Вторник, 23 апреля, 2024
Басты бетРухани жаңғыруКІТАП – асыл қазына

КІТАП – асыл қазына

Кітап – адамзаттың ортақ құндылығы. Мəңгілік сарқылмас қазына. Ең ұлы өсиеттердің барлығы көктен кітап болып түскеніне қарағанда қасиетті қағазда бір хикмет бар.

Кісінің жан дүниесіндегі кітапқа деген құмарлықты қазіргі таңда ақпараттық технологияның жетістіктері тықсырып, əр бетін парақтап отырып табиғи қабылдау, шынайы сүйіспеншілікпен оқу дағдысын тарылта түскені рас. Енді қайтпек керек? Жас ұрпақ бойына рух жасампаздығын ұялататын, мейірім, ізгілік, отансүйгіштік, патриотизм идеяларын дарыта отырып, эстетикалық талғамды қалыптастыратын жетекші құрал көркем əдебиеттің мəні мен мазмұнын қайткенде ұлт тəрбиесінің ұстынына айналдырамыз. Жалпы, кітап оқудың мəдениеті мен əлеуетін көтерудің қандай жолдары бар? Осы сауал төңірегінде ұзақ ойландым.

Рас, бүгінгі күні жаңа технологиялар үстемдік құрып тұр. Уақыт талабы солай. Əйтсе де, қазақ жастары заманауи құндылықтарды тез меңгеріп, ақпараттық желіні игеруде ешкімнен қалып жатқан жоқ. Жекелеген ғылым салаларында тіпті оза шабуда. Бұл əрине, көңіл қуантарлық жетістік. Бірақ… Ақшаға, байлыққа деген ашкөздік белең алып тұрған қазіргі уақытта басты рухани азық болып есептелетін əдеби кітап оқуға деген ынтаның жас ұрпақ бойында азаюы қоғамдағы рухани тоқыраудың бір көрінісі екені жасырын емес.

Маркетингтік зерттеулермен айналысатын халықаралық институттың биылғы мəліметі бойынша Қытай ең көп оқитын мемлекет екен. Аптасына бір кітап болса да оқитындарды есепке алғанда Қытайдың – 70 проценті, Ресейдің – 59 проценті, Испанияның 57 проценті оқырман көрінеді. Ал күнделікті кітап оқитын оқырмандарды есептегенде Қытай алғашқы орында. Ал біздің халықтың қанша проценті оқырман? Əлеуметтанушылардың былтырғы есебі бойынша ең көп дегенде бір адам жылына бес кітап қана оқиды екен. Қазіргі таңда кітапханада оқырман көп. Алайда, шынайы көркем əдебиетті іздеп барып оқитындардың нақты санын айту қиынға соғады. Оқуда зорлық жоқ. Бірақ парасатты ұлт болудың бір жолы – əдебиетті оқу.

Петрарка: «Кітаптарды дəл бір түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге сөзсіз көшіп отыруға тиіс», депті. Ал қазақ зердесі қаншалықты бай, қаншалықты білімге қанып жүр? Жауап табу өте қиын. Бəлкім, бар мəселе соның жауабын табуға тырыспағандықтан шығар.

Құндыз ҮСЕНОВА, Таңбалытас ауылындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments