Понедельник, 2 декабря, 2024
Басты бетРухани жаңғыруЖас буын Жамбыл жырларын жаттауда

Жас буын Жамбыл жырларын жаттауда

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына үлес қосуға аудан мектептері де барынша күш салуда. Мәселен, Ұзынағаш орта мектебінің ұстаздары Ж.Рахым мен А.Жексенова жыр алыбының 175 жылдық мерейтойына орай «Өлкетану» үйірмесін ашып, мектеп оқушыларын ақын жырларын жатқа оқуға баулуда. Қос ұстаз география пәнінен сабақ бере отырып, оқушыларды осы үйірме арқылы ауданымыздың тарихи-мәдени орындарына қызығушылығын оятпақ ниетте. 

Осылайша олар ақын өлеңдерін оқыған шәкірттердің әдебиетке қызығушылығын ояту мақсатында  жуырда оқушыларын Жамбыл ақын мен оның ұстазы Сүйінбай Аронұлының мұражайларына апарды. Бұл жөнінде ұстаздар былай деді:

– Биыл ұлы ақын, жыр дүлділі Жамбыл атамыздың туғанына 175 жыл. Бұл айтулы мерекені атап өтпеу бізге сын. Сол үшін біз мектеп оқушыларына Жамбыл ақынның өлеңдерін жаттауды тапсырып, мектепішілік мүшәйра ұйымдастырдық. Мүшәйраға мектептің оқушылары барынша атсалысып, тырысып-бақты. Нәтиже де жаман емес.

Мүшәйраға қатысқан әр оқушыны бөле-жармай барлығына Жамбыл ақын мен оның пірі саналған Сүйінбай атамыздың мұражайын көрсетсек, кішігірім саяхат жасатсақ деп ойладық. Себебі, балаларға ақындардың мұражайына келіп, олардың туған ортасы мен тұрған ортасын, тірі күнінде қолданған бұйымдарын көрсетсек деп ой түйдік. Осылайша біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, балаларды рухани ортаға беймідесек дұрысырақ болар дедік. Бұл ойымыз да іске асып, оқушылар мұражайға барғаннан кейін өздерін ерекше сезімге бөленгендерін айтып, әдебиетке кішкене болса да құштарлықтары артқанын байқадық. Қазіргі таңда оқушылар ақын өлеңдерін жаттап, тағы да мұражайға саяхат жасасақ деп асыға күтіп жүр. Бұл да болса жас буынның рухани ортаға сусындап жүргенін байқатса керек,-дейді.

Расымен, қолынан бір сәт смартфонды түсірмейтін жас балаларға рухани орта қалыптастырып, тарих пен мәдениетке, әдебиетке баули түссе нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашақ екенін ойласақ, төл тарихымызды бойына сіңдіре білу ең сауапты да абзал іс болмақ.

Е.Есқожа

RELATED ARTICLES

1 Пікір

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments