Понедельник, 2 декабря, 2024
Басты бетРухани жаңғыруБІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – БІРЛІК!

БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – БІРЛІК!

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігін сақтау. Бейбіт өмір ел экономикасын дамытып, халықтың қауіпсіздігін нығайтады, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік əкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаған. Бұқара халық əрдайым тыныштықта, мəңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді.

Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпаған. Қаншама ел соғыс зардабынан құлдырап, азыптозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның бəрі бейбітшілігі тұрақтамаған жерді берекесіздік жайлайтынын тайға таңба басқандай анық көрсетуде. Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, тыныштық үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың ең өзекті мəселесіне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жалпы адамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.

Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары хақ. Сол арқылы тарихын бағамдап, келешегіне көз жүгіртеді. Ендеше, біз де өткенге бір үңіле қарайықшы. Қазақ халқы талай рет тағдырдың қатал сынын басынан өткерді. Соның салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі əлсін-əлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, зұлмат ашаршылықтар – осының барлығы халқымыздың қырылуына, азып-тозуына əкеп соқты. Əйтсе де, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында аянбай күресті.

Тіпті, мына бір мысалдың өзі осыған нақты айғақ. Он төрт жасында Қазыбек би Тəуке ханның белгілі бибатырлары бастаған елшілікке ілесіп, алғаш рет қалмақ қоңтайшысына барған екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығып: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дəм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.

Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең, жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» деген екен.

 Сонда қалмақ ханы жас баланың сөзінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарып, шешендігі мен өжеттігіне риза болған көрінеді.

 Міне, осындай атабабаларымыздың ерен ерлігі мен шын тілеуі бүгінгі Тəңір сыйлаған тəуелсіздікке қол жеткізді, өзгелермен тең дəрежедегі бейбіт елге айналдырды. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тəуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сəтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондайақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұрғандай.

Тіпті, қазақ жеріне табан тигізген əлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар өз естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшіліксүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған ел екенін сүйсіне жазған. Тəуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді.

 Бүгінде азат ел атанған, өзінəлемге бейбітсүйерлігімен мойындата білген Қазақстан жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне атсалысуда.

Дана халқымызда «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген қанатты сөз бар. Расында, халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау əрқашан маңызды болып қала бермек. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін жақсы білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?

 «Бейбіт күннің бəрі де, Жеңіс күні, шырағым» деп ақын Қайрат Жұмағалиев жырлағандай, бейбіт күндер, тыныш жылдар орныққанға не жетсін төрткүл дүниеде. Дана халқымыз айтқан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» – осы бүгінгі бейбіт өмір емес пе!

Əйгерім ҚОЙГЕЛДІ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments