Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылКемел келешекке бек сенімдімін

Кемел келешекке бек сенімдімін

Бүгін, 16 желтоқсанда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған конституциялық заңмен бекітілген төл тəуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бір кездері ата-бабамыз аңсаған ұлт бостандығы яғни, тəуелсіздік салтанат құрды. Осылайша, өшкеніміз жанып, ұлттық рухымыз жаңаша тұрғыдан асқақтады. Тарих тасасында қалып келген ұлы есімдер – қол бастаған батырлар мен от ауызды, орақ тілді ақындар, көсем сөзді шешендердің рухы қайта жаңғырды. Тарихы тереңде жатқан ел өз алдына жеке мемлекет ретінде шаңырақ көтерді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ мемлекетінің Жоғарғы Кеңесі «Тəуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Осылайша, əлемдік саясат аренасында Қазақстан деген дербес мемлекеттің аты алғаш аталды. Ал, оның тəуелсіздігін ресми түрде ең алдымен Түркия, одан кейін Америка Құрама Штаттары жəне Қытай, Ұлыбритания мойындады. Иран – Қазақстанның тəуелсіздігін мойындаған мұсылман елдері қатарындағы бірегей мемлекет. Еліміздің негізгі мемлекеттік мақсаты – Конституцияда «Қазақстан өзін демократиялық зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Оның ең қымбат қазынасы адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Демек, қазіргі қоғамда тұрақтылықты, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты қалыптастырып, елдің тұрмыстық əл-ауқатын жақсарту ең басты мəселе саналады.

Біз қазіргі уақытта дербестігімізге даңғыл жол ашып, озық ойларды қалыптастыру үшін ілгері қадам басып келеміз. Осы аралықта аудан экономикалық тұрғыдан дамыды. Біздің көп ұлтты халқымыз тəуелсіздік мерекесін жемісті жетістіктерімен қарсы алып отыр. Қарыштап дамудың даңғыл жолымен төрт құбыламызды түгендеп, табыстың тайқазанын еселей түсудеміз. Өйткені еркіндік өз қолымызда, шаңырағымызға шаттық орнап, базарлы бақыттың бесігінде тербеліп келеміз.

Бұл жеткен жетістіктер, əрине, Ұлт Көшбасшысы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байыпты басшылығының арқасында келді деп білемін. Еліміздің ендігі келешегі де кемел болады деген сенімдемін.

Айжан ТҰҢҒАТҚЫЗЫ, Жамбыл атындағы орта мектебі директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments