Бейсенбі, Мамыр 19, 2022
Басты бет Жаңалықтар Мұқағали Мақатаевтың торқалы тойы атап өтілуде

Мұқағали Мақатаевтың торқалы тойы атап өтілуде

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына дайындық Алматы облысы өткен жылдан бастау алған болатын. Жалпы мерейтойды өткізуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарды.
Мерейтой аясында, ең алдымен ақынның туған жері Қарасаз ауылы, Қарасазбен іргелес елді мекен Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды.

Жалпы мерейтойға алдын ала дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн. теңгеге ауыз су жүйесі қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың қатарын толықтыруда. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылға кіреберістегі Жастар саябағы абаттандырылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылы 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн. теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылды.
Осындай үлкен дайындық жұмыстарының нәтижесінде көпшілік асыға күткен дәуірдің дара тұлғасының 90 жылдық тойы бүгін өз шымылдығын түрді. Қарасаз Мәдениет үйінде «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, онда ҚҒА Академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында баспа бетін көрген «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды.
Ал ертеңгі негізгі шараларға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарлануда. Олар жұртшылықпен бірге ақынның музейін аралап, Нарынқолда Мұқағалидың қоладан құйылған еңселі ескерткішін ашып, ауыл азаматтарына жаңа салынған тұрғын үйлердің кілтін тапсырады деп күтілуде.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments