Четверг, 27 августа, 2026
Басты бетЖаңалықтарGovernment Chess Cup 2026»: мемлекеттік қызметшілер стратегияның мықтылығын сынға салуда

Government Chess Cup 2026»: мемлекеттік қызметшілер стратегияның мықтылығын сынға салуда

Қонаев қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Government Chess Cup 2026» шахмат турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Шахмат тақтасының басында мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, бұл жолы күнделікті жұмыс міндеттерін партиялар, шахматтық комбинациялар мен үздік нәтиже үшін тартыс алмастырды.

Шахмат Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерін бір тақтаның басына біріктірді. Мұнда ведомстволық шекаралар жоқ — тек бәсеке, стратегия және жеңіске деген ұмтылыс бар. Бұл туралы жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде атап өтілді.

«Бүгінгі турнир тек мықты шахматшыларды анықтайтын алаң ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің өзара қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасуына және командалық рухты нығайтуына мүмкіндік беретін жақсы орта болады деп сенемін. Барша қатысушыларға тартысты әрі тартымды ойындар, лайықты қарсыластар және, әрине, жеңіс тілеймін. Ең мықты ойыншы шахмат тақтасының басында анықталсын!» — деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев.

Бұл жерде үйреншікті ринг, футбол алаңы немесе спорттық арена жоқ. Қатысушылардың басты қаруы — логика, есеп және стратегиялық ойлау қабілеті. Әрбір партия бірнеше жүрісті алдын ала болжай білуді, сабырлылықты сақтауды және қажетті сәтте байыпты шешім қабылдауды талап етеді.

«Government Chess Cup 2026» жылдам шахмат — рапид форматында өтуде. Мұндай формат қатысушылардың басын қосып, турнирді қысқа мерзімде өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарыстың басты ерекшелігі — спорттық тартыс пен бәсекелестік сақталады.

«Турнирге 8 команда құрамында 32 қатысушы қатысуда. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізіледі, яғни әр команда қалған командалардың әрқайсысымен кездеседі. Ойын уақыты — 10 минут және әр жүріске қосымша 5 секунд. Рапид форматында ойлануға уақыт аз болғандықтан, әр жүрістің маңызы ерекше. Мұнда тек комбинацияны көре білу ғана емес, жағдайды жылдам бағалап, дұрыс шешім қабылдау және партия соңына дейін зейінді жоғалтпау маңызды. Жеті турдың қорытындысы бойынша қорытынды рейтинг жасалып, жеңімпаздар анықталады», — деді жарыстың бас төрешісі Сеитов Қарлығаш.

Турнир әртүрлі мемлекеттік органдардың өкілдері үшін өзара қарым-қатынас пен тәжірибе алмасудың қосымша алаңына айналуда. Шахмат тақтасының басында ведомстволық шекаралар жойылып, барлық қатысушы тең жағдайда бақ сынайды. Мұнда нәтиже жағдайды талдай білуге, стратегия құруға және жүйелі әрекет етуге байланысты.

Стратегиялық ойлау, байыпты шешім қабылдай білу және нәтижеге бағытталып жұмыс істеу сияқты қасиеттер тек шахматта ғана емес, мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметінде де маңызды.

Өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардағы іріктеу жарыстары 2026 жылғы 16 қазанға дейін жалғасады. Өңірлік кезең аяқталғаннан кейін үздік қатысушылар 24 қазанда Астана қаласында кездесіп, турнирдің финалдық кезеңінде бақ сынайды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments