Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетҰлы даланың жеті қырыЕР ЖІГІТ ЕР ҮСТІНДЕ ШЫҢДАЛМАС ПА?

ЕР ЖІГІТ ЕР ҮСТІНДЕ ШЫҢДАЛМАС ПА?

 Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында сахара төсінде ғұмыр кешкен дарқан пейілді қазақ халқының бай мұрасы тайға таңба басқандай өріліп жазылды. Соның бірі – атқа міну мəдениеті. Ат – қазақпен егіз ұғым. Жылқысыз өмірін елестету мүмкін емес қазақ халқы өзінің тұрмыс салтында қолданылатын сөздерінің барлығын атпен байланыстырып айтады. Мəселен, «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «Ер қанаты – ат», «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария атынан түсіп сəлем береді, «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек» деген сынды мақал мен тəрбиелік мəні зор сөздерді өмірінің бір өлшемі ретінде қолданып келген.

Иə, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қазақ баласының осы бір түлікті қадір тұтуының себебі көп. Ішсе қымыз, жесе ет, мінсе көлік болған жылқы малын қазақ түрлі ұлттық ойындарға да қосып, оны дəстүрге айналдырған. Солардың бірі – «көкпар».

Көкпар мен бəйгені ел тəуелсіздігін алғаннан кейін жаңғыртып, одан əрі дамытып, бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіре білген шабандоздың бірі, əрі бірегейі белгілі атбегі Орынтай Əмірғалиев. Орынтай Қырғызбайұлының ізін басып кейінгі ұрпаққа ұлттық ат спортын үйретіп шыңдап жүрген бүгінгі ат спортының жанашыры, аға жаттықтырушы Нұрым Орынтайұлы Қырғызбай. Нұрым Орынтайұлының қазіргі ат спорты туралы берген сұхбатына оқырмандар газетіміздің өткен санында назар аударған болар. Енді біз бүгінгі таңда ат үстінде жүріп, ұлттық спортты дамытуға ұмтылған осындай жастардың игі ісі туралы айтпақпыз.

Мəселен, жуырда жылдағы дəстүрге айналған «Сыбаға көкпар» эстафета ойыны Талап ауылдық округіндегі Сұраншы батыр ауылында өтті. Сұраншы батыр ауылына эстафетаны былтыр Саурық батыр ауылы табыстаған болатын. Бұл додаға ауданның əр түкпірінен ондаған команда келіп, күш сынасты. Жарысқа 2000-2010 жылдары туған жасөспірімдерден 9 команда қатысты.

Нəтижесінде, алдына жан салмай, көк серкені тақымдаған Ұзынағаш ауылдық округінің жастары жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Ал, екінші орын ақсеңгірліктердің еншісіне бұйырды. Үшінші орынды Саурық батыр ауылының көкпаршылары алса, төртінші орынды Сұраншы батыр ауылының, бесінші орынды самсылықтар, алтыншы орынды аққайнарлықтар, жетінші орынды Қастек ауылының көкпаршылары, сегізінші орынды Мыңбаев ауылынан келген команда, 9-орынды Қарақыстақ ауылының жігіттері місе тұтты.

Жасөсіпірімдер арасында өткен бұл көкпар додасында Ермахан Оразымбетов үздік ойыншы деп танылса, Думан Ноғайбек үздік қорғаушы атанды.

Сыбаға көкпар эстафеталық ойынының ауқымды деңгейде өтуіне үлес қосқан ұлттық спорт жанашырлары Ғалым Əбесов бастаған Сұраншы батыр ауылының азаматтарына айтар алғыс көп. Себебі, олар бір атаның баласындай бірігіп, көкпарда салым салған əр палуанға ақшалай жүлде тікті, үлкен ас таратты. Осымен жетінші жыл қатарынан өтіп отырған Сыбаға көкпар эстафеталық ойынының эстафетасы сол күні Шиен ауылының сайыпқырандарына салтанатты түрде табысталды. Бұл ойын көктем мезгілі келгенше жалғаса бермек.

Иə, ұлттық спортты ұлықтап жүрген осындай азаматтар барына шын қуанамыз. Əйтпесе, қазіргі таңда ат жалын тартып мінетін жастар телефон шұқылап, қазақылық қалыптан алыстап барады. Ол олқылықтың алдын алу үшін ауданның əрбір ауылдық округінің орталығынан ұлттық спортқа арналған алаңдар салынса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Осы жағын ел жанашырлары қолға алса деген ой біздікі.

Елдар ЕРКІН.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments