Православ дін өкілдері қаңтар айының 18-нен 19-на қараған түні «Крещения Господне» мейрамын атап өтеді. Осыған орай, Алматы облысының аумағында 10-нан астам суға түсу орындары бөлініп, жабдықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.
Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуат Бельдыбаевтың айтуынша, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 55 құтқарушысы мен қызметкерлері суға түсу кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.
Мамандар, мейрам күні оқыс оқиғаға тап болмас үшін қарапайым сақтық ережелерін ұстануды ұмытпау қажет дейді.
Ең бірінші, құтқарушылар, дәрігерлер және полицялардың бақылауындағы ойықтарда суға түсу қажет. Сонымен қатар, алдыңызда бірнеше адам тұрса, сабырлық және тыныштық сақтап, жас балалары бар әйелдерді және қарт адамадарды алға өткізіп жіберген абзал. Суға сүңгімес бұрын сәл жылыну қажет, ол үшін бірнеше рет отырып тұрып және иілуге болады.
Ал, дәрігер-эпидемиолог Ерлан Жарылқапұлы шомылу алдында дәрігермен кеңесіп, тексеруден өту керектігін алға тартты.
«Жүрек-тамыр немесе перифериялық жүйке жүйесінің аурулары бар азаматтар суға түспегені дұрыс. Сондай-ақ, суға сүңгудің алдында алкогольдік сусындарды ішуге қатаң тыйым салынады. Алғаш сүңгу 10-15 секундтан аспау керек. Шомылғаннан кейін міндетті түрде құрғақ сүлгімен сүртініп, аяқ киім мен іш киімді киіп алған жөн. Сонымен қатар, ыстық шай ішкен дұрыс.Мұзды суда қарапайым ережелерді сақтамай жүзу денсаулыққа пайда емес, керісінше зиян әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыздар», — деді Ерлан Жарылқапұлы.
Айта кетейік, суға түсу мекен-жайларын шіркеулерде, әкімшіліктерде немесе тиісті аудандардың төтенше жағдайлар бөлімдерінде және Қонаев қаласының ТЖ басқармасынан анықтауға болады.