Жексенбі, Қазан 2, 2022
Басты бет Дін және қоғам Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Рухани тəрбие тұрғысынан алғанда Рамазан айы мұсылмандар үшін мейірімге толы жəне кешірім сұрау айы. Осы құнды сəтті құлшылықпен жəне жақсылық жасау арқылы өткізген мұсылман өзіне бақыттың мəңгілік есігін ашады. Əрі əрбір мұсылманның ақырғы арманы болған жаннатқа жол тартады. Сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) бір хадис шəрифтерінде былай делінеді: «Рамазан айы кіргенде жаннат есіктері ашылады. Жəһаннам есіктері жабылады. Шайтандар да шынжырмен байланып қамалады» (Бұхари; Мүслим). Осы хадис бізге мына нəрсені көрсетуде; Рамазан айында жақсылық жасап, жамандықтардан тыйылған мұсылманға тозақтың есіктері жабылып, жаннаттың есіктері айқара ашылады. Ұстаған Оразасы арқылы да нəпсісіне ие болып, шайтанға ермегендігі үшін де, шайтанның қол-аяғы байланған жəне шарасыз күйде қалған болады.

Рамазан айы Алланың разылығына бөлейтін ай. Тіпті Рамазан айының əрбір минуты осындай қасиетке ие. Осы айда ұсталған ораза, оқылған бес уақыт намаз, тарауих намазы, жасалған дұғалар, зікір жəне тəспілер, ауызашарлар, сəресі, берілген пітір садақалардың барлығы сауапқа бөлейтін істер. Осы амалдардың барлығы мəңгі нығмет пен бақытқа жетелейді.

Рамазан айын жақсылықпен өткізуге тілімен жəне жүрекпен ниет ету

Мұсылман Рамазанның əрбір сəтін жақсы ниетпен өткізуге табанды болуы керек. Бұл жерде Ораза ұстау үшін қажетті ниетті айтып тұрғанымыз жоқ. Біз бұл жерде жасалынатын амалдардың түпкі мақсаты Алланың разылығына байлануы керектігін айтудамыз. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді, «Амалдардың қабыл болуы əрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады». Олай болатын болса, жасалған амалдардың негізгі құндылығы адамның ниетінің ішінде жасырулы. Мұсылманның ниеті амалынан да қайырлы болып табылады. Адамдар ниеттерін əрдайым Алланың разылығына негіздей алса есепсіз сауапқа кенеледі. Ниет, өтірік пен шынайылықты бір бірінен айыратын рухани таразы. Адамның құндылығы көңіліндегі ниетінде жасырулы. Яғни, ниет адамның негізгі құндылығы болып табылады. Əрбір адам Алла разылығы үшін жасаған мубах болған істерден, яғни сауабы да, күнəсі да болмаған күнделікті істерінен де сауап ала алады. Мысалы, ниеті намаз оқу үшін болған мұсылманның мешітке қарай басқан əрбір қадамы өзіне сауап əкеледі. Басқа сөзбен айтқанда адам баласы сауаптарға тек қана иман, қалау жəне ниетімен қол жеткізе алады. Ниет арқылы аз болған нəрсе, көп нəрсеге айналады. Алла Тағаланың шексіз нығметтеріне тек амалмен емес ниетпен де шүкіршілік ете алады.

Ашықтауға тырысқан осы ішкі жан дүниеміздегі сезім өміріміздің соңына дейін əсіресе Рамазан айында айқын түрде көрініс табуы керек. Хазіреті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім рамазан айында Алланың сый-сауабына деген иманмен жəне үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнəлары кешіріледі» (əл-Бухари 38, Муслим 760) деген сүйінші хабар беруде. Бірақ осы сүйінші хабарға ие болу, тек шынайы ниетпен жүзеге асады. Ораза ұстаушы адам оразаға ниет еткені сияқты осы оразамен Алланың разылығына, мейіріміне жəне кешіріміне бөленуді де тілеуі қажет.

Олай болса Рамазан айында ниетімізді берік ұстап, əдетке айналған əрбір ісіміз сауапқа айналсын. Қонақ күтуіміз, қонаққа баруымыздың барлығы құлшылық болғай. Осы себепті əр нəрседе Алла Тағала разылығын көздеуіміз керек. Махшарда адамдардың ең қатты қайғыруы да осы дүниеде Алла Тағаланың разылығына деген ниеттің болмағандығы екен. Барша өмірін құлшылыққа айналдыру мүмкіндігі қолында бола тұра, осы мүмкіндікті қолдан шығарып алу өте үлкен зиян болып табылады. Алла Тағаланың əмір мен тыйымдарын жүзеге асыра алмауымыздың арасындағы ең жеңіл жақсылықтарды да босқа өткізіп алуымызға да өкінеміз, əттең деп қаламыз. Осындай өкініште қалмас үшін қазірден бастап дүние тіршілігіміздің өз орнымен, əр нəрсені уақытында орындауға тырысайық.

Рамазан айы Құран айы Мейірімділік пен кешірім айы болған Рамазанға «Құран айы» деген атау беріледі. Өйткені Алла Тағаланың адамзатқа соңғы хабары ретінде жіберілген Құран Кəрім Хазіреті Пайғамбарға осы айда түсе бастады. Осы турасында Құран Кəрімде: «Рамазан айы адам баласына тура жол жəне ақиқат пен жалғанды айыратын Құран түсірілген ай» (Бақара сүресі, 185 аят). Осы аят Құран түскен ай Рамазан екенін анық баяндайды. Құран Кəрім Алла Тағаланың мұғжиза сөзі. Нəбилердің соңғысы Мұхаммед мұстафа (с.ғ.с.)-ға уахи арқылы Жəбірейіл (ғ.с)-ның жеткізуімен түсірілген. Сондықтан Қадірменді ағайын, Құран оқудың қасиетін жақсы түсіне білгеніміз жөн. Бір əріп үшін он сауап жазылса Құранды толық оқығанның сауабын ойлап көріңіз. Қасиетті рамазан айында мешіттерімізге келіп Құран оқып, үйреніп, мол сауапқа қарай ұмтылайық, бауырлар. Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

Сəбит ƏБДІЖАПАРОВ, «UZYNAGASH» мешітінің имамы, «Үшқоңыр медресе колледжінің» арнайы пəн ұстазы.

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments