Воскресенье, 6 октября, 2024
Басты бетЖаңалықтарШекарашылар көрші прокуратура қызметкерлерін құтқарды

Шекарашылар көрші прокуратура қызметкерлерін құтқарды

Шекарашылар көрші прокуратура
қызметкерлерін құтқарды

Ағымдағы жылдың 5 қаңтары шекарашылар үшін дабылмен басталған еді. Бір-ақ сәтте бұрқ ете қалған бүлікке ҰҚК Шекара қызметінің генерал-майор Серік Джазин басқаратын Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы сайланып барып, содырлардың соққысына табандылықпен қарсы тұрған болатын.
Ал бұл кезде аталған департаменттің іші де ала-шапқынға айналған болатын. Өйткені әп-сәтте Алматыны абыржытқан бұзақылар шекарашылардың ғимаратын да айналсоқтап жүр еді. Бір-екі рет байқап көріп, тас қорғанды тесіп өте алмайтындарына көздері жеткен соң департаментпен көрші орналасқан ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының ғимаратына бет алды. Көп өтпей, содырлардың сойқанынан Фемида өкілдерінің ғимараты қып-қызыл жалынға оранып шыға келді.
Алдымен ғимараттың тыныштығын күзеткен полиция қызметкерін соққыға жығып, формасын өртеген бүлікшілер мұнан кейін нысанға от қойды. Полиция қызметкері содырлардан қашып, шекарашыларды паналады. Тек, жалғыз ол емес, бұл кезде түтіні төңірекке жайылған өрттен қашып төртінші қабатқа, тіпті шатырға шығып кеткен басқарма қызметкерлері осы сәтте келіп үлгерген өрт сөндіру көліктерінің сатысы арқылы төмен түсіріліп, қосалқы есік арқылы департаментке енген болатын. Сөйтіп, алдымен өрт сөндірушілердің, содан кейін шекарашылардың арқасында содырлардың тырнағынан аман қалған 50 шақты адам департаменттің клубында естерін жинады.
Ал подполковник Камиль Аюпов бастаған жеке құрам көрші ғимаратты шарпыған жалынды Алматы қалалық төтенше жағдай бойынша департаментінің өрт сөндірушілерімен бірге ауыздықтауға кірісіп те кеткен. Тек аталған мекеменің өкілдеріне өздерінің міндетін аяғына дейін жеткізуге сұрқия топ кедергі келтірді. Ғимаратқа от қойып, енді ішіндегі адамдардың сыртқа шыққанын күтіп тұрған бүлікшілер өздерінің арам ойлары іске аспағанын көріп, енді өрт сөндірушілердің қос көлігіне тап беріп тартып алды. Ал соққының астына қалған төтенше жағдай өкілдері содырлардан құтылып шығып, Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратына кіріп үлгерді.
Есесіне, өртті шекарашылар бірнеше сағаттың ішінде өз күштерімен сөндіріп, жалынның жан-жаққа жайылуына жол берген жоқ.
…Адам өлтіріп, мекемелерді өртеп, дүкен тонап жүргендердің қылығы шектен асып кетті. Әсем қаламыздың көркіне көрік қосып, айбарын асқақтатып тұрған «Көктөбе» телемұнарасына көздері түскен жалдамалы жаналғыштардың бетін тағы да сол шекарашылар қайтарды.
…Шекара бойында күн мен түн деген ұғымды білмейтін шекарашылар 7 қаңтар күні таңғы төрттердің кезінде департаментке қарсы беттегі «Алпамыс» қару-жарақ дүкенін тонаған екеуді ұстады. Құрықтау кезінде құрамында подполковниктер В.Марипов, К.Аюпов болған шекара наряды тонаушыларға қарсы қару қолданған жоқ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өз үндеуінде: «..Алматы қаласы мен 9 облыс орталығы бұзақылардың қолына өтті. Біз лаңкестікке қарсы операция режимін жарияладық…» деп атап көрсетті.
Иә, Президентіміз айтқандай, еліміздің өңірлері де содырлардың сойқанын көздерімен көрді. Осы жерде тағы да шекарашылардың табандылықтары мен батылдықтарын айтпай өтуге болмайды.
Ал бұл тізімнің ішінде Қызылорда, Шымкент, Ақтау, Павлодар қалалары да бар. ҰҚК Шекара қызметінің облыс орталықтарында орын тепкен департаменттері қаладағы күштік құрылымдармен бірлесіп, маңызды нысандарды қорғауға бір кісідей ат салысты. Тепсініп келгендердің бетін қайтарды.
Сөйтіп, күшіміз бірлікте екенін көрсеттік.
…Міне, содырлардың террорлық актілеріне осылай тойтарыс берілді.
Атап айту керек, лаңкестердің жаналғыш жалдамалыларын құрықтау операцияларына ҰҚК Шекара қызметінің өңірлердегі департаменттері қатысып, қаншамасын ұстап үлгерді.
Тіпті, Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Алмаарасан» шекара бөлімшесінің шекара наряды өздері күзететін аумақта жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқ бес адам мінген көлікті тоқтату үшін аспанға қарата оқ атуғаларына тура келген. Осыдан кейін барып, тежегіштерін басуға мәжбүр болған азаматтарды тексеру кезінде көліктен «Винчестер» маркілі қарумен бірге 12 калибрлі мылтықтың 7 оқ-дәрісі, 900 мыңға жуық теңге, тәттілер салынған пакет, найза күрек табылды. Қолға түскендердің барлығы да Алматы қаласының тұрғындары екені анықталды. Ендеше неге аяқ астынан тау асуға оқталғандарының себебін енді құзырлы мекемелер арқылы білетін боламыз.
Ең бастысы, елдігіміз сынаққа түскен сәтте шекарашылар өздерінің әлімсақтан бергі міндеттеріне сызат түсірген жоқ. Қанқұйлы қарақшыларға қарсы тұрды. Қыршын кеткен әріптестеріміз – Қазақстан елінің ұлттық батырларына айналды. Осының өзі де шекарашылар қатарында туған Отанының нағыз патриоттары тұрғанын білдірсе керек-ті!
ҰҚК Шекара қызметінің
запастағы подполковнигі Т.ДӘУЛЕТБАЕВА.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments