Жұма, Мамыр 20, 2022
Басты бет Қоғам Масылдық пен мұқтаждық екі тарау әңгіме

Масылдық пен мұқтаждық екі тарау әңгіме

Әр адамның өзіндік тағдыры болады. Қазақта «Пешенеге жазылғаннан ешқайда қаша алмайсың» деген түсінік бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын.

Алайда, мұқтаждық туралы сөз қозғағанда «масылдықтан арылу керек» дегеніміз басымдау болып тұрғаны ойландырады. Қоғамда масылдықтың белең алуына жалқаулықтың əсер ететінін болжау оңай. Себебі, жатыпішерлердің саны артып барады. Екінші себеп, жұмыссыздардың көбеюі. «Екі қолға бір күрек табылады» десек те, қазір жұмысқа орналасудың оңай соқпайтыны рас. Тіпті, дипломы бар адамдардың өзі бірден жұмысқа тұра алмайды. Бұл тұста сыбайлас жемқорлықтың да өзіндік ықпалы тиіп жатқанын айту керек. Таныс-тамыр, пара беру арқылы көздеген орынға орналасу қазір қалыпты жағдайға айналған. Мұны қоғамның дерті демеске не шара.

Масылдық мемлекеттің дамуына, өркендеуіне кері əсерін тигізеді. Көңілі құрғыр қазақ қоғамында масылдық белең алды дегенге сенгісі келмейді, əрине. Статистикаға қарасақ, 8 млн. 800 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін көрсетеді. Олардың ішінде тұрақты жұмысы барлардың саны 6 млн. 700 мыңнан асқан. Бұл бір жағынан отандастарымыздың еңбектен қашпайтынына дəлел. Əдетте, кейінгі уақытта жиі айтылатын «Барлық салмақты əйелдер көтеріп жүр» деген сөзді еркектер қауымы жоққа шығарып, өздерінің қандай жұмыстан болсын жалтармайтынын байқатып отырған көрінеді. Егер ол отағасы ретіндегі жауапкершілікті сезінбесе, жанаяр болса, онда ауыр жұмысқа бармайтын еді ғой деген пікірмен де келісуге болар.

Жалпы, кез келген саналы азамат масылдыққа салынбайтыны белгілі. «Бес саусақ бірдей емес» дегенге сенсек, адамның да ала-құласы барына көз жеткізу қиын емес. Мұндай адамдарды екі топқа жатқызуға болады. Біреулері, шын мəнінде еңбекке жарамсыз, енді бірі мүлде жұмыс істегісі келмейтіндер. Қалай десек те, халық шама шарқы келгенше жұмыс істеуде. Тек тапқан табысының былай тартса, былай жетпей жатқаны бұлтартпас шындық.

 Қазақта ащы да болса нанымды айтылған «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Жасыратыны жоқ, əуелден-ақ алды-артымызды бажайлай бермейтін мінезіміздің талай рет таяқ болып тигені есімізде. Оның бір ұшы ысырапшылдық пен масылдыққа келіп тіреледі. Əлбетте, масыл адамның ертеңгі өмірден күдер үзген адамнан еш айырмасы жоқ дер едік.

Жалпы, халықтың қазіргі табысы көңілден шығатындай деңгейде емес екенін ескерсек, қоғамда масылдықтан бұрын мұқтаждық басым екеніне көз жеткіземіз. Біреуге жалтақтап, кеңсе есігін тоздыруға ешкімнің де құмар еместігі белгілі. Ал, біз, кейде ел ішінде мұқтаждық бар екенін ескермей, жаппай масылдық жайлап алғандай сезімде болатынымыз қызық.

Р.АЙТЖАН.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments