Суббота, 27 июля, 2024
Басты бетЖаңалықтарРайымбек ауданында Мәдениет үйі пайдалануға берілді

Райымбек ауданында Мәдениет үйі пайдалануға берілді

Мемлекеттік шекара шебіне қоныстанған Сүмбе ауылында Мәдениет үйі пайдалануға беріліп, тұрғындар үлкен қуанышқа бөленді. Жеңіс күні мерекесіне тұспа-тұс келген игілікке Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев бастаған қадірменді азаматтар қатысты.

Шара қонақтары алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Өмірден өткен майдангерлердің әруақтарына Құран бағышталды. Мәдениет үйінің ашылуында жыршы, термеші, ақын Серік Әбдірайымов жырдан шашу шашты.

– Араға 20 жыл салып қайта құрылған ауданда жақсылық көп. Басқаны айтпағанның өзінде, пайдалануға берілген Мәдениет үйінен бөлек, Қызылшекара, Сүмбе ауылдарында заманауи шағын спорт кешендері салынып жатыр. Игілікке айналар сәті алыс емес. Ауданымызда бұдан бөлек Жамбыл ауылында Мәдениет үйі салынды. Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы жылдары Шалкөде, Сарыжаз, Тегістік ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйлері салынбақ. Бірнеше ауылда шағын спорт кешендері бой көтереді. Бұл жұмыстың алғышарттары жасалып жатыр. Жалпы, алдымызға қойып отырған мақсатымыз көп, – деді аудан әкімі Берік Дүйсенбаев.

Сүмбе ауылдық округінің әкімі Елжан Бестібаев жаңадан салынған спорт кешендері мен пайдалануға беріліп отырған Мәдениет үйінің құрылысына негіз қалаған аудан әкімдігінің атына, шарапатын тигізген азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты. Ауылдың қадірменді қариясы Қуатқұл Жантүгелов ақ батасын берді. Бюджеттен 475 миллион теңге қаражат бөлінген, 180 орынды өнер ордасының құрылыс жұмыстарын «GoIden City» ЖШС-нің мамандары мен құрылысшылары жүргізді. Мәдениет үйіне 4 штат берілген. Аудан әкімі бастаған көпшілік жарқырай көз тартқан өнер шаңырағындағы үйірме жұмысын тамашалап, мамандарға арналған бөлмелерді көрді. Қуанышты сәтте ауыл өнерпаздары, балғын бишілер өнерлерін ортаға салды.

Қанат БІРЖАНСАЛ,
Райымбек ауданы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments