Жексенбі, Қыркүйек 25, 2022
Басты бет Әңгіме      Ауылдан адам көшкенмен-адамнан ауыл көшпейді

     Ауылдан адам көшкенмен-адамнан ауыл көшпейді

            Арманын асқақтатқан адам баласы өсе келе өз мақсатын жүзеге асыру үшін ауылдан кетіп, арман қуып қалаға келеді.Қаланың тыныс-тіршілігі,жүріс-тұрысына әбден қанық болғаннан кейін кейбірі сол өлкенің тұрғыны  болып қалады.Бірақ,адам түптің-түбінде қай жерден шыққанын ұмытпағаны дұрыс…

   Әлі есімде,шамамен жеті-сегіз жасым болса керек,үйге бойы еңселі,ірілеу денелі,шытқан қабағынан аздап әжім байқалатын қара мұрты аузына түскен бір ер кісі келді.Апам оны төрге шығарып,дәм-тұздың барлығын алдына қойды.Баламыз ғой, апамыздың жанын айналшықтап шықпай біресе қонаққа қарап,біресе үстелде жұдырықтай ғана шыны ыдыста тұрған тәттілерге қарап отырып,»мыналар не айтып жатыр екен?»дегендей құлағымызды әңгімеге де түріп қоямыз.(Естіген құлақта айып жоқ қой).Сол мезетте әлгі кісінің мына әңгімесін әлі күнге дейін ұмытпаппын.

    Ауылдан кеткелі,-деп бастады әңгімесін…»Ауылдан кеткелі біраз дүние өзгергендей болды.Қаланың тұрмыс-тіршілігіне бой үйреністіріп жүргенде жұмыс таптым.Әр күні үйден шыға сала өз автобусым өтіп бара жатқан болады,маңдайдан терім ағып,бар жылдамдықпен ілесіп алып автобус ішіне отыратынмын.Бір күні әдеттегідей автобуста теңселе өз аялдамамнан өтіп кетпейін деп жан-жағыма алақ-жұлақ қарап тұрсам бір қазақ әйелін көзім шалды.Алдына алып отқан кішкентай итіне сонша сүйсінеді.Киім кигізгенін қайтерсің. Тіпті,оны еркелетіп те қояды.Ауылда өстік қой.Ит қанша жеті қазына болса да,олай жасамаппыз.Ерсі көрінді. Тағы бір жолы жасы  16-17 ге келген бойжетіп қалған қарындастың киген киіміне қарап,өзім ұялғаным бар.Әйтеуір маған таңсық дүниелерді көріп етім де үйреніп кетті.Оның үстіне қаланың адамдары қанша көрші тұрса да,бір-бірін танымайды ғой.Ауылға келіп,бір көзіме жас алғандай болдым апа.Көшемен жүріп келе жатсаң танымайтын адамға дейін сенімен амандасып,хәл сұрасып өтіп кетеді.Ауа қандай таза десеңізші.Балалық шағым осы жерде өтті ғой.Ауылға келмегеніме 4-жылдың жүзі болыпты.Бір мезет тоқтадым да жердегі қара топырақты алып бір иіскеп алдым.Ауылға не жетсін шіркін!

    Кезінде сіздің бағыңыздан алма ұрлап,ата-анамыздан талай таяқты да жедік қой.Көшеде жүрсек қалтадағы кәмпитіңізден балаларға таратып беруші едіңіз,өзіңізге сол үшін де сәлем беруге келдім ғой апа!Талай еркелікті сіз де көтердіңіз ғой не дегенмен…»,-деп біраз тоқтады да,жөтеліп алып: «Солай апа, маған батаңызды берсеңіз, Жексен атаның басына барып құран оқып қайтайын.Ол кісі де бізді өз арбасымен мектепке талай апарып еді-ау жарықтық!,-деді де бетін сипап,апаммен қоштасты да орнынан тұрып кете барды…

    Кішкентай болған соң сөздің төркінін қайдан түсінесің? Үстел үстіндегі тәттілерді уыстап қалтаға салдым да көрші балалармен бөлісіп жеуге тұра жөнелдім…

     Қазір студент болдық.Қаланың өмірін біз де көріп,ауылдан шыққан аңғал адамды қалай өзгертетінін де байқадық.Әсем қаланың көркі қанша таңдай қақтырса да ауылға ештеңе жетпейді екен.Ауылдан кететін адам,ал ауыл адамнан кетпейді дегені рас екен! Ауылымды сағындым…

             

                                                       Сұлухан Нұрғабылқызы,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,

«Қазақ филологиясы және әлем тілдері» факультетінің 1-курс студенті  

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments