Воскресенье, 22 декабря, 2024
Басты бетСпортРыбакина – Рим патшайымы

Рыбакина – Рим патшайымы

Кеше Италияның бас шаһары – Римде теннис­тен WTA 1000 турнирі өз мәресіне жетті. Жүлде қоры 3 572 618 еуроны құраған әйелдер ара­сындағы жарыс­та Қа­зақстанның бірінші ракеткасы Елена Ры­ба­кина табысты өнер көрсетіп, бас жүл­­дені ол­жа­ла­ды.

Жарысты Елена екін­ші айна­лымнан бастады. Ал­ға­шын­да WTA рейтингінде 64 орында тұрған италиялық Ясмине Паолиниден 7:6, 6:1 есебімен басым түсті. Көп кешікпей үз­діктер тізімінде 57 сатыға жай­ғасқан Анна Калинскаяны қапы қалдырды. Бірінші сетте жер­лесіміз 4:3 есебімен алға шық­қан кезде Ресей ойыншысы бәсекені жалғастырудан бас тарт­ты. Төртінші кезеңде Токио Олим­пиадасының күміс жүлдегері Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты. Бұл күндері рейтингте 65 орынды қанағат тұтып отырған чехиялық теннисші кезінде ТОП-15-тіктің қатарында еді. Бұл кездесуде Рыбакинаның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Есеп – 6:3, 6:3.

Ширек финалда Еленаның әлем­нің бірінші ракеткасы, 21 жастағы Ига Свентек күтіп тұрды. Польша өкі­лінің Ролан Гар­ростың екі дүркін және АҚШ-тың ашық біріншілігінің же­ңімпазы деген атақтары бар. WTA турнирлерінде ол 13 мәрте топ жарды. Соңғы екі жылда Ига дәл осы турнирде қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Бұған дейін екеуі үш рет кездесіп, Аустралияның ашық біріншілігі мен Индиан-Уэллстегі турнир Рыбкинаның пайдасына шешілді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанды. Бі­рінші сетте поляк қызы басым түсті – 6:2. Екіншісі тай-брейкке дейін ұласып, Рыбакинаның бағы жанды – 7:6. Үшінші сетте таразы басы тең­селіп тұрды. Есеп 2:2-ге жеткенде, Свен­­­тек жарақатын желеу етіп, кортқа шық­пады.

Жартылай финалда Елена Ры­бакина өзінің аттасы Елена Ос­тапенкомен күш сынасты. WTA рейтингінде 20 орында тұр­ған Латвияның теннисшісі ке­зінде Ролан Гарроста топ жарып, Уимблдонның жартылай фи­налына дейін жеткен. Аса ірі ха­лықаралық додаларда 12 рет дара шықты. Бірақ қарқыны күн сайын күшейіп келе жатқан отан­дасымызға Остапенко бөгет бола алмады. Бұл бәсекеде Елена Балтық жағалауы өкілін 6:2, 6:4 есебімен еңсерді. Бір айта кетерлігі, Римдегі турнирде ақтық сынға дейін алқынбай жеткен жерлесіміз америкалық Моника Селеш пен ресейлік Мария Шарапованың рекордын қайталады. Аттары аңызға айналған бұл ойыншылар бір маусымда төрт бірдей дү­бірлі доданың финалында өнер көрсеткен еді. Міне, енді Қазақ­станның мақтанышы Аустра­лияның ашық біріншілігі мен Индиан-Уэллс, Майами және Римдегі турнирлердің бас жүлдесі үшін таласу мұмкіндігіне ие болды.

Финалда Рыбакина Ангелине Калининамен кездесті. 26 жастағы Украинаның өкілі әлемдік рейтингте 47 орынды иеленуде. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде ол үшінші айналымнан асып көрмеген және WTA турнирлерін бар-жоғы бір рет қана ұтқан. Соған қарамастан Римде Динара Са­финаның шәкірті Анна Блинкова (Ресей), Софья Кенин (АҚШ), Мэдиссон Кис (АҚШ), Беатрис Хаддад-Майя (Бразилия) және Вероника Кудерметова (Ресей) сынды танымал теннисшілерді тізе бүктірді. Оның үстіне, екеуі осыған дейін небәрі бір мәрте ғана кездесіп, сол тартыс Калинаның пайдасына шешілді.

Финалдық сайыс Еленаның басымдығымен өтті. Бірінші сет­те ол 6:4 есебімен жеңіске жет­ті. Екіншісінде жерлесіміз 1:0 есебімен алға шыққан еді, Кали­нина «белім шойырылып қалды» деп бәсекені жалғастырудан бас тартты. Бұл тартыс небәрі 1 сағат 08 минутқа созылды. Осылайша, Рыбакина Римде шы­мылдығы түрілген дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. Бұл жарыс оған не берді? Біріншіден, Елена WTA турниріндегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Екіншіден, бұл – оның грунтта өтетін аса ірі халықаралық турнирлердегі тұң­ғыш табысы. Үшіншіден, 521 754 еуро көлемінде табыс тапты. Төр­тіншіден, 1000 ұпайды иеленіп, әлемдік рейтингте төртінші орынға көтерілді. Бұл – Қазақстан тен­нисінде бұрын-соңғы болмаған жағдай. Енді ертең Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады. Сол жарыста Елена Рыбакина бастаған ел теннисшілеріне зор табыс тілейміз.

Елена Рыбакинадан бөлек, бұл жарыста Юлия Путинцева да өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде ол болгариялық Виктория Томо­ваны тізе бүктіргенімен, екін­ші кезеңде америкалық Кори Гауффқа жол берді. Ерлер жары­сының жүлде қоры 7 705 780 еуро деп белгіленді. Бұл бәсекеде Александр Бублик бақ сы­нады. Жерлесіміз испаниялық Педро Мартинес-Портеро мен аме­рикалық Бен Шелтонға шаң қап­тырғанымен, үшінші кезеңде нор­вегиялық Каспер Руудқа жол берді.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments