Понедельник, 2 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖетісу Облысы: Көктемде Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады

Жетісу Облысы: Көктемде Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады

Өткен жылы облыста 33 мыңнан астам мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 1 млн 9 мыңға жуық адам қамтылды. Атап айтсақ, ішіндегі ең ірілері ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығы, Қабанбай батырдың 330 жылдығы, Ескелді бидің 330 жылдығы. Бұл туралы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бөлімінің басшысы Гүлмира Қалқабаева Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен бапсасөз мәслихатында айтып берді.
«2022 жылы ерекше атап өтетін шара, 13 жылдан соң қайта оралған Республика күнінің ұлттық мереке статусын алып, қайта тойлануы. Бұл қуанышқа арналған мәдени іс-шаралар облысымыздың барлық аудан, қалаларында кең ауқымда тойланған болатын.
Осыған орай, облыс орталығында салтанатты шара және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан жерлестеріміз мемлекеттік марапаттармен наградталды», – деді спикер.
Осы жылға да ауқымды мәдени іс-шаралар өткізуге облыс бюджетіне 9 млрд. 805 млн. теңге бөлінді. Атап айтсақ, Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, Орбұлақ шайқасының 380 жылдығы, Біләл Сүлеевтың 130 жылдығы, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы және Бикен Римованың 100 жылдығын атап өту жоспарлануда.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жетісу облысына іссапармен келгенде мәдениет саласы бойынша да тапсырмалар берген болатын. Мәселен, Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату және Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейіне күрделі жөндеу, реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп, мазарына апарар жолды күрделі жөндеуден өткізу тапсырылған. Бүгінде осыған байланысты іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, осы наурыз айында Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш аяқталып, алдағы уақытта салтанатты түрде ашу жоспарланып отыр. Ш. Уәлихановтың музейі бойынша республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Ал мазарға апаратын жолдың күрделі жөндеу жұмыстарына Кербұлақ ауданы әкімдігінен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары басталып кетті», – деді Гүлмира Мәлікқызы.
Түбі бір түркі халықтарының мәдениетін біріктіру, олардың ән-жырын, сонымен қатар, дәстүрлі әннің барлық жанрларын қайта жаңғырту мақсатында – «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалі ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімінің қолдауымен және мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен биыл мамыр айында осы жоба ауқымды түрде өткізіледі. Сондай-ақ, ұлттық құндылығымызды шет елде насихаттау, брэнд жасау мақсатында «Үкілі Серуен» атты ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылмақ.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 16 наурыздағы тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік архивтерге ғимарат салу және сатып алуға қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандар мен қалалардың әкімдеріне мұрағат мекемелері үшін ғимараттар салуға жер телімдерін бөлу туралы хат жолданды», — деп қорытындылады Гүлмира Қалқабаева.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments