Вторник, 5 ноября, 2024
Басты бетМәдениетМемлекеттік тілдің мәртебесі

Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сəні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дəстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз.

 Тіл – тəуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тіл – тəуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тəуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тəуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мəртебесін арттыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тəуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нəтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, əлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нəубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Атаанамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дəстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен, «сабақты ине сəтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тəуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тəрізді. Сондай ауыр сəттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Ұлтымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың тілінде айтсақ:

«Жауыз тағдыр жойды бəрін не бардың…

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!». Бірақ, жоғарыда айтып кеткендей, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы əлі де болса кешеуілдеп тұр.

Бүгінде кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мəн бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бəлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарынан мысал келтіруге болады:

«Ана тілінде ата-баба сыры бар,

 Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.

Өсе келе құстың тілін білсең де,

Ана тілсіз оның қандай құны бар».

Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дəрежесіне көтеруге əр қазақтың үлесі болса екен дейміз.

Лəззат ҚОСБАРМАҚОВА,

Аққайнар ауылдық округінің бас маманы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments