Пятница, 19 апреля, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылТƏУЕЛСІЗДІК - біздің басты байлығымыз

ТƏУЕЛСІЗДІК — біздің басты байлығымыз

Бүгінгі таңда мынау байтақ əлемде қазақстандықтардың бір-ақ Отаны бар. Ол – біздің тəуелсіз еліміз – Қазақстан. Біз өзіміздің елімізді, оның кең жазира даласын, көркіне көз тоймас табиғатын, қазба байлықтарын, терең тарихы мен бүгінгі жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Біз балалық шағымыз бен жастық дəуреніміз өткен, болашақта тұрақты мекенімізге айналатын жеріміз бен топырағына аунап, құрт-майына тойып өскен ауылымызды, сапалы білім беріп, саналы ұрпақ етіп тəрбиелеген қалаларды, еліміздің мақтанышы Елорданы сүйеміз. Қазақстанның тəуелсіздігін жүрегіміздің төрінде аялап ұстаймыз.

Тəуелсіздік – бабаларымыз қанша ғасыр бойы қан төгіп, басын қатерге тігіп, ақырында ұрпағына жарқын болашақты тарту еткен аса бағалы құндылық саналады. Қазақстан қаншама жылдық аласапыраннан кейін ХХ ғасырдың аяғында тəуелсіздігіне қол жеткізді. Ұлы Далада жаңа мемлекет орнады, жаңа дəуір туды. Тəуелсіздік кезеңі басталды. Сол уақыттың оқиғасы əлі күнге дейін естен кетпейді. Оның ең бастылары: жерімізге қырық жылдан астам уақыт зиянын тигізген Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, ел аумағындағы барлық кəсіпорындар мен мекемелердің Қазақстанның өз басқаруына көшуі, өзіміздің ұлттық валютамыздың айналымға енуі, т.б.

Тəуелсіздік жариялар алдындағы бүкілхалықтық сайлауда Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет Президентін сайлады. Еліміз «Қазақстан Республикасы» дейтін қазіргі атауына ие болды. Тəуелсіздік алғанға дейін Мəскеуге бағынышты болды, өзінің дербестік құқығы болмады, бірнеше ғасыр қиындықпен арпалысты. Бірақ, соған қарамастан уақыт сынына төтеп бердік жəне сонымызды мақтан етеміз.

Тəуелсіздік күні – еліміздің мерекелік күнтізбесіндегі ең басты мереке. Жыл сайын біз оны асыға күтіп, үлкен толқыныс үстінде жаңа үмітпен қарсы аламыз. Біз тəуелсіздікке бүкіл еңбегіміз бен жетістігімізді арнаймыз. Сондай-ақ, болашаққа дұрыс жол сілтейтін бағыт-бағдаршымыз деп санаймыз.

Тəуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы – бірігу мен топтасудың тарихы. Еліміз ешқашан бөлінбеген, əр кезде жүрегі «қазақ бауырым» деп соққан патриот халықпыз. Қаншама батырларымыз бірігіп, жауға дес бермей, еліміз бен жеріміз үшін соғысты, ақын-жазушыларымыз халықтың қамын ойлап, оларға рухани күш берді. Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастарының бірігіп азаттыққа ұмтылғаны нəтижесінде Тəуелсіздіктің туы көп ұзамай желбіреді. Өткен тарихи оқиғаларосы талпыныстың дəлелі.

Сан ғасырлар бойы əрең жеткен тəуелсіздікті сақтау үшін енді қолымыздан келгенін аямай, еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Тəуелсіздік – біздің басты байлығымыз.

Əсия ҚАЗЫБЕК,

Ш.Уəлиханов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments