Жексенбі, Қараша 27, 2022
Басты бет Өзге айдарлар Жетісу өңіріне келетін туристер саны жыл санап көбеюде

Жетісу өңіріне келетін туристер саны жыл санап көбеюде

 

Жетісу өңіріне келетін туристердің саны жыл санап көбеюде. Мәселен биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде облысқа 70 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың адамға артық. Осы және өңірдің туризм саласындағы өзге жаңалықтар жайымен облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев Жетісу Медиа ақпараттық алаңында өткен брифингте баяндады. Сәкен Ғалымұлының мәлімдеуінше, бүгінгі күні өңірде 332 туристік нысан жұмыс жасауда. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша туристік-сауықтыру ақылы қызметтерінің көлемі 868,8 млн. тенгені құраған, бұл көрсеткіш өткен жылдан 40 пайызға жоғары.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Жетісу облысына жуырдағы сапарында өңірдің туризмін дамытуға ерекше назар аудару керектігін атап өткен болатын. Бұл үшін облыста барлық қажетті табиғи, рекреациялық, тарихи-мәдени ресурстар бар. Осыған байланысты облыстың 5 басым туристік аймағы анықталды.

Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алакөл көлінің жағалауын жөндеу жұмыстары жалғасуда.

2022 жылы мемлекеттік бюджеттен жол және инженерлік инфрақұрылым жұмыстарына 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы екі жарым миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Бұл 171 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Алакөл жағалауында демалыс аймақтарының ауқымын кеңейту мақсатында туристік нысандардың құрылысына инвесторларды тарту жоспарлануда, оның ішінде жыл бойына пайдалану мүмкіндігі бар шаңғы базасын салу жоспарда бар.

Алакөл жағасында сондай-ақ санаторлы-курорттық орталық салу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл ұзақ мерзімді жоспар. Жоба құны 6,3 млрд теңгені құрайды және нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Қазір инвестор іздеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді спикер.

Сондай-ақ, туризм саласын дамытудың басым бағыттарының бірі – Балқаш көлінің жағалауы. Алакөлмен салыстырғанда жағажайы құмды әрі таяз, климаты ыстық, маусымының ұзағырақ болуына байланысты жағалаудың даму әлеуеті зор.

Бүгінгі күні жол инфрақұрылымын дамыту және көліктің қолжетімділігін арттыру мақсатында жалпы ұзындығы 137 шақырымды құрайтын Балқаш көлінің жағалауына дейінгі жолдарды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның 35 шақырымы жөнделді. Жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Облыс аумағында «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері де бар. Олар өңірдегі бірегей табиғи, тарихи және мәдени нысандар.

Ескелді ауданы мен Текелі қаласындағы тау туризмін дамыту мәселесі де туризм басқармасының назарынан тыс қалмаған. Бүгінгі күні бұл бағытта қажетті инфрақұрылым тарту, тау шаңғысы курорттарын салу және жергілікті бизнес қауымдастығын тарту мәселелері шешілуде.

Қазіргі уақытта Текеліде аумағы 2200 гектарды құрайтын «Tekesu Outdoor Center» тау шаңғысы курорты салынуда.

«Алдағы уақытта жеке инвестиция есебінен медициналық орталық, мейрамханалар, қонақ үй кешені, шаңғы көтергіштері мен аспалы жолдар салу жоспарлануда. Бұл жобаларды толық жүзеге асыру үшін 65 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тарту жоспарлануда», – дейді Сәкен Ғалымұлы.

 

 

 

 

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments