Сенбі, Қыркүйек 24, 2022
Басты бет Тәуелсіздікке 30 жыл Тәуелсіз елдің рухы асқақ

Тәуелсіз елдің рухы асқақ

«Тəуелсіздік!..» Осынау ұлы сөзді естігенде «Мен қазақпын» деген əрбір жанның жүрегіне жарқын сезім орнайды. Себебі, сонау алмағайып кезеңдерде қазақ халқы үшін қымбатқа түскен, ғасырлар бойы ата-бабамыздың арманы болған осы тəуелсіздікке жетудің өзі шексіз бақыт екені рас. Бұл бақытқа жету жолында көптеген соғыстар мен қақтығыстарды, көтерілістерді бастан кештік. Тəуелсіздік – ұлтымыздың бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі.

Биыл тəуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Ұлы қазақ елі осы күнге жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса Кеңес Одағының шырмауында болды.

Тəуелсіз Қазақстан! Тəуелсіздік! Яғни егеменді, дербес мемлекетпіз деген сөз. Осы сөз біз үшін аса қымбат. Неге десеңіз, үміттің сөнген отын жаққаны, ата-бабамыздың рухын көтеріп, елімізді əлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауды асқақтатқаны үшін ол бізге соншалық қастерлі.

Жалпы, барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін əділеттілік принципі мен ұлтаралық татулық негізін қалыптастыру аса маңызды. Ол үшін Қазақстанда алдымен қазақ халқының ұлттық мүдделері түпкілікті дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың да дамуына сара жол салынады. Əрбір азамат «Қазақстан – менің Отаным, менің елім!» деген ұранның маңайына топтасуы керек. Кей кезде менің ойыма осыдан 30 жыл бұрын біздің қазақ елі қандай еді деген сұрақ оралады? Əрине, алға қойған мақсатымыз даңғыл жол болды, яғни тəуелсіздік даңғылы. Осы тəуелсіздікті алғаннан кейін халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуға ұмтылғандардың бірі – Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Тұңғыш Президент болды. Елбасының бастауымен қазақ халқы əлемге танылды. Ол тəуелсіздігін алып, егемендігіне қол жеткізгенде өз алдына ел бола алатынына күмəндана қарағандар да аз емес еді. Бірақ ар-намысты ширықтырған Елбасымыз бен үкімет басында отырған азаматтардың елі үшін аянбай еңбек еткені арқасында осы тəуелсіздік жолы зор мақсаткерлікпен салынды. Аллаға шүкір, Елбасымыз елін, халқын осы даңғыл жолмен əкеле жатыр. Еліміздің рухы күннен-күнге көтеріліп келеді.

Тəуелсіздік бабалардың аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі қазынамыз. Тəуелсіздік деген таңбасы таста, тамыры тереңде жатқан құдіретті сөз. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Тіпті бүгінде ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы əлемдегі бір арман қалаға айналды. Апорт алмасына бүкіл ел сүйсінетін Алматының өзі мəдениет пен əдебиеттің алтын бесігіне пара-пар десек жарасады. Қазақстан өзінің ішкі туризмі, теңгесі, сан тарапқа созылған күре жолдары арқылы да жыл сайын дамып келеді.

Арысы Қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жəнібек пен Керейдің керген керегесін көркейтіп, Отанды қастерлеп өту əрбір ұрпақтың міндеті.

Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да болмайды. Тəуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы серпіні.

Тəуелсіз елдің қызы – өжет, ұлы – қайратты, халқы – қаһарман. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, шын мəнінде, қазақ халқының өз тəуелсіздігі үшін жанкешті əрекеттерге барған жалынды күресі еді.

Меніңше, ендігі ұрпақ мақсатты біліммен қаруланып, кең-байтақ жерімізді көздің қарашығындай қорғауға əрдайым сай болуы керек. Талай жерде жөргекте жатып, құрбан бола жаздаған тəуелсіздікті пəле-жаладан аман сақтайық, оның ғұмыры ұзақ болғай. Бұл мен сияқты мыңдаған халықтың тілегі. Қазақтың сан ғасырлық арманы болған тəуелсіздіктің маңызы мен тарихы туралы айта берсек əңгіменің шегіне жетпеспіз.

Дегенмен, Тəуелсіздік экономика мен саясатта ғана емес, жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік əкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нəтижесінде, бүгінде еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Біз үшін ана тіліміз бен санамыздың, мəдениетіміздің бодандық құрсауынан босап, тəуелсіз дамуы да өте маңызды. Еліміздегі аса өзекті əрі кезек күттірмес басты міндетінің бірі саналатын – тіл саясатын тəуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап-ақ біз парасаттылықпен байыпты жүргізіп келеміз.

 Дегенмен, Қазақстан халқы мынаны түсінгені жөн: қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, оның басқа Отаны жоқ. Мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін əрбір азамат қазақ тілін білуге міндетті. Тіпті, қазақстандық патриотизм де бізді осыған жетелеуі керек. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, əрі қарай оны жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.

Əлі де кемшіл саналатын тұстарымыз бар. Бірақ бұл азаттығымызды бағалай алмай жүрміз деген сөз емес. Қазіргі уақытта көптеген игі істер жүзеге асып, халықтың əлеуметтік жағдайы да айтарлықтай жақсарды. Білім, ғылым, медицина саласында да елеулі жетістіктерге жетіп, ілгері басып барамыз. Елімізде индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақ елінің дəл жүрегінен, Еуразия кіндігінен барша қазақстандықтардың мақтанышы əрі ұлттық жетістігі саналатын НұрСұлтан қаласы бой көтерді. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасын жəне оның Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласын бүкіл əлемге əйгілі етті.

Тəуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Ол – бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Сондықтан мен қазақ елін Тəуелсіздіктің 30 жылдық мерейімен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтайық. Бүгінде тəуелсіз елдің кез келген азаматы азаттықты бағалап жүр деп ойлаймын. Өз басым ұлы дала елінде, кең байтақ жерде туып, атамекеннің топырағында аунап өскеніме шексіз ризамын. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уəлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» дегеніндей, Ұлы Даланың ұландары білімді болса лазым. Ұлттың ұлы үміті – жастар. Сондықтан олар саналы, белсенді, еңсесі биік болса, болашағы да зор болады.

Қорыта келе айтпағым, 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күнін ерекше ардақтап, ерекше қастерлеуіміз керек. Қазіргі таңда 9-сынып оқулығында тəуелсіздік туралы сабақтар қамтылған. Сол арқылы оқушылар өз бойына ұлттық құндылықтар мен ұлттық сананы қалыптастырып жатыр деген үміттемін. Ата-бабамыз армандаған, ұлы қайраткерлеріміз осы жолда өмірін қиған, қазақтың маңдайына қиыншылықтар арқылы орнаған тəуелсіздікті ерекше ұлықтау бəріміздің ортақ міндетіміз.

Гүлзат ЫБРАЙЫМБАЕВА, Сағындық Оспанов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments