қоғамдық дамудың пәрменді институты ретінде жаңа жағдайға орай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау қажет. Ассамблея институттары еліміз­дегі этносаралық келісімге нұқсан кел­тіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуға тиіс», деді Тұңғыш Президент.

Елбасы сондай-ақ барлық этно­әлеу­меттік топтардың біртұтас Қазақстан қоғамы болып жүйелі бірігуін жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

«Осы жылдар ішінде мен әрдайым халықтың татулығын, бақуатты әрі үйле­сімді өмірін, еліміздің қауіпсіздігін, тұрақ­тылық пен тыныштықты басты орынға қойдым. Соғыс, діни және этносаралық қақтығыстар халқымыздың тыныш өміріне қауіп төндірмеуін, біздің байтақ Отанымыз бейбітшіліктің құтты мекені болғанын қаладым. Бүгінде сол арманым орындалды. Оған 1995 жылы менің бастамаммен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі қомақты», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы халқымыздың бақуатты өмір сүріп, еңбек етіп, болашағын құрып жатқаны татулық пен келісімнің арқасы екенін атап өтті.

«Ең бастысы – жеткен жетістік­тері­мізді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек. Баршамыз бүкіл қоғамның мүддесі жолында жұмыла білсек қана елі­міздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтап қаламыз. Біз Қазақстан қоғамының сыртқы күштердің әсерінен шайқалуына жол бермеуіміз керек», деді Тұңғыш Президент.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассам­блеяның барша мүшесіне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көр­сеткені үшін алғыс айтты.

«Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы туралы» Конс­титуциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны бас­қа­рудың бірқатар өкілеттері ел Пре­зи­дентінің құзырында. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Мемлекет басшы­сының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясын басқару құқы­ғын Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл ше­шім Ассамблеяның мүддесіне сай ке­ліп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­қа барлық жұмысты, сондай-ақ хал­қы­мыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы – Құрметті Төраға

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс екенін атап өтіп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға уәде берді.

– Ең алдымен, сенімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамын. Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат. Сондықтан осы міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосудағы еңбегіне, еліміздегі этностардың жарасымды татулығына тоқталып өтті.

–  Сіз тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосу үшін, ең алдымен, ауызбіршілік, татулық аса қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл – көне заманнан келе жатқан ақиқат, қазіргі ұрпаққа да қажетті құн­дылық. Табысты реформаларыңыздың мыз­ғымас тұғыры – халқымыздың бірлігі. Ал еліміздің бірегейлігі – әр алуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы. Сіз «Қазақстан жолы» тұжырымдамасын бүкіл әлемге паш еттіңіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дара жолын дүние жүзі мойындайды және жоғары бағалайды. Жаһан жұртшылығы Сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді. Сіздің парасатты басшылығыңызбен қол жеткізген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан елдік жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатыны сөзсіз. Халқымыздың тату-тәтті тіршілігі – Сіздің салиқалы  саясатыңыздың арқасы. Осы дәстүрді сақтап, елімізді одан әрі өркендету қашанда маңызды. Осыған орай, мемлекеттік саясаттың сабақтастығы айрықша маңызға ие. Бұл Қазақстанның болашағы үшін керек екені айдан анық,– деп атап өтті Президент.

Ассамблеяның түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан әлемде баламасы жоқ бірегей ұйым екенін баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде Қазақстан үлгісін қолдана бастаған мемлекеттердің барын айтты.

– Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ете­тін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келі­сімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз,– деді Мемлекет басшысы.

Ол сондай-ақ көз ілеспес жылдам­дық­пен өзгеріп жатқан әлемде ұйым алдында жаңа міндеттердің тұрғанын атап өтті.

– Әсіресе коронавирус дерті қыс­паққа алған қазіргі күрделі кезеңде хал­қы­мыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндет­тер тұр. Татулық пен келісім саясатын лайық­ты жалғастырып, дамыта түсу – барша­мыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгінгідей алмағайып заманда кез келген сы­наққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым  бекем болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық әлем қарқынды түрде өзгеріске ұшырап, теңдессіз трансформация кезеңіне тап болды. Саясат пен экономикада, қоғамдық өмір мен технологиялық дамуда мүлдем жаңа шынайылық туындап келеді. Жер шарының түрлі өңірінде діни алауыздық ушығып, ксенофобиялық көңіл күй байқалып отыр. Бұл сын-тегеуіріндер мемлекеттің әл-ауқаты үшін әсіресе коронавирустың жаппай таралуы кезінде өте қауіпті болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан бе­ріктіктің айқын қорына иелік етіп отыр­ғанын алға тартты. «Бұл – халықтың келісімі мен бірлігі, бұл – экономикалық әлеуетіміз. Елбасы қалыптастырған қар­­жы­лық мүмкіндіктерге, қаржылық әле­ует­ке арқа сүйей отырып, Үкімет тұрғын­дардың көп бөлігіне, атап айтқанда 4,5 мил­­лионнан астам адамға теңдессіз кө­мек көрсете алды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшесі бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығында Ассамблея халықтың талап-тілек­терін орындауға бағытталған нақты жоба­ларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі міндет екендігін баса айтты. «Бар­шамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс. Біз бәріміз бір­лік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз», деді Президент.

Жетістіктер желісі

Сессияда сөз алған Ассамблея мүше­лері ұйымның елдегі ынтымақ пен тату­лықты орнатудағы рөлі туралы ой қосып, алдағы міндеттер туралы пікірлерін ортаға салды.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қоныс аударған «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы тілшісі Заңғар Санай қандастардың қоғамға бейімделуі мен интеграциясын жеделдету туралы ойын айтып, ұлы көштің тоқтамауын тіледі.

– Мен атажұртқа келгенде он жастағы ойын баласы едім. Осы іргесі нық, егемен елде еш алаңсыз еркін өсіп, ержеттім. «Нұрлы көшпен» елдіктің елеулі 30 жылында бір миллионнан астам адам атамекенге оралды. Әлбетте әр қандас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем» деген кемел оймен келді. Қазақта «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, Қызыр оның талпынысын күтеді» деген нақыл сөз бар. Яки біздің қолымыздан келген істі, өзге де қандастар ілгерілете алады. Сондықтан  сырттағы қазақтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырамын, – деді ол.

Пандемия кезінде медицина саласына түскен ауыртпалық пен індетпен күресті еске алған Павлодар облысының тұрғыны, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Инна Гловацкая отандастарын барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, вакцина салдыруға шақырды.

– Бізге, дәрігерлерге, науқастың ұлты, тілі, діні маңызды емес. Біз үшін ең бас­тысы – оның өмірін сақтау. Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін, жекелеген дәрігерлердің қателіктерін көрсететін сыни пікірлерді естіп жатамыз. Тәжірибелі дәрігер ретінде Қазақстанның пандемиямен лайықты күресіп жатқанын нақты білемін. Сондай-ақ ғалымдарымыздың отан­дық вакцинаға қол жеткізгенін мақтан тұтамын. Отандастарымды қауіп­сіз­дік шараларын сақтап, вакцина алу ар­қылы бізге, дәрігерлерге, қолұшын созуға үндегім келеді, – деді Инна Гло­вацкая.

Алматы облысы «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Аладин Мұс­­тафаев өз сөзінде тәуелсіздік ұғы­мы­ның баға жетпес байлық екенін баса айтты.

– Біз, қазақстандық күрдтер, туған еліміздің Тәуелсіздік мерейтойын ерекше сезіммен қарсы аламыз. Тарих шешкендей, күрд ұлтының өзінің тәуелсіз мемлекеті жоқ. Біз жалғыз Отанымызға айналған егеменді мемлекетте өмір сүру мен өсіп-өнудің ұлы бақыт екенін ерекше сезінеміз. Бұл тарихи белесті еңсерген ұлы мерекеде қазақ халқының қуанышы мен мақтанышын шын жүректен бөлісеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір азаматтың тағдырында үлкен және баға жетпес рөл атқарды. Ол бізді қазақ халқының айналасына топтастырып, бізді біртұтас ұлтқа айналдырды, – деп атап өтті А.Мұстафаев.

«Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық қорының атқарушы директоры, кәсіпкер Олжас Сүлейменов ауылдың қарапайым баласының шетелде оқып, туған жерінде жеткен жетістігін ортаға салды.

–  Қазақта «Алмас қылыш қын тү­бін­де жатпайды» деген жақсы сөз бар. Біздің елде талпынған, еңбектенген адамға жетістікке жетуге болатынына мен толықтай сенімдімін. Оған дәлел ретінде қарапайым жетістіктеріммен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Еліміздің арқасында ауыл баласының Қытай Халық Республикасындағы ең мықты университеттердің бірінде білім алсам деген арманы орындалды. Шетелде оқып жүрген кезімізде бізге қарап елді сынайтын болғандықтан, 10 мыңнан астам студенттің басын біріктіретін Қазақстан студенттер қауымдастығын құрдық және де Шанхайдың төрінен «Қазақстан мәдениет орталығын» аштық, – деді Олжас Сүлейменов. 

Ол сондай-ақ БҰҰ ұйымдастырған «Көп Тілдер, Бір Әлем» шығармалар сайысына қатысып, іргелі ұйымның мінберінде қазақ тілінде сөз сөйлегенін еске алды. 

– Тоғыз жыл Аспанасты елінде тұрып, оқуымды аман-есен тәмамдап, «Елімді қандай жаңалықпен қуантып, таңғалдырсам» деген ойда жүргенде БҰҰ ұйымдастырған  «Көп Тілдер, Бір Әлем» шығармалар сайысына қатыстым. 130 мемлекеттен 23 мыңнан астам үміткер қатысқан додада жеңіске жеттім. Нәтижесінде, маған 2015 жылы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ-ның мінберінен сөз сөйлеу мәртебесі бұйырды. БҰҰ-да еліміз ядролық қарудан бас тартқаны үшін ерекше құрметке ие екеніне көзім жетті. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден үлгі алып, биік мінберден сөзімді ана тілімде бастап, әлемге қазақ тілін тағы бір естірттім, – деді жас кәсіпкер.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясының мінберінен Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Кайрыев, армян ұлтының өкілі альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Әуезова, неміс этносының өкілі, Қазақстан темір жол жүк тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Евгений Больгерт, «Үміт» балалар үйінің көркемдік жетекшісі Евгений Выблов, өнер саласының өкілі Әлібек Әлмәдиев сөз сөйледі.

Ассамблея сессия соңында халыққа Үндеу қабылдап, тәуелсіздікті, елдегі тату­лық пен келісімді күшейтуде Елбасы­ның бастамасымен құрылған, қызметі айрықша Қазақстан халқы Ассам­блея­сының алдағы міндетін айшықтады.

Сессия жұмысына өңірлер әкімдері – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалала­р­ындағы және облыстардағы ҚХА құры­лымдарының төрағалары, орталық мем­лекеттік органдар басшылары, Пар­ламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, аймақтық және республикалық этномәдени бір­лестіктердің төрағалары, саяси партия­лар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, ғылыми, шы­ғар­машылық интеллигенция өкілдері – барлығы 550-ден астам адам қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIX сессиясының үндеуі

 

Құрметті отандастар!

30 жыл бұрын тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бас­тап  халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады.

Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды.

«Қазақстандық жол» – патриотизм жолы, тұрақтылық пен халық игілігіне бағытталған реформалар жолы ретінде әлемге танымал болды. Нәтижесінде, Қазақстан бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар, заманауи мемлекеттік құрылымы және дамыған азаматтық қоғамы бар, әлем мойындаған – қалыптасқан мемлекетке айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында тәуелсіздік жылдары елімізде барша азаматтар құқықтарының шынайы теңдігі қамтамасыз етілді. Олардың әлеуметтік, этностық және діни ерекшелігіне қарамастан, болашағы біртұтас ұлт қалыптасты және ол жылдан-жылға нығайып келеді.

Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша. 

Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді.

Ассамблея азаматтық қоғамның тиімді институтына айналды, конституциялық мәртебеге ие болды және елдің жоғарғы заң шығарушы органына депутаттар сайлау құқығын алды.

Ассамблея сессияларында ел тұтастығын сақтауда тарихи маңызы зор Ел бірлігі доктринасы, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сынды стратегиялық және бағдарламалық құжаттар бүкілхалықтық қолдауға ие болды.

Бүгінгі таңда Ассамблея жалпыұлттық топтастырушы фактор және этносаралық қатынас құралы ретінде мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруда.

Ассамблея қызметінің арқасында еліміздің этностық және мәдени сан алуандығы дамудың және реформалардың маңызды факторына айналды.

Біз Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша атап өтеміз.

Ассамблея – барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға шақырады.

Біз, тәуелсіздік пен бірлікті нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізетінімізге нық сенім білдіреміз!

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы

2021 жылғы 28 сәуір

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments