Четверг, 30 мая, 2024
Басты бетUncategorizedВирусты гепатит пен кене энцефалиті

Вирусты гепатит пен кене энцефалиті

Жыл басынан бері Жетісу облысында алғашқы нақтамамен вирустық «А» гепатитінің 49 жағдайы тіркелді. Оның 15-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың жоғарылауы байқалады.
Бұл туралы Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев пен облыстық жұқпалы ауруханалар ауруханасының инфеционист дәрігері Гүлнар Жусупбекова Өңірлік коммуникациялар алаңында айтып берді.
«Жаңа 2022-2023 оқу жылының басынан бастап вирустық гепатит облыстағы 346 мектептің 23-інде тіркелді. Жалпы саны 24 оқушы сырқаттанды. Мектептерде 3 және одан жоғары жағдайлар тіркелген жоқ», – деп атап өтті Асхат Сәкенұлы.
Бауырдың қабынуы А гепатиті вирусынан туындаған өте және адам денсаулығына өте қауіпті инфекциялық топ. Вирустық «А» гепатитіне күз-қыс айларындағы маусымдылық тән, бірақ жаз айларында ыстық мезгілде су тұтыну күрт жоғарылағанда тұрғындардың сапасыз ауыз суын пайдалануы орын алады.
«Жұқтыру кезеңінен аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең орта есеппен 35 күн. Инфекция көзі – науқас адам, сыртқы ортаға ең қауіптісі сарғаю алды кезеңіндегі науқастар. Аурудың жасырын және сарғаюсыз кезеңінде жұқпаны жұқтыру процесі өте жоғары болады. Науқастарда вирус қанда, нәжісте және зәрде болады», – дейді Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Вирустық «А» гепатитін төмендетудің негізгі және тиімді шараларының бірі – иммундау. Қазіргі уақытта облыста вирустық «А» гепатитіне қарсы 2 жастағы балалар және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ошақта қарым-қатынаста болғандар иммундаумен қамтылуда. Бүгінде 5000 бала иммундалды.
Спикерлер БАҚ өкілдеріне «А» гепатитімен қатар кене энцефалитінің маусымы да басталғанын хабарлап, кене энцефалитінің вирустарымен шақырылатын, бас миының және жұлынның зақымдалуымен өтетін, табиғи-ошақтық ауру туралы айтып берді.
«Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан, аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалитінен эндемиялық аймақтарға жатады. Жыл сайын 5 жағдайға жуық кене энцефалиті тіркеледі.
Аурудың қоздырғышы – флавивирустар тұқымдасының вирусы. Кене энцефалиті вирусының ерекшелігі залалсыздандыру заттарына, ультракүлгін сәулелеріне төзімсіз, бірақ төмен температураларда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін», – деді Асхат Чарапиев.
Табиғатта вирус иксод кенелерінің организмінде болады. Сонымен қатар, вирус адамнан басқа жабайы және үй жануарларын, соның ішінде сиыр, ешкі сияқты жануарларға жұғуы мүмкін. Сондықтан жұқпа кене шаққан кезде, кенені басып, жаншыған кезде тікелей және термиялық өңдеуден өтпеген ауру малдың сүт және сүт өнімдерін пайдаланған кезінде жұғады.
«Ауру кенеттен басталғандықтан науқас адам ауырған уақытын дәл айтып бере алады. Алғашқы белгілер тұмауға ұқсас болады. Қызбаға 3-4 күндері бастың тұрақты қатты ауыруы, құсу белгілері қосылады.
Кене энцефалитінің асқынуы бас миының зақымдалуына орай, сырқаттанушылық өте ауыр түрде өтеді. Науқаста әр түрлі дәрежедегі кома дамып, сырқаттың 2-4 күнінде 20-30% жағдайда өлім жағдайымен аяқталуы мүмкін», – деді инфекционист дәрігер Гүлнар Жусупбекова.
Бас-ми жүйкесінің зақымдалуынан қитарлық, жұтынудың қиындауы, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, аяқ-қолдардың, мойынның, қолдың бұлшық еттерi жансызданады.
Кене энцефалитінің алдын алу – тұрғындардың белгілі бір топтарын иммундаумен қамту. Бұл қолайсыз аймақта тұратын және жұмыс жасауға немесе демалуға баратын адамдарға жүргізіледі. Екінші, кене шаққан адамдарға арнайы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу. Жәндік шаққан күннен бастап 3 күн ішінде жүргізген тиімді. Сондай-ақ, спецификалық емес профилактикасы да көмектеседі. Мысалы кенелерге жағымсыз иіс туғызатын репеленттер мен аэрозольдарды қолдану, арнайы киім кию, табиғат аясына шыққанда шалбарды шұлықтың ішіне кіргізіп, үстіне жең шеті резеңкеленген ұзын жеңді киім кию, табиғат аясына шыққанда ең маңыздысы өзінің, бір-бірлерінің үстілерін жиі-жиі қарап, тексеру маңызды.
«Кене шаққан орнын қасып тастауға және оны жаншып тастауға, жәндікті бірден жұлып алуға болмайды. Оны пинцет және басқа затпен алуға да әрекет жасамаңыз. Мүмкіндігінше дәрігер-хирургқа жүгінген жөн. Ондай мүмкіндік болмаса жіпті кененің тұмсығына тақап байлап, әрі-бері ырғап шығару керек.
Оны абайлап алу керек, кененің басы мен тұмсығы тері астында қалып қалса, оны алу қиынға соғады. Тез арада медициналық ұйымға кенеге қарсы иммуноглобулин алуға барған жөн», – деді Гүлнар Мейрбекқызы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments