Пятница, 11 октября, 2024
Басты бетЖаңалықтарЕмі тегін елеулі жоба

Емі тегін елеулі жоба

Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты, Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева жəне Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Ұзынағаштағы «Қамқорлық» оңалту орталығына арнайы іс-сапармен келді. Олар оңалту кабинеттерін толық аралап, қызметкерлермен жүздесті, мекеме жұмысының алғашқы нəтижесімен танысты.

Еліміздің əр аймағында Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Қамқорлық» орталықтарында жыл басынан бері 1200-ге жуық бала оңалту курсынан өткен.

Жамбыл аудандық орталық ауруханасының ғимаратына орналасқан орталықтың аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Онда аутизм, эпилепсия, ақыл-ойы ақаулы, сөйлеу тілі жетілмеген, тыныс алу жəне жүрек қан тамырлары жүйесінде созылмалы аурулары бар балаларға тиісті емдік шаралары жасалып, шынықтыру жаттығулары жүргізіледі. Оңалту барысында заманауи технологияларға негізделген сапалы əрі тиімді жабдықтар қолданылады. Қазіргі таңда бұл орталықта Алматы облысының бірнеше ауданы мен Алматы қаласынан жəне өзге де облыстан келген 50 бала ата-анасымен бірге оңалтудан өтіп жатыр.

Дариға Нұрсұлтанқызы орталық қызметкерлерімен, ем қабылдап жатқан балалармен тілдесіп, олардың пікірін тыңдады. Жеті жастағы Нұрсұлтан Шерəлінің əжесі Фатима апай кешен мамандарының жоғары кəсіби шеберлігіне ризашылығын білдіріп:

 – Немерем оңалту курсынан өтіп жатқанына 15 күн болды. Аяғын баса алмайтын еді, қазір ем-шараның арқасында қаз-қаз қадамдап келеді. Ревматолог дəрігерден, массаждан, терапиядан кешенді ем алуда. Осы орталықтың ашылуына себепкер Елбасына, облыс жəне аудан басшыларына шексіз ризамыз, – деді.

– Бұл 2020 жылы Елбасының бастамасымен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылған 8 оңалту орталығының бірі. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры осы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында жинақталған тəжірибені қолдана отырып, оңалту моделін басқа аймақтарға пайдалануда. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында қосымша 10 орталық ашу жоспарда тұр, оңалту қызметінің сапасын арттырып, орталық жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ететін мамандар даярлауға баса мəн беріп отырмыз, – дейді «Қамқорлық» қорының директоры Арайлым Еркінова.

Жалпы Ұзынағаштағы орталықта 2020 жылдың желтоқсан айынан 2021 жылғы наурыз айына дейінгі аралықта 126 бала оңалту курсынан өткен. Орталық жыл сайын ерекше қажеттілігі бар 600 баланы тегін қабылдауға дайын.

Сонымен қатар Дариға Назарбаева Ұзынағаш ауылындағы 100 төсектік жаңа перзентханаға да ат басын бұрды. Ол перзентхананың кабинеттерімен танысты. Сондай-ақ, электрокардиография, ультра дыбыстық диагностикалық жүйе, сандық рентген жəне флюорографиялық аппараттар, 12 арналы ЭКГ аппараты сынды қажетті медициналық құрылғылар орнатылған автобустың мүмкіндігін өз көзімен көрді.

Медициналық автобуста жалпы қабылдау бөлмесі, акушер-гинеколог, сəулелік диагностика, жалпы тəжірибе дəрігерінің бөлімшесі, дəріхана, анализ қабылдау аймағы жəне портативті ультрадыбыстық эксперт сыныбы бар. Əрі халықты вакцинациялауға арналған бекеттері де келушілерге қызмет көрсетуге дайын.

 Бақтияр АЙТАЛЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments