Четверг, 28 марта, 2024

Жаңалықтың жаршысы

Қазіргі «Атамекен» газеті 1932 жылдан бері халыққа талмай қызмет етіп келеді. Осыған дейін оның атауы да бірнеше рет өзгергенін жақсы білеміз. Мұрағат беттеріне зер салып қарайтын болсақ, Кеңестік заманда – «Большевиктік жол», «Ленин жолымен», «Ленин туы» болып таралған газет, кейіннен «Екпінді еңбек» болып өзгеріп, оқырманға жол тартқаны баршамызға белгілі. Ал, бүгінде ауданда өтіп жатқан жаңалықтарды оқырманына дер кезінде құлағдар етіп, саясат, əдебиет, мəдениет тақырыптарына қалам тартып, салиқалы, ой айта білетін «Атамекен» газетінің атқарып отырған міндеті де, жүгі де жеңіл емес екенін біреу білер, біреу білмес.

Аты айтып тұрғандай, «Атамекен» газеті туған жердің топырағы, сол топырақтан нəр алған жандарға рухани жанашыр басылым. Жастарын қанаттандырып, үлкендерін марқайтқан газеттің қадір-қасиетін күнделікті əр нөмірін қадағалап оқитын оқырманы жақсы біледі. Өзі жайлы газеттен оқығанда олардың жүздерінен қашанда қуаныш табын байқаймыз. Жақсылықтың жаршысы болған басылымның аудан тұрғындарына берері мол. Замани əдіс-тəсілге əлдеқашан бетбұрған журналистердің қазіргі таңда екінші қаламы компьютер болғанын бəрі білетін болуы керек. Төрткүл дүниедегіні алақандай экраннан көрсетіп отырған компьютердің өкінішке қарай, сенің ойыңды оқи алмайтыны айдан анық. Ол ой – тың əрі жедел, өзекті болуы керегін журналистер жақсы түсінеді. Алайда, сол журналистердің жұмысы бағаланбай жататыны да жасырын емес.

Ұлтымыздың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деп бекер айтпаса керек. Басы сонау Ежелгі Шығыс елдеріне тəн «Хан жарлықтары» деген ұғымның аясынан кеңіп шыққан, италиялық термин Венециядан қайта тіріліп, бүкіл əлемге тарауында маңыздылық бар деп ойлайсыз ба? деген сауалға жауап берер болсақ Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен сөзді ескеруге болады. Əйгілі француз қолбасшысы Наполеон Бонапарт «4 дивизияң болғанша, 4 газетің болсын» деген екен. Осы ретте халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайы қалай деген сауалдың дəл қазіргі таңда сол саладағы əркімді мазалап жүргені рас. Жалпы, аудан аумағында таратылатын қоғамдық-саяси басылымдар Қазақстанда ең көп таралған газет түрі болып саналады екен. Олар өз аудандарының əлеуметтік-шаруашылық жəне мəдени өміріндегі уақиғаларды, əлеуметтікэкономикалық реформалардың барысын, кейбір көкейкесті мəселелерді де нақты деректермен жазады. Бұл тұрғыда «Атамекен» басылымының да өз бағыттары бар.

Бүгінде газеттер тізімі үкіметтің қаулысымен бекітіліп, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына енген. Яғни, 80-90 жылдық тарихы бар басылымдар жекеменшікке өтіп отыр. Бұл тізімде «Атамекен» газеті де бар. 2021 жылдың қараша айынан бері газеттің құрылтайшысы «BeyAzh Trans» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болғанын оқырмандар да жақсы білетін болса керек. Ал, газеттің директорлық қызметін өз ісінің маманы Мейрамгүл Бақтыбайқызы жүргізіп отыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жаңа басшылар газеттің сапасына мəн беріп қоймай, келген күннен бастап қызметкерлердің жалақысын көтеріп материалдық жағдай жасап отырғандығын да айта кеткіміз келеді.

Соңғы уақытта заманауи технологиялардың дамуына байланысты қазір газет-журнал, кітап оқылмайды деген сөздің тарауына да негіз бар деп ойлаймыз. Бірақ мүлде оқылмайды десек, қателескен болар едік. Керісінше, аз оқылады деген сөзді қолданған дұрыс сияқты. Бір сөзбен айтқанда, газеттің ғұмырының қысқару, қысқармауы əлеуметтік желілер мен ғаламтордан халықтың жалығу жалықпауына да байланысты ма дейсің. Өйткені, болашақта рухани құндылықтарды бағалайтын уақыт келетініне сеніміміз мол. Адамзат баласының көзқарасын, дүниетанымын тереңдетуге смартфондардың шамасы жете қоймайтыны айдан анық. Себебі, кез-келген дүниенің жалықтыратыны заңдылық. Адам баласы олардан мəңгі қол үзіп кетпесе де, одан өз керегін ғана алатын уақыт басталатыны сөзсіз.

Уақытты ұстап тұру əсте мүмкін емес. Халыққа қызмет етіп, көпшіліктің алғысын алып отырған «Атамекен» газетіне биыл 90 жыл. 90 жыл, бір ғасырға жуық уақыт. Күнде бір жаңалық, күнде бір өзгеріс болып жатқан заман газетке де бір тың серпіліс бергендей əсерге қалдырады. Əркімнің қолында жүрген смартфондар адам санасына ғана емес, заман көшіне ілескен адамзаттың да танымы мен талғамының өзгеруіне əсер еткені ақиқат. Оған көзіміз жетіп отыр деп айта аламыз. Заманында «Төртінші билік» саналған баспасөздің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтындар жоқ деп айтуға болмас. Ал, аудандық басылымның басқа басылымдардан ерекшелігі – оның жылдам ақпарат тарата алуында. Аудандық газет сол ауданның қуанышын сүйіншілеуден шаршаған емес. Себебі, ауданның қуанышы бəріне ортақ қуаныш. Уақыт көшіне қарай газеттің көтерген жүгі ауырламаса, жеңілдеген жоқ. Аудандық газет ең бастысы, ол өз халқының жыртысын жыртып келеді.

90 жылдық ғұмырында бұл газетке кімдер қолтаңба қалдырмады десеңізші. Осы ауданда туып-өскен қаламгерлердің барлығы да қарашаңыраққа бас сұқпай кеткен емес. Олардың бəрі болмаса да біразы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққандар. Əлгі газеттің жұмысы оңай емес деп отырғанымыз да содан ғой. Баяғыда бір ағамыз газеттің қара жұмысынан қалжырап отырып, «Бұл деген комбайн ғой, комбайн» дегенін естігенбіз. Жəне бір қызығы, ешкім түсіне бермейтін бір тылсым күші бар ма дерсің. Жанынан айналшықтап шыға алмайтын бір құдіретінің бары рас. Аузы дуалы ағаларымыз Жамбыл ауданының мақтанышына айналған журналистиканың майын ішкен талантты, дарабоз тұлғалар – Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Əубəкіров, Жұмабай Шаштайұлы, Нағашыбек Қапалбеков, сынды белгілі қаламгерлерден бастап санай бастасақ, саусағымыз жетпесі анық. Ал газеттің редакторлық қызметін əр жылдары Үсенбай Тастанбеков, Сатыбалды Асанов, Мəжит Түменов, Əбілғазы Тоғызбаев, Ханымбүбі Ақжолова, Нағашыбек Қапалбекұлы, Күмісжан Байжан, Есенқұл Жақыпбеков, Рəтбек Терлікбаев сынды танымал ақынжазушылар басқарып келген. Сонымен қатар, газетте қызмет етіп, еңбегі сіңген қаламгерлер қатарына – Тұрсынбек Ешенқұлов, Садуақас Бигелдиев, Жолдасхан Құрамысов, Əлімжан Дəуітұлы, Базарбек Атшабаров, Нүсібай Əбдірахым, Нұрманбет Қизатов, Манарбек Ізбасаров, Өмірəлі Смайлов, Серік Сатыбалдиев Еркін Құтпанбаев сынды қарымды журналистерді қосар едік. Аты аталған азаматтар туралы айтар сөз бөлек. Қарап отырсақ, уақыт ағымына қарай, адамның болмысы да, ойлау қабілеті де жаңарып отыратын көрінеді. Жаңа заман, тың дүниелерге қарай ойысқанда, бүгінгі талаптың күштілігін өзің де сезінгендей боласың.

Кешегі күннің орнына ертеңгі күн келетіні сияқты, уақыттың тілін кері қайтара алмасымыз белгілі. Үлкен кісілер «Жас келсе іске» деген сөзді айтқанда, осы бір қағиданы меңзесе керек. Əлбетте, жаңаның аты жаңа, жастың аты жас. Жас шыбықты қалай қарай майыстырсаң ол солай қарай өседі. Ендеше, жаңа заманның көшінен қалмай, аудан жаршысы аталған «Атамекен» басылымында да уақытқа сай өзгерістердің орын алып жатқаны жасырын емес. Бүгінде «Атамекен» газетінің редакторлық қызметін жас журналист Əйгерім Əбу өз тізгініне алғанын айта кетуіміз керек. Газеттің қырсырын меңгеріп үлгерген Əйгерім аз ғана уақытта өзінің қабілет-қарымын танытты деуге болады.

Ал бұған дейін газеттің редакторлық қызметін ауданда 40 жылдан аса еңбек еткен ақын, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Рəтбек Терлікбаев басқарған еді. Рəтбек Садуақасұлы редакция есігін аттаған талай жас журналистерге өз тəжірибесін үйретіп, мақала жазудың қыр-сырын меңгерте білген ұстаз десек, қателеспейміз.

Ал, өзіндік бағыт-бағдары, айтар ойы бар басылымның 90 жыл тоқтаусыз халыққа қызмет етуі үлкен еңбек. Өзінің туып өскен топырағының көркейуіне аудан тұрғындарының арасында да өз үлесін қосып келе жатқан азаматтар жетіп артылады. Ал олардың əрқайсысын дəріптеп отырған «Атамекен» басылымы. Аптасына бір рет, сенбі күндері шығып тұратын газет ауданның қоғамдық-саяси, мəдени өмірінен сыр шертіп қана қоймай, аудандағы өтіп жатқан ісшаралар мен атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізіп отырады.

Ендігі жерде сүйіншілеп айтуға болатын қуанышты жайт – «Атамекен» газетінің көлемі үлкейіп, яғни Д-2 форматта шыға бастауы жəне газеттің сапасына мəн беріліп отырғанын айтқанымыз орынды. Бұл да бүгінгі айтылып жатқан Жаңа Қазақстанның дамуына қосқан зор үлес деп білеміз. Өйткені, «Атамекен» апталығы мемлекеттің ортақ мүддесіне орай, елдікті қастерлеу, дəріптеу, жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру жолында үлкен ізденіс танытып отыр. Олай дейтініміз, тек ақпараттық материалдармен ғана шектелмей, бүгінгі қоғамдағы болып жатқан құбылыстар жайлы да салмақты ойлар айтылып, мақалаларға қалам тартып келеміз. Сонымен қатар, газеттен тың көзқарас, жаңа айдарлар, жаңа бастамаларды аңғару қиын емес. Оның барлығы да адам танымастай өзгерген, еліміздің 30 жылда жеткен жетістігінің арқасы дер едік. Оны жұртшылық та көріп, біліп отыр деген ойдамыз. Ал газеттің сапалылығы мен оқырманына жол тартуы оның редакторына тікелей байланысты екені айтпай-ақ түсінікті. Жəне басшылық жұмыс атқару ісінде əр басшының өзіндік стилі, өзіндік қолтаңбасы болатынын естен шығармаған абзал. Бұл тарапта газет редакторы Əйгерім Əбудің өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтынын, журналистерден оқылымды дүниелерді талап ететінін айтқан болар едік.

«Атамекен» газеті өз ұстанымынан айныған емес. Оған пандемия кезіндегі журналистер тарапынан атқарылған белсенді іс-əрекет пен қызу да, қарқынды еңбекті алға тартар едік. Карантинге қарамай, газет апта сайын шығып тұрды. Баспасөз құралдарының «Қырық жыл қырғын келсе де ажалды өледі» демекші, қандай жағдайда да өз миссясын атқаратынына сол кезде көзіміз анық жеткен еді. Яғни ақпарат құралдары дүниеде болып жатқан қандай құбылысқа да төтеп бере алатындығын тағы да дəлелдеп берген болатын. Туған жерден жыраққа қанатын қомдай ұшып, арман арқалап кеткен талантты ұл-қыздар бүгінде ел ағаларына айналды. Қазір «Ақындар мен батырлар елі» деп аталатын аудан өзі тəрбие берген перзенттерімен мақтанады. Тек ақын-жазушылар емес, ауданда ғалым да, саясаткер, композитор, математик, əнші, биші де баршылық. Бұл да Алланың берген сыйы шығар. Олардың барлығын да аудандық газет дəріптеді, елге танытты десек қателеспейміз. Басылымның жақсылықтың жаршысы екенін осыдан-ақ білуге болады.

Қазіргі таңда газетте 10 шақты адам жұмыс істейді. Уақыттың көбін жұмыс басында өткізетін ұжымды бір үйдің баласындай ауызбіршілікті десек, артық айтқандық емес. Олар тəжірибелі, білікті журналистер. Заманның құбылып тұрғанына қарамай, басылым белсенді жұмыс атқарып, халыққа қызмет етіп отыр. Талай өнер майталмандарының сөзі жұққан, қасиеті дарыған газеттің айтары таусылмақ емес.

«Жамбыл бабаның аруағы қолдаған адам жаман болмайды» деген сөзді жиі естіп қалып жатамыз. Олай болса, алғашқы беттегі Жамбыл атамыздың логотиптегі суреті кейде ұрпақтарына риза болып тұрғандай əсер қалдырады. Ендеше, «Атамекен» газеті халқымен бірге жасай береді демекпіз.

РОЗА СЕЙІЛХАН

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments