Ұлы жырау, жыршы, ақын Жамбылдың өнерін халыққа кең насихаттауда, танытуда, бағалауда әдебиетіміздің алыптарының үлкен үлес қосқанын байқаймыз. Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әбділда Тәжібаевтың және басқа да қазақ жазба әдебиеті өкілдерінің Жамбыл туралы ой-толғаныстары, мақалалары, естеліктері суырып-салма ақындық дәстүрге, айтыс өнерінің тарланына, жыршылық, жыраулық өнердің майталманына деген ерекше құрметті байқатады.
Сәкен Сейфуллин 1927 жылдан бастап Жамбылмен бірнеше рет кездескен. Өз үйіне шақырып алып та жырларын тыңдаған. «Жабай батыр» дастанын, Құлмамбетпен айтысын жазып алып, әдебиет оқулығына қосқан. С.Сейфуллиннің «Көптомдық шығармалар жинағының» 6-томына жазған алғы сөзінде профессор Тұрсынбек Кәкішев Сәкенге қатысты: «Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қарақожа, Мұсайып, т.б. өнер қайраткерлерінің мұраларын ел аралап жүріп жазып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кездесіп, Жетісуға аты мәшћүр өзге жыршылардың сөздеріне назар аударған» – дейді. «Жамбылдың жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деген Сәкен Сейфуллиннің бағалауынан өз замандастарына үлкен міндет жүктеушілік аңғарылады. Өйткені, Жамбылдың тоқсан жасына дейін ауызша шығарған өлеңдері, айтыстары, толғаулары қағаз бетіне түспеген, тек өмірінің соңғы он жылында ғана жадындағы жырларын жаңғырта жырлап, жаңадан шығарғаны бар, заманға үн қосқаны бар мол рухани мұра қалдырған. Жамбылдың жыр селі ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы қазақ зиялыларына «өшкен жанып, өлген тірілгендей» әсер еткені байқалады. Темірбек Жүргенов, Ораз Исаевтар 1934 жылы қазақ халық таланттарының слетінен кейін Жамбылдың жарқыраған жұлдызына айрықша назар аудара бастаған.
Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Жамбылды Ұзынағаштан Алматыға алып келіп, өз үйінде бірнеше күн қонақ қылады. Сол жолы Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты Жамбылмен үйінде жүздестіріп, таныстырады. «Осындай еді ағалар» атты естелігінде ол былай деп жазады:
«– Е, Құнанбай елінен екенсің ғой, – деп Жәкең Мұхтарға бір қарап қойды.
– Абай еліненмін.
– Абайды да білемін. Ол оның өлеңші баласы емес пе?.. Біздің жақ дуан басы әжі Құнанбайды жақсы білген. Өзі қырғыздың Шәбдені секілді болса керек қой…
– Ал мен Сарыарқаданмын. Біржан, Ақан, Балуан Шолақтардың жеріненмін, – деп Сәбит дауыстады.
– Болсаң боларсың, – деді Жәкең Сәбитке кеудесімен бұрылып, – өзің де Балуан Шолаққа келеді екенсің…
Бәріміз де қарқылдап сүйсіне күліп қалдық».
Осы жолығысуда Мұхтар Әуезов өзі бастап Жамбылдың бірнеше сағатқа созылған жыр нөсеріндегі жылт-жылт ой, образ маржандарын қағазға түсіріп алып отырады. Сәбит Мұқанов та Әбділдаға «жаз, жазып ал!» деумен болады.
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің халық ақынын, ұлы жырауды танып, бағалауы өз алдына, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан Сатыбалдиндер кезекпе-кезек Жамбыл үйінде хатшылық қызмет атқарған екен. Жәкеңнің шабыт қысқанда шашып тастайтын жыр шумақтарын қалтқысыз қағазға түсіріп отырған.
Ә.Тәжібаев өзінің естелігінде Мұхтар да, Сәбит те Жамбылдың суырып-салма айтқыштық өнеріне тәнті бола түскісі келіп, тақырыптар ұсынып, тарихқа, өткенге баға бергізіп, біраз сынап та көргендерін жазады.
Жамбылдың тоқтаусыз төккен жыр жаңбырын тыңдай отырып: «Жәкең осындай екен-ау… Ақын емес, топан ғой шалың!», – деп мұндай тұста Сәбит қиқуға басып-басып жібереді. – Мінеки, – деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, – импровизатордың шеберлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пайдаланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, халық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па?! Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген… – Бұл – жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сыятын болу керек…».
Бұл – Жамбылды Мәскеудегі Қазақ көркем-өнерінің онкүндігіне апарар алдындағы сынақта берілген баға! Кейін Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында: «Онкүндік зор абыроймен аяқталды. Күләш Байсейітоваға «СССР халық артисткасы» деген атақ берілді. Қазақтың бірнеше артистері мен артисткаларының кеуделеріне ордендер тағылды. Қазақ көркем әдебиетінің өкілдерінен екі адамға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді: ауыз әдебиетінің биігі – Жамбыл Жабаевқа, жазба әдебиетінің биігі – Сәкен Сейфуллинге» – деп жазды.
Жамбыл жырының Қарақастектен қалықтап шығып, Алатаудың мұзарт шыңдарын айнала ұшып, Мәскеу асып, одан әрі әлем халықтарының игілігіне айналуы осылай басталған еді. Сонда Жамбыл жырының жанашырлары болып алдыңғы лекте қазақ әдебиетінің классиктері жүргені қандай ғанибет!
1938 жылы Мұхтар Әуезовтің «Жамбыл және халық ақындары» атты мақаласы әуелі орыс тілінде «Казахстанская правда» газетінде жарық көреді, кейін қазақ тіліне аударылып басылады. Жалпы, қазақ халқының ұшан-теңіз фольклорлық бай мұрасынан сусындап өскен, кейін еуропалық білім деңгейінен көрінген М.Әуезов Жамбылды қазақ халық поэзиясының, ғасырлар бойы інжу-маржандарын бойына жинаған фольклорлық әдебиеттің теңдессіз өкілі деп таниды. Ұлы Абайды зерттеп, қазақ жазба поэзиясының ХІХ ғасырдағы ғұлама ақынын сан қырынан ашқан Әуезов, енді ұлы Жамбылдың эпостық тұлға-жаратылысын тануда, ХХ ғасырдағы қазақтың соңғы жырауын жұртшылыққа таныстыруда да көрегендік байқатады. Ол: «Жамбыл творчествосының негізгі мотивтері мен идеялық, тарихи тамырлары тікелей оның алдында өткен Махамбет, Сүйінбай, т.б. поэзиясында ғана жатқан жоқ, әлдеқайда тереңде – сан халықтың әрі сан ғасырлық көне заманғы эпосында, тарихи жырларында, аңыздары мен әңгіме, хикая-мұраларында жатыр» – деп тұжырымдайды. Әлем халықтарының фольклорындағы сияқты халықтың арман-аңсарын арқалау, болашаққа үміт-сенімін ояту – Жамбыл жырларының да негізгі тіні, өзегі болғандығын, сонымен бірге ол өзі өмір сүрген ортада, қоғамда да халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтағанын, озбырлық, қиянат атаулыға өлең сөзбен қырғидай тигенін, елдің қамын ойлаған ерлерін, батырларын әспеттеп жырға қосқанын, дастандар жазғанын айтады. «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қайрат,білімді тең ұстаған, Қарсы келер Абайдың кім бетіне!» – деп ұлылықты танып, тағзым жасағанына да куә боламыз.
Сәбит Мұқанов 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдығына арнап шығарылған толық жинағына алғысөз жазып, мақаласын «Ұлылық сыры» деп атайды. Кейін бұл мақала толықтырылып «Жамбыл Жабаев» деген атпен әдеби портреттер жүйесінде жазушының он алты томдық таңдамалы шығармалар жинағында жарияланды. Жамбыл Жабаевтың өмірбаяндық әрі шығармашылық жолын неғұрлым мол қамтыған бұл мақала өзінің құндылығын жоймайтынына уақыт төреші көз жеткізе түсуде. Осыдан он жыл бұрын ұлы жыраудың туғанына 165 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар Жамбылдың Ұзынағаштағы музей-үйінен бастау алған болатын. Мәдениет үйінде мерекелік жиын болды. Оған бір топ қаламгер қатыстық. Осы мерейтой қонақтарына Жамбылдың 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы сыйға таратылды. Алғы сөзіне «Кемеңгер ақын» деген атпен С.Мұқановтың жоғарыда аталған мақаласы берілген. Қос томдықтың құрастырушысы профессор Сұлтанғали Садырбаев еді.
С.Мұқанов өзінің портреттік мақаласында Жамбылды қазақ жыршылық, жыраулық мектебінің ХХ ғасырдағы ірі өкілі деп танып, осы ойын былай да аңғартады: «Жәкең әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көпшілікке ескерте кететін нәрсе: Жәкең де, сөзді өлеңмен сөйлейтін өзге ақындар да ешуақытта өлеңдерін жинау немесе сақтау мақсатымен айтпайды, олар кезегі келген жерде өлеңмен сөйлеп қалады да, сол өлең сөзді тыңдаушылардан ұғып тарататындар болмаса, ақынның өзі айтқан өлең-сөзін есіне сақтауға тырыспайды, қайталап айтпайды. Сондықтан да қазақтың я болмаса басқа елдердің халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арналған ұзақ желілі жырлары, я ұзақ көлемді айтыстары болмаса, қысқа тақырыпқа арнаған жырларының жүзден тоқсан тоғызы ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ ақындарын айтпағанда, ХІХ ғасырда аттары мәлім қазақ ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана білетіндігіміз осыдан».
1846 жылы туып, 1945 жылы дүниеден озған Жамбылдың ғасырлық ғұмырының 85 жылы ақындықпен өткеніне назар аударта отырып, С.Мұқанов оның өмірінің соңғы он жылында ғана жырларын қағазға түсіріп алу ісі жедел қолға алынғанын, осының нәтижесінде қыруар жыр-дастандары халық игілігіне жаратылғанын тілге тиек етеді. С.Мұқанов Жамбыл туралы мақалаларындағы ой-пікірлерін «ауыз әдебиетінің биігі», «халық ақыны», «сөзді өлеңмен сөйлейтін адам» деген анықтама атаумен айқындап отыратынын байқаймыз. Жамбыл мен С.Мұқанов арасындағы қарым-қатынасты жазып отырғанда мына бір дерек ойға орала берді. Негізі, С.Мұқановқа қатысты бұл деректі келтіруші – Есенкелді Жақыпов, оны жазып алған – Герольд Бельгер. Біз енді соған назар аудартайық: «…Әбден қартайып, тозған Жамбыл бір күні қатты ауырып қалады. Шалды үйтіп-бүйтіп емханаға жеткізеді. Есі кіресілі-шығасылы. Көңілін сұрап Сәбең барады. Барса, шалдың жағдайы өте нашар. Әзер сөйлейді. «Сәбит, – дейді шал, – кетіп барам. Демім таусылды. Сен менің жаназамды шығар». Не істеу керек? Совет заманы. Сәбит болса қызылдың қызылы. Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге келген шал Кеңес өкіметін қайтсын?! Сәбең дереу дәрігер мен медбикені шығарып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің қасына отыра қалып, аят оқи бастайды ғой. Жәкең тыңдап жатып, жүріп кетіпті…
Міне, ерлік, азаматтық, адамгершілік деп осыны айт. Мұндай Сәбеңді кім білген, кім көрген?! Естелік жазсаң, осындай жұрт естімеген мәліметтерді көрсетіп, тізіп, адамның рухын көтерер дерек келтір. Солай емес пе? Әлде, менікі дұрыс емес пе?» – депті Есенкелді Жақыпов.
1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс жылдарында қысқа мерзімдік сапармен туған жеріне келіп қайтқан қазақтың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлын «Жәкеңнің батасын алыңдар!» – деп Сәбең кезекпе-кезек Жамбылға ертіп барады. Бұл жөнінде Сәбең де жазды, Мәлік пен Бауыржан да өз естеліктерінде тартымды тоқталған. Жәкең қазақтың атақты ақындарын, жазушыларын, батырларын бір көргенде сынай қарап, дәл баға беріп отырғаны да қайран қалдырады.
«Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды… Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты…
Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы он жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен. Сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіресе тоқсан жас пен жүздің арасындағы он жылда ақындық дарынның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі дүниежүзілік даналардың өмірінен де кездескен емес». Бұл – қазақтың сөз зергері, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл туралы жазылған «Феномен – Феникс» атты мақаласынан алынған үзінді. Онда ұлы жыраудың жүз жыл жасаған ұзақ ғұмырына таңғалудан гөрі, жүз жылдың соңғы он жылындағы бұрқырап көзі ашылған жыр дариясына таңырқау басым. Бұл мақаласында Ғабең Жамбыл Жабаевтың ғұмырбаяндық қырына аз тоқталады, ішкі жан дүниесіндегі ғаламат буырқанудың сырын ашуға ұмтылады: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын. Әлденені түсіндіре бастасаң «Мен бір алжуға айналған шал деп отырсың-ау!» дегісі келгендей, мұрт астынан миығы жымия бастағанын сезуші едің. Айта бастағаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таңғалатынсың», – дейді ол.
Кейде ойлайсың, таңырқап отырып та талай сырды ашуға болады екен-ау деп. Ғабең жазады: «Таңғаларлық бір нәрсе – өзімен тұстас ақындардың бәрінде азырақ торығу болса, Жәкеңде ол жоқ. Түн артында Күн барына шектенген емес…». Осының бәрін жаңа дәуірде қайта туған ақынның өзіндік ерекше болмысы деп ұғындырады. 1953 жылы Н.Погодин мен Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша режиссер Ефим Дзиган «Жамбыл» кинокартинасын түсіреді. Басты рөлде – Шәкен Айманов. Осы фильм туралы Ғабит Мүсірепов талдап рецензия жазады. Кинокартинаның жетістіктерімен қоса, көптеген кемшілік тұстарын бақайшағына дейін шағып, талдайды. Ғабеңді толғандырған киноның түсірілуі ғана емес, Жамбыл образының қай деңгейде шыққандығы. Бұл ретте де Ғ.Мүсіреповті халықтық ақынның ғажайып ғұмырнамасы бейжай қалдырмағанын байқаймыз.
«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым!» деп айту үшін адамның бойында қаншама қайрат пен күш, рух пен жігер, өрлік пен ерлік, ұлттық намыс буырқанып жатуы керек десеңізші! Жамбыл ұлы жырау ретінде тұстас замандастарына, әдеби қауымға қаншалықты ұғынықты болды десек те, болмыс-бітімі тұлғалана беретін, зерттеле беретін, жаңа қырларымен таныла беретін күрделі тұлға.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі
(«Егемен Қазақстан» газеті, 20 сəуір, 2021 жыл).