Бейсенбі, Мамыр 19, 2022
Басты бет Жамбыл-175 жыл Жамбыл жыры мәңгі жыр

Жамбыл жыры мәңгі жыр

Өтіп бара жатқан жыл тарихи маңызы бар даталармен ерекшеленді. Мəселен, ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толу мерейі. Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығы 2021 жылдың ең негізгі оқиғасы болды. Бұл рухани маңызы зор қос мерейдің қатар келуі де тегін емес. Ойлап отырсақ, Жамбыл өзінің саналы ғұмырын еліне, жеріне, туған даласына арнаған. Ғасыр жасаған ақынның көрген-білгені, көкейге түйгені өлең болып өріліп, сол заманды, өзі ғұмыр кешкен кезеңді көз алдымызға əкеледі. Жамбылдың ғұмыры мен өмірлік өнегесі қазақ халқы үшін теңдессіз мұра болып қала бермек. Ақынның артынан қалған ұшан-теңіз мұрасы соған дəлел.

Кеңестік дəуірдің аласапыран кезеңін басынан өткерген Жамбыл тəуелсіз еркін ел болуды аңсамады дейсіз бе? Ол азаттықты бүкіл жан-дүниесімен қалады, əрине. Тек айтылуға тиіс сөз тіл ұшына келгенімен, бері шыға алмады. Оған сол кездегі Кеңестік идеология əсер етті. Бірақ оның өміріндегі, шығармашылығындағы кейбір беймəлім дүниелердің əлі де ашылмай жатқаны шындық.

Жамбыл мынандай болған, анандай болған деген əңгімелерді ел ауызынан естіп жатамыз. Бүгінгі таңда тіпті, «Жамбылды бала күнімде көріп едім» дейтін жандар да қалмай барады. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, мына жарық дүниенің тым қысқа екенін осыдан-ақ білуге болады. Өкінішке қарай, ел басына түскен зауал Жамбылдың замандасы ұлы Абайдың 175 жылдығын да халықаралық деңгейде өткізуге кедергі келтіргені есімізде. Биыл жыр жампозының мерейін де кең ауқымда атап өте алмағанымыз көңілге кірбің ұялатады. Сонда да болса, ақын мерейіне арналған іс-шаралар жыл бойы онлайн, офлайн форматта өтіп жатты.

Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп болғанын жақсы білеміз. Олар: Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Сүйінбай сынды жыраулар. Солардың ізін жалғастырған ауыз əдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаевты да осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десек қателесе қоймаймыз. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай», деп өмірін өлеңге арнаған Жамбылдың ақындық жолы – дара жол. Атақты Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың дүлдүл ақыны атануы да бекер емес. «Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой, жырым, қызыл тілім сенің арқаң!» деген Жамбыл қандай құрметке де лайық.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезов «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бетбейнесімен аса зор құбылыс. Ол əрі эпик ақын, əрі айтыс ақыны, əрі азаматтық əуеннің де ақыны» деп баға береді. Жыр алыбының туғанына 2021 жылы 28 ақпанда 175 жыл толды. Мұхтар Əуезов бастаған қазақ қаламгерлері бас иген Жамбыл расында, ерекше құбылыс. Оның өлеңдері əлемнің көптеген тілдеріне аударылды, шығармаларына бірнеше құрлықтың халқы қанықты.

Жамбыл өмірінің соңғы 28 жылы Кеңестік дəуірдің еншісіне жазылыпты. Осы кезең ақынның қасиетін асқақтатып, қасіретін тереңдеткені де шындық. Өйткені, коммунистік жүйе мен оның идеологтары Жамбылды партияның қолбаласына айналдырмаққа ұмтылды. Оның асқақ дарынын тек партиялық тұрғыдан бағалады. Ал, Жамбыл қандай ақын еді дегенде, «Алтын қылыш қынабында жатпайтыны» тəрізді оны тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек екенін енді түсіндіріп жату да артық.

Мəселен, Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі əлі толық зерттелмей келеді. Жамбыл жай ғана ақын емес, оның күрескер ақын екенін мойындаған жөн. Нақты деректерге сүйенсек, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде 61 жасқа келгеніне қарамастан көтерілісшілерді қолдап, оларға жыр арнаған. Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған Верныйда өткен ақындар айтысындағы ерлігін де тарих ұмытпайды. Сондай-ақ, Жамбылдың Балуан Шолақ, Əсет, Шашубай сынды өнерпаздармен тығыз қарымқатынаста болған əңгімелері оқырмандарға əлі де жете қоймағаны айтылады. Осыған қарап-ақ жыр алыбының біз білмейтін қыры көп екенін пайымдаймыз.

 Бүгінде үлкен тарихи-мəдени ортаға айналған музей ақынның өзі тұрған үйінде, өзі өскен ауылында орналасқан. Əдебимемориалды музейде ақынның көзіндей болып, қашан болсын құшағын айқара ашып, күтіп алатын қызметкерлері де ақын ұрпақтарынан құралған. Музейдің меңгерушісі қызметін ойдағыдай атқарып жүрген Салтанат Тезекбайқызы Жамбылова бізге биыл жыл бойы өткен іс-шаралар жайында мағлұмат берген еді.

«Жамбылдың мемориалдық музейіне Қазақстанның бүкіл өңірінен, тіпті, шет елдерден арнайы келген қонақтар легі толастамады. Еліміздің əр өңірінен Zoom бағдарламасы арқылы да ақынның 175 жылдығына арналған конференциялар, əдеби іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасты» дейді музей меңгерушісі.

«Ұлы Жамбылдың 175 жылдық мерейі 2020 жылы күзде арнайы құрылған мемлекеттік комиссия шешімімен бекітілген мақсатты іс-шаралар арқылы басталып, жыл бойы жалғасты. Өзінің əдеби-мемориалды музейінде де біз атамыздың мерейіне орай іс-шараларды өткізу үшін еліміздің барлық облыстарымен əлеуметтік желі арқылы байланысып отырдық. Ақпан айы да, жалпы ақынның жылы болған соң əр күн, тіпті əр сағат ақынға қатысты қызықты мəліметтерге толы болды. Олай дейтінім, Алматыда А.П.Чехов атындағы жəне Жамбыл атындағы кітапханаларға жылжымалы көрме апардық. Қалалық оқырмандар жылжымалы көрмені зор ілтипатпен тамашалады. Сонымен қатар, Жамбылдың ұрпақтары жəне жамбылтанушылармен, қаламгерлермен кездесулер өткізілді. Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға арнайы барып, көшпелі көрме қойдық.

Жаз айының жаймашуақ күнінде Жамбыл ауданының əкімшілігі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына «Тұрған жерден – туған жерге» атты экспедиция ұйымдастырды. Жамбыл музейі де бұл экспедицияға өз үлесін қосты. Мұнда да жылжымалы көрме жерлестердің назарына ұсынылды. Көкшетау қаласында орналасқан Мəлік Ғабдулиннің əдеби-мемориалды музейіне «Алты алаштың Жамбылы» атты жылжымалы көрмемен барып қайттық. Қызылорда қаласындағы тарихи өлкетану музейіне «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты жылжымалы көрме қойылса, Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық Опера жəне балет театрында «Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын» атты көрме ұйымдастырылды. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы мəдениет сарайында өткен «Төгейін жырды халқыма» атты халықаралық ақындар айтысында «Жүз жасаған бəйтерек» атты жылжымалы көрме қойылды.

Ақын жылымен қатар келген Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр дүлдүлінің мерейлі күнін Алматы облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Жамбыл ізімен атты ғылыми-зерттеу экспедициясына қатыстық. Жəне əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Тəуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алатау асқарынан жыр асырған ақынға арналып кеш ұйымдастырылды, «Жамбыл Жабаев – 175» атты апталық өтті. Бұған да «Жамбыл əлемі» атты жылжымалы көрме апарылды.

Ақын құрметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен мəдени іс-шара өтті. Оның барысында ұлы жыраудың «Жамбыл əлемі» атты 30 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері жасалды. Сонымен қатар, Жамбылдың ізін жалғап, ақындық өнерге қадам басқан шығармашыл жастармен кездесуді де ұмыт қалдырмадық. Тараз қаласында да Алматы облысының мəдениет күндерінің аясында «ХХ ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» атты жылжымалы көрме қойылды. Алматыдағы Достық үйінде де осы айтулы датаға байланысты «Ұлы дала абызы» деген тақырыпта қазақ тілін еркін меңгерген этно-мəдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен республикалық байқауға «Жамбыл – жастар арасында» атты жылжымалы көрме жұршылық назарына ұсынылды.

Өкінішке қарай, төрткүл дүниеге төнген індет – коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанның бірқатар облыстарына бара алмадық. Бұл көрмелердің мақсаты – ұлы жырау Жамбыл ақынның өнегелі өмірі мен өнерін, шығармашылығын жəне де артында қалған мол мұрасын насихаттау болғанын айтқан жөн» деді, Салтанат Тезекбайқызы.

Халқымызда «Орнында бар оңалар» деген жақсы сөз бар. Жалпы, бұл жағынан біздің халық керемет мотивация беріп келген ғой. Олай болса, Жамбыл ұрпақтары бүгінде ата-баба алдындағы перзенттік парызын адал атқарып жүр дер едік. Артында іздеуші халқы, орнын ойсыратпайтын ұрпағы барда Жамбылдың дəуірі жалғаса береді. Тек келесі ұрпақ өкілдері дəл бүгінгілердей құрметтесе, шығармаларын жатқа оқып, Жамбылдай ұлы ақынымен мақтанатын болса, бұдан өткен бақыт жоқ. «Аруақты жерден ат үркеді» дегендей, Жамбылдың аруағы еліне, жеріне мəңгі қорған болып қалады. Ғасыр жасап, екі дəуірдің куəгері атанған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырып, бар өмірін, мақсат-мұратын, мұңы мен сырын өлеңіне арқау етті. Дəстүрлі қазақ жырын жаңа дəуірдің талап-тілегіне орайластыра, жаңарта, жасарта білді.

«Данияның аса көрнекті жазушысы Мартин Андерсен-Нексеннің ақынға жолдаған сəлемінде: «Сіз көшпенділер өмірінен осы заманғы адамның, еркін азаматтың өміріне мыңдаған жылғы мəдениеттің көпірін салдыңыз» деп жазуы жай айтыла салған сөз емес.

«Жамбылдың поэзиясы ғасырлар бойы жасайды, ешқашан өлмейді. Ең биік шың – адамның жаны, адамның жүрегі. Жамбыл өзінің поэзиясымен бұл шыңға жол таба білді. Жəне шыңды бағындырды» деп жазды ҚР ҰҒА академигі, марқұм Серік Қирабаев. Бұл ақынға берілген үлкен баға. Академик те мұны жайдан жай айтып отырған жоқ. Ендеше, Жамбыл жырлары мəңгі жасай береді.

 Роза СЕЙІЛХАН.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments