Четверг, 28 марта, 2024
Басты бетЖаңалықтарШилібастауда заманауи қақпа бой көтерді

Шилібастауда заманауи қақпа бой көтерді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы елімізде түрлі жағымды жаңалықтар орын алып жатыр. Бірі ауылға доп ойнайтын алаң салса, енді бірі саябақ ашып, ел игілігі үшін жақсы бастамаларды қолға алуда. Сондай жақсы жаңалықтардың бірі Шилібастау ауылында да болып өтті. Нақтырақ айтсақ, Шилібастау ауылында  ауылдың кіреберісіне заманауи үлгідегі қақпа орнатылды.

Ауылдың кіреберісіне сән беріп тұрған бұл қақпаның ашылуына ауыл тұрғындары қатысып, осы ауылдан өткен кісілердің аруағына құран бағыштап, салтанатты жиынды ашты. Құран оқылған соң ауыл ажарын кіргізіп тұрған қақпа салтанатты түрде ашылып, ауыл ақсақалдары батасын берді.

Осы игі істі ұйымдастырып жүрген ауыл жастарының бірі Оңалбек Мондыбаев бұл шара туралы өз ойымен бөлісіп, былай деді: «Біздің ауыл ауданнан шалғай жатса да ауызбіршілігі бекем. Аудан орталығына немесе қала жаққа сапар шеккенде әр ауылдың кіреберісінде өз ауылдарының аты жазылып тұратын қақпаны көргенде қызығатынбыз. Тек қызығып қана қоймай біз де осындай қақпа салсақ деп армандайтынбыз. Сол арманымызды іске асыру үшін ауыл ақсақады Орал Алшымбаев бастап, мен, Болатбек Омаров сынды жастарымыз бас көтеріп, осындай үлкен шаруаны қолға алсақ деп ауылдастарға өз өтініштерін білдірді. Бұл өтініш айтылған жерде қалмай ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін өз үлестерін қосып, қолдау көрсетті. Соның арқасында біз бүгін осындай сәні мен салтанаты жарасқан көрікті қақпамыздың ашылу салтанатында жолығып отырмыз.

Бұның бәрі бір адамның айтқанымен бітетін іс емес әрине. Бұған ауыл болып жұмылып, бар күш-жігерімізді салдық. Осындай баталы қарты, ақыл айтып, жол сілтер ағалары, жалынды жастары бар ауыл азаматтарының ұйымшылдығын көріп, ауылымыздың болашағы жарқын екеніне көзіміз жетіп, шын қуанып отырмыз»,-деді.

Иә, туған жерге ту тігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауыл үшін еңбек етіп, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық іс жасаған шилібастаулықтардың бұл ісі өзгелерге де үлгі болмақ деген ойдамыз. Ауызбіршілігіміз берік болсын ағайын!

Елдар Еркін

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments