Воскресенье, 21 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтарБүгін оқушы – ертең Отан қорғаушы

Бүгін оқушы – ертең Отан қорғаушы

Жас патриотты тәрбиелеу – мектеп қабырғасынан басталады. Осы аптада ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжар ықшамауданындағы техникалық және кәсіби даярлау бөлімінде өткен «Ашық есік күні» соның нақты дәлелі.

Өйткені, аталған шараның өтуіне Қарасай ауданының К.Ушинский атындағы орта мектебінің ұстаздары ұйытқы болды.

– Біздің аудан көрші қырғыз елімен арадағы шекараға жақын тұр. Олай болса, неге біздің оқушыларымыз шекарашыларға қарап бой түзеп өспейді? Біздің тыныштығымызды кірпік қақпай күзетіп жүрген қорғаушыларымыздан неге үлгі алмайды? Қазақ атамыз «Тау баласы тауға қарап өседі», деп бекер айтпаған. Міне, осындай оймен біз осы шекара басқармасының басшылығымен байланысқа шығып, жас патриоттарды бірге тәбиелеу туралы өтінішімізді жеткіздік, – дейді аталған білім ошағының директоры Сапура Айтулова. Шекарашылар өтінішімізді қуана қабыл алып, бүгін 62 оқушы Отан қорғаушылардың өмірімен танысқалы тұр. Олардың ішінен үш шәкіртіміз өздерінің болашақтарын әскери қызметке арнағысы келеді.

Бізге сұхбат берген Сапура Әлімханқызының айтуынша, бүгінгі шараға ұстаздармен бірге 20-ға жуық ата-ана да қатысуға тілек білдірген көрінеді.

Сонымен, айқара ашылған қақпадан енген жасөспірімдер осындағы ат шаптырым алаңға сап түзеді. Бұдан әрі шара басталып, еліміздің Әнұраны орындалған соң бірінші кезекте Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар бөлімшесінің сайыпқырандары қонақтардың алдында жауынгерлік ұрыс тәсілдерін шебер көрсетті. Мұнда арнаулы тапсырмалар орындау үшін жасақталған бөлімше жауынгерлері шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін көрсетіп, әсіресе жас қонақтарымыздың қызығушылықтарын оятқаны анық.

Бұдан әрі, шараға қатысушылардың назарына қару-жарақ көрмесі ұсынылды. Кәмелеттік жасқа толудың аз-ақ алдында тұрған бозбалаларды қарсы алған кіші командирлер оларға Шекара қызметінің қолданысындағы қарулар мен шекараны күзетуге арналған құралдар туралы толық мәлімет беруге кіріскен. Әскери қызметшілерді қызыға тыңдаған оқушыларға қаруларды ұстауға рұқсат етілді. Сол-ақ екен, қарулармен бірге дүрбі, байланыс құралдары да қолдан-қолға өткен. Тіпті, кейбірі нағыз қару, дүрбімен суретке түсіп, мәз-мәйрам болысқан…

Қарулармен таныстырылым аяқталған соң қонақтар техникалық және кәсіби даярлау бөлімінің клубына шақырылды. Келушілер мұнда алдымен ҰҚК Шекара қызметінің қашан құрылғаны және қалай қалыптасқаны жайында бейнефильмді тамашалады. Осыдан кейін кезек, жастарды ҰҚК Шекара академиясы және Ресей Федерациясы мен Түркия елдеріндегі әскери жоғары оқу орындарына шақыруға арналған үгіт-насихат жұмыстарына берілді.

Осы орайда, Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Арнұр Мұналбаев оқушыларға әскери оқу орындарына түсу тәртіптерін қосымша түсіндіріп, шараға қатысушылар тарапынан берілген сұрақтарға жауап берді. Мысал ретінде, сахнаға сержант Данил Шакуров шығып, өзінің мектептен кейін Шортанды қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадеттер корпусына оқуға түсіп, бітірген соң Шекара қызметіне жіберілгенін айтып берді. Сосын, кіші командир өзін қызыға тыңдаған жасөспірімдерге арнаған өз сөзін: «Қазақ халқының аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп бекер айтпаған. Ендеше, мен де сендердің  шекарашы атанып, ел тірегіне айналатындарыңа сенгім келеді!» деп аяқтады.

Данил дұрыс айтады. Шекарашы атану – мақтаныш!

…Клубта өткен «Ерлік сабағынан» кейін біздің қонақтар аталған бөлімнің ғимараттарын аралаған соң асханаға барып, шекарашылардың ас мәзірінен дәм татты.

Осылайша, тыңғылықты дайындықтың арқасында тамаша ұйымдастырылған шараның соңында мектеп директоры С.Айтурова департаменттің бас тәлімгері полковник А.Мұналбаев бастаған офицерлерге алғыс білдірді. Жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеуді мақсат еткен осындай шаралардың алдағы уақытта да жиі қолға алынатынына сенім білдірді. Бұдан өзге де ауқымды шараларды бірге өткізу үшін меморандум жасасуды ұсынды. Өз кезегінде бұл – шекарашылар тарапынан бірден қолдау тапты.

Иә, бүгін оқушы болса, ертең Отан қорғаушыға айналатын жастарымызды елжанды етіп тәрбиелеу – ортақ іс!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments