Четверг, 18 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ

Жыл басынан бері Жамбыл ауданы бойынша 3 айда 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 62 адам түрлі дене жарақатын алса, 5 адам көз жұмған. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында аудандық жергілікті полиция қызметі басқармасы «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Бұл шара сəуір айының 20-нан 29-на дейін жалғасады.

Сəрсенбі күні полиция қызметкерлері рейдтік шараларын бастады. Аудан орталығы Ұзынағаш ауылында бір сағаттың көлемінде 4 жүргізуші жол ережесін бұзғаны анықталды. Олар бір бағыттағы жолмен керісінше жүргендер, қауіпсіздік белдігін тақпағандар, тұтас жолақты кесіп бұрылғандар. Аталған ереже бұзушыларға əкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды.

Жедел-профилактикалық шаралар аясында аудан жолдарында арнайы жасақтар күшейтілді. Сондай-ақ автопатрульдер жұмылдырылған. Тəртіп сақшыларына жол қозғалысы ережелерін бұзу оқиғаларын анықтаумен қатар, жолда қателік жіберуге болмайтынын түсіндіру жəне алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізу мақсаты қойылды.

Күнделікті жол ережесін қадағалап жүрген патрульдік полиция взводының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Аманай Кененбаев: – «Қауіпсіз жол» шарасын өткізудегі мақсатымыз – көлік апатының алдын алу жəне жүргізушілердің жол ережесін сақтауын күшейту. Қазіргі таңда аудан орталығындағы көліктердің саны жыл сайын артып келеді. Біз күнделікті жұмыс барысында түрлі жағдайларға тап боламыз. Жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл жазып бермесек, тəртіп орнамайды. Көлік тізгіндеген талай жүгенсіз жүргізушінің кесірінен бейкүнə адамдар зардап шегіп жатады. Оны күнделікті ақпарат ағынынан да көруге болады.

Жол-көлік оқиғасы қас қағым сəтте орын алады. Қатты жылдамдық салдарынан тізгінге ие бола алмай қалатын жүргізушілер аз емес. Сондықтан барша жүргізушілерге айтарымыз, тəуекелге барып, асығыстық жасауға болмайды. Адам өмірі бірінші орында тұруы керек. Жүргізуші өз көлігінде жалғыз болғанымен, өзге көліктегі адамдардың да өміріне жауапты екенін ұмытпағаны жөн, – деді.

Иə, заман ағымына қарай көліктің де сан алуан түрі көбеюде. Ол мүмкін тұрғындардың əл-ауқатының жақсарғанының белгісі болар. Дегенмен, жол үстіндегі тəртіпке əрбір жүргізуші аса жауапкершілікпен қараса дейміз.

Бақтияр АЙТАЛЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments