Среда, 24 апреля, 2024
Басты бетРухани жаңғыруЖамбыл музейі және жазушы Мұхаметжан

Жамбыл музейі және жазушы Мұхаметжан

Көрнекті балалар жазушысы, өрнекті өлкетанушы Мұхаметжан ЕТЕКБАЙҰЛЫНЫҢ туғанына — 85 жыл

Бүгінде бүкіл қазақ елі ұлтының атын алысқа жайған жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдығы аталып жатыр. XX ғасырдың Гомері атанған асыл адамның ұлылығын ұдайы ұрпағына паш ететін, əрдайым осы жерге ерекше ілтипат-ізетпен келіп керемет əсер алатын халыққа көп ой салатын музейін қазір немересі Салтанат Тезекбайқызы Жамбылова басқарады. Ал, енді алыста қалған ескі күндерді есіме алсам, кезінде бұл қасиетті орынның кең қанат жаюына, ісінің ілгері басуына менің Құдай қосқан қосағым – белгілі жазушы, марқұм Мұхаметжан Етекбаевтың да өзіндік үлесі болғанын үнемі мақтан етіп жүремін.

Жүз жасаған Жамбыл бабамыз дүниеден өткен соң өзі тұрған 12 бөлмелі үйдің Үкімет шешімімен музейге айналдырылғаны белгілі.Өйткені, өлмес, өшпес өлеңдерімен қазақтың атын дүние жүзіне кеңінен танытқан, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» –деп жырлаған ұлы ақынға, оның шырайлы шығармаларына деген елжұртының құрметі, махаббаты алабөтен айрықша еді.

Міне, осы республикалық əдебимемориалдық музейге Мұхаметжан Етекбаев 1966 жылы директорлыққа тағайындалып, оны он үш жыл бойы байыпты басқарды. Сонда бірге оқыған жолдастарының: «Қазір ел қалаға қашады, ал, сенің далаға қашқаның қалай?» дегеніне қарамай ол алған бетінен қайтпап еді. Өзі қазіргі Жамбыл ауданының Алатау етегіндегі Қарақыстақ ауылында туып-өскен Мұқаң үшін бұл өмірінің өте бір берекелі, барынша мағыналы кезеңі еді деп айтуға əбден болады.

Туған жері мен оның ақ ниетті адамдарын айрықша сүйетін, Жамбылдайын ақпа жырдың ақтаңгерін қатты қадірлейтін ол осы жұмысқа келе салысымен музейге күрделі жөндеу жүргізілуіне көп күш салды, оның ішін жаңаша жабдықтап, жаңа жəдігерлермен толығуын ұйымдастырды, жарығын жарқыратып, жолының жақсы күйге жетуіне мұрындық болды. Ондағы басты мақсаты, əрине, осынау ел-жұртқа аса қымбат орынның əрқашан да шетелдік туристер мен Қазақстанның өз ішінен келушілердің көзін тартып, көңілін қуантып тұрса деген тілек-ниетке саятындығы анық еді. Сонымен қатар, дəл музейдің жанында ұлы жыраудың мəңгілік мекені – күмбезі де тұр ғой. Сондықтан да бұл жерге тағзым ету үшін ат басын бұратындар да аз болмайды. Иə, Мұқаң жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүріп, соның нəтижесінде осы бағыттағы көп істің оңды шешілуіне қол жеткізді.

1968 жылы музей күрделі жөндеуге жабылды. Осы себептен де 1972 жылы, Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығын атап өтетін кезде, сол уақыттағы өлшеммен алғанда музей, шынын айтқанда, жарқырап, жайнап тұрды. Бұл тойға өз елімізбен қатар əлемнің түкпір-түкпірінен атақты ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер келгенін қалай ұмытайын. Олардың ішінде Всеволод Рождественский, Георгий Марков, Берды Кербабаев, Олесь Гончар, Аалы Тоқомбаев, Александр Чаковский, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Қайсын Құлиев, Давид Кугултинов, Мырза Тұрсынзаде, Ғабит Мүсірепов, Сəбит Мұқанов, шетелдіктерден Фаиз Ахмад Фаиз (Пəкстан), Алекс Ла Гума (Оңтүстік Африка), Махмұд Дервиш (Палестина), Фан Ти (Вьетнам), Клаус Шнайдер (Германия) жəне т.б. атақты адамдар бар еді. Мерекеден кейінірек Ілияс Есенберлин мен Мұхаметжан Қаратаев та зайыптарымен музейге келіп, артынан біздің үйден дəм татқаны есімде.

Мұхаметжан екі рет музей жəдігерлерінің көрсеткіш кітапшасын шығарды. Ел арасынан ұлы ақынның бұрын белгісіз шығармаларын, оның көзін көргендердің естеліктерін де жинастырып жүрді.

Енді Мұқаңның тағы бір ерлікке тең еңбегін айтуға тиіспін. Ол бұл уақытта музейді жаңғыртып, жаңартуға орай Одақтағы бірқатар осындай орындарды зейін сала, зерделеп аралап көрген. Сөйтіп, сапарлатып сонау Мəскеу мен Ленинградқа барды. Қасында қазақ телевидениесінің режиссері Осман Дүйімбаев болды. Осылайша Мұхаметжанның авторлығымен «Ақындар атасы» деген деректі фильм түсірілген, оның 1973 жылы ел назарына ұсынылып, жақсы баға алғаны да жадымда.

 Айтқандай, сол жолы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалалық кеңесі төрағасының (қазірше мэрі, аты-жөнін ұмытыппын, өзі Мəскеудегі Орталық партия комитеті Саяси Бюросының мүшесі екен) қабылдауында болып, кең отырып əңгімелесіпті. Тіпті, ол кісі үлкен құрметпен арнайы көлік бөліп, қаланы сонымен аралапты.

Бұл да:

 Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің.

 Нева өзенін сүйкімді,

 Бұлағымдай көремін! – деп төгілтіп жырлаған «Ленинградтық өренім» атты өлеңімен блокададағы жұрттың рухын көтерген ақын атамызға деген орыс халқының керемет сый-құрметінің шын белгісі еді.

Əрине, артынан музей бірнеше рет жөнделіп, кеңейтілді, жаңа бөлмелер қосылды, конференц-зал салынды, осы орайда басқа да көптеген игі істер атқарылды. Осындай көптеген орнықты жұмыстардың, елеулі еңбектің арқасында қазіргі кезде ол, шын мəнінде, ұлы ақынның рухына табынып, бас иетіндердің жиі келетін орнына айналды.

Мен де əлі күнге дейін музейге оқтыноқтын ат ізін салып тұрамын. Сонда сонау бір қызық-қуанышқа толы күндердегі Мұқаңның еңбегі, жастық шақтағы жұмыла атқарған жұмыстарымыз есіме түсіп, сағынышпен жадымда жатталған жақсы жайларды ойыма жиі аламын. Иə:

…Өшпейді халық жыры, қартаймайды,

Өшед деп оны ешкім де айта алмайды.

 Халықтың жүрегінің түкпірінен

 Төгілген күй – шын жорға тайпалмайды. Алтындай ел ішінде сақталынған Сұлу жыр, судан тұнық, шайқалмайды… – деп жырлаған Жамбылдың аты мəңгі жасайды!

***

 Неміс жазушысы Клаус Шнайдердің 1978 жылы Лейпциг қаласында «Алматы. Қазақ көктемі» атты кітабы шығыпты. Қазақ жерінің талай өңірін аралаған шетелдік қаламгер ұлтымыздың салт-дəстүрі, өнері мен мəдениеті жайында жаза келе өзінің Жамбыл музейінде болғанын да атап көрсетіпті. М.Етекбаевтың 1966 жылдан музейді басқаратынын айта отырып былай депті: «Мұхаметжан маған орысша аудармашы ретінде өзінің қымбатты қазынасы – арықша келген əдемі əйелі фрау Хазиманы таныстырды…». Осы тұста айта кетейін, мен бір-екі жыл музейде экскурсия жүргізушісі, кіші ғылыми қызметкер болып істегенмін. Кітаптың аты мен бұл сөйлемді немісше жақсы білетін адамға аудартып алған өзім. Ол қолыма кездейсоқ түсті. Бір неміс тілінің мұғалімі музейге келеді де мені сұрайды, содан соң тауып алып кітапты маған ұстатты.

…Əйгілі Кенен атамыз, Жамбылдың шəкірті Кенен Əзірбаев тірі кезінде музейге жиі келіп тұрды. Əлі есімде, мен ол кісіні алғаш рет 1967 жылдың көктемінде, музейдің бас қор сақтаушысы Нақысбек Оразбековтің алдында көрдім. Шай үстінде Нақысбек аға жаңа директордың отбасын таныстыра келе менің қазақтың атақты байы, Жетісудың, Верныйдың (Алматы) көркеюіне көп үлес қосқан Медеу Пұсырманұлының шөбересі екенімді де айтты. Сонда Кенен атаның: «Ойпырмай, ə, Медеудің ұрпағы екенсің ғой о, айналайын!» деп таңқалғаны бар еді. (Дегенмен, мақтаңыңқырап кетсем, газет оқырмандарынан кешірім өтінем).

***

Мұқаңның алмас жырдың алдаспаны Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығына да терең үңілгеніне куəмін. Əрі осы ұлы ақын жерлесіне Жамбыл ауданында музей ашылғанда оны ұйымдастырушылардың алдыңғы легінде жүргенін де жақсы білемін.

***

Сөз аяғында жалпы Мұхаметжан Етекбаев кім еді, осыған аздап тоқтала кетсем. Ол Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі болған, қазақ балалар əдебиетінің көрнекті өкілі болатын. Аудандық газеттің редакциясында, «Қазақстан пионері» газетінде, Қазақ телевидениесінде қызмет істеген. Республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырған» сияқты газет-журналдарда балаларға арналған əңгімелері, ертегілері жиі жарияланып тұрды. «Алтын мүйізді киік», «Қисық бұтақ», «Қызыл автобус», «Болатбек», «Жапалақ туралы ертегі», «Қаражартас хикаясы», «Алатау ертегісі» тəрізді көптеген кітаптың авторы. «Алатау ертегісі» орыс тіліне аударылып, 1972 жылы Мəскеудегі «Детская литература» баспасынан «Острый коготь» деген атпен шыққан кездегі қуанышты жүзі күні бүгінгідей көз алдымда. Аталған кітап бір жылдан соң украин тілінде Киевте, одан соң Германияда неміс тілінде жарық көргенін де айта кеткен жөн. Бұл туындысы туралы қазақ өнері мен мəдениетінің шынайы жанашыры, осы саланың ілгерілеп, өркендеуіне зор еңбек сіңірген Қазақ КСР Мəдениет министрі Ілияс Омаровтың өзі 1968 жылы 3 қыркүйекте жылы лебіз білдіріп, арнайы хат жазғанын қалай ұмытайын!

Сол сияқты 1981 жылы «Болатбек» повесі Мəскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көріп, 1988 жылы украин тіліндегі «Берег було видно» повестер жинағына еніп, Киевте шыққанын да атап өткім келеді. Ал, 2016 жылы «Раритет» баспасы оқырмандарға аңыз-əңгімелері топтастырылған «Қызыл ала жолбарыс» кітабын тарту етті.

1998 жылы өмірден озған Мұқаң егер жер басып жүрер болса, биылғы мамырдың 15-де 85 жасқа толар еді…

Хазима Қожақанқызы АЙДАРБЕКОВА,

ардагер ұстаз.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments