Среда, 21 февраля, 2024
Басты бетЖаңалықтар• «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ тарихындағы ащы қасіретке – 300 жыл

• «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ тарихындағы ащы қасіретке – 300 жыл

«БІЗ  БАСҚА  БІР  ХАЛЫҚ  БОЛЫП  ШЫҚТЫҚ…»

 

Қаратаудың басынан көш келеді, 
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай, елім-ай!
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,
Елім-ай, елім-ай!

(Халық әні)

   Жуырда бір құрбымыз кәдімгідей жасқа толып, Алматының төрінде мерей қуанышын атап өтті. Мектеп партасында бірге оқыған үш-төрт азамат үзілісте әңгіме-дүкен құрып, әр нәрсенің басын шалып отырмыз. Ғалым досымыз біраздан бері мектеп директорларына әдістемелік дәріс оқып, қазіргі заманғы педагогиканың қыр-сырын тәптіштеп түсіндіріп жүретін еді. Сөз мектептегі мұғалімдер, мектеп оқушылары мен бүгінгі жастардың бойындағы ұлттық рух жайына ойысқанда ол көңілін көптен бері алаңдатып жүрген бір мәселенің шетін шығарды.

«Бізге, – деді, білімдар досымыз, – егер мына тұрған Ресей украиндерге кеткен кегінің күйінішін басу үшін күндердің күнінде ашық шабуыл жасайтын  болса, қорғанатындай қауқарымыз бар ма? Жеріміз болса да ұлан-байтақ, еліміз болса да әр тұста қадау-қадау. Салыстырмалы түрде айтқанда сан жағынан да, қару жағынан да басым жауға не істейміз? Орыстың жүз елу жауынгеріне он жауынгеріміз қарсы тұра ала ма? Оны да қойшы, жылдар бойы жаншылған қазіргі қазақтың бойында қанша зардап шексе де орысқа деген өшпенділік сезімі қалыптаспағаны қалай? Сол ойлантады мені. Оның да себеп-салдары өте тереңде.

Өйткені бізге кешегі коммунистік-кеңестік идеология перзентханадан бастап, мәйітханаға дейінгі тәрбиенің барлық әдісі бойынша орысты асқан ұлы, тарихтың өн бойында тек қана әділетті көксеген ақиқатты жақтаушы, ақкөңіл де аңғал, дарқан мінезді, ең парасатты, күллі ілімге жол ашқан кемеңгер, дүниедегі ғылым мен экономиканың барлық тетігін меңгерген  іскер, қандай соғысқа салса да қайтпас қайсар жауынгер, т.с.с. халық ретінде оқытты емес пе. Соның нәтижесі енді көрініп жатыр.

Соңғы жылдары ел де, дін де бірнеше тарапқа бөлініп кетті. Міне, қараңыздар, мұсылмандар мен христиандар, ислам дінінің өзін бірнеше ағымға жіліктеп жіберген өз ағайынымыз, қалалықтар мен ауылдағылар, жергілікті қазақ, көшіп келген қандас қазақ, байлар мен кедейлер, орашолақ орыстілділер, қазақ тілі-ай деп қам жеген жұрт, қазаққа да, орысқа да қосылғысы келмей, өз мүдделерін күйттеуге ұмтылған өзге де шағын ұлттардың бейтарап шашырандысы. Бұған енді өзіміздің жүз-жүзге, ру-руға бөлініп алып, бөтен бір ойдың жетегіне ілескісі келетіндерді, Қазақстанды місе тұтпай, кәсіп-нәсіпті кез келген шетелден іздегісі келетіндерді және қосыңыз. Сонда не болды? Мені шошытатыны, осы.

Сондықтан жастардың кеудесіне елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін есі кірген сәттен бастап ұялатуға күш салу керек. Мен жүрген жерімде осы туралы жиі айтатын, және бір айтқанымды қайталап айта беретін болдым қазір, – деді ғалым досымыз.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments