Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетРухани жаңғыруҚазақ мультфильмі, қайда барасың?

Қазақ мультфильмі, қайда барасың?

Əрбір қазақстандықтың төріндегі «Көк сандықтың» сəуле шашқанына алпыс жылдан астам уақыт өтті. Осы кезең аралығында ол түрлі техникалық, шығармашылық өзгерістерге ұшырап, күн санап дамып отырды. Алғашқы кездері 100- 150 киллограмм болатын теледидарлар бүгінде жеңіл əрі қарапайым техникаға айналды. Ал оның ішінде көрсетілетін бағдарламалар, сериалдар мен кинолардың тəрбиелік мəні, маңызы өзгерді ме? Мақаламызда осы тақырыпты саралап, сараптауға ұмтылыс танытып отырмыз.

Елімізде алғаш рет 1958 жылы 1 қаңтар күні Өскемен қаласында көгілдір экранға жан бітсе, ал қазақ жеріндегі алғашқы телестудия тұңғыш хабарын 1958 жылы 8 наурызда іске қосты. Сол күні камералар мен техникалық телеорталық Алматы қаласында шымылдығын ашты. Алғашқы кезеңде қазақ телевизиясы негізінен ақпарат таратушы, бұрыннан бар кино, театр туындыларын қалың көпшілікке жеткізетін техникалық мүмкіндікті ғана пайдаланса, кейіннен, телевизияның ерекшелігіне сай өз туындылары да көріне бастады. Жедел түсірілген жаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы оқиғаның ортасынан жүргізілген репортаждар, студияның ішінде қойылған түрлі жанрдағы телетуындылар көрерменге жол тарта бастады. Осылайша, балаларға, жастарға арналған танымдық хабарлар, оқулық бағдарламалар дүниеге келді. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында шығармашылық топтың еңбектенуі нəтижесінде ауыл шаруашылығы, медицина саласындағы қызметкерлер сынды түрлі сала мамандарының мəселесі қозғалып, жетістіктерін бөлісетін авторлық бағдарламалар шыға бастады. Айталық, «Телевизиялық кафе», «Пай-пай, жиырма бес!», «…Автограф береді», «Мыңдар жарысының маршрутымен», «Сырласу», «Жолдас» хабарларын қазақ елі қызығушылықпен қарап, бағдарламалардан өзіне керекті ақпараттарды алып жүрді. Сонымен қатар, бірнеше сериялық деректі фильмдер мен отандық фильмдерді түсіру қолға алынып, өз жемісін берді. Осы замандағы телетуындылардың қайқайсысын қарасаңыз да қазақылықтың иісі аңқып тұрады, тəрбиелік мəні де зор.

Қазіргі қазақ телевизиясына келер болсақ, техникалық жағынан барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, даму үстінде. Алайда, көгілдір экранның арғы жағындағы көріністер біздің тəрбиемізге кері əсерін тигізуде. Бұл пайдалы, көруге тұрарлық арналар мен бағдарламалар жоқ деген сөз емес, əрине. Бүгінде балалардың айнымас серігіне айналған «Балапан» телеарнасы бүлдіршіндерді тəрбиелеуде таптырмас құрал болып отыр. Көптеген танымдық бағдарламалар арқылы балаларымыз үш тілді оңай меңгеруде. Бірақ, барлық арналардың күйі «Балапандікіндей» болмай тұр.

Бала тəрбиесінде теледидардың алар орны бөлек. Өйткені, бүгінгі бүлдіршін күнұзаққа көк жəшікке телміріп, онда көрсетілетін сансыз мультфильмнен көз алмайды. Бір қарағанда қарапайым суреттерден тұратын экрандық туындының баланың санасына ешбір əсері жоқ сияқты. Алайда, экранға жол тартатын мультфильмдер көркемдік тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да баланың санасына айтарлықтай əсер етеді.

Қазіргі таңда балаларға арналған туындылардың көбісі сын көтермейді. Басым көпшілігі шетелдің мультфильмдерін қазақ тіліне аударып көрсетіп жатыр. Ондағы жағымсыз құбыжықтар, роботтар, түрлі-түсті көліктер, атыс-шабыстар өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге кері əсерін тигізуде. Мысалы: «Лесси», «Саяхатшы Дара» т.б. айта берсек толып жатыр. Бұларды көрген кішкентайлар ішіндегі кейіпкерлерге еліктеп, іс-əрекеттері мен сөйлеген сөзін қайталаудан тартынбайды.

Тəрбиелік мəн беретін отандық туындылар да жетерлік. Бірақ қазіргі балалар неге өзге елдің мультфильмдерін көруге əуес? Себебі, бүлдіршіндерді қызықтыратын, бір қарағанда елітіп əкететін сапалы мультхикаялар жоқтың қасы жəне оны жасайтын мультипликатор да тапшы. Қазақ мультипликациясы дегенде, алғаш «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық» мультфильмдерінің авторы Əмен Қайдаров еске түседі. Оның жасаған анимациялық мультфильмдері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, оң бағаға ие болған. Соның ізімен жарық көрген Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқановтың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен Ай», «Қадырдың бақыты» мультипликациясы қазақ мультфильмдері тарихында ерекше орын алады. Ендеше, қазіргі технология дамыған заманда бүлдіршіндердің бойына ұлттық тəрбие, қазақы салтдəстүрді сіңіруге көмектесетін мультфильмді жасап шығаруға не кедергі?

Нағыз салт-сананы бойына сіңірген, дəстүрін ұлықтаған ұрпақ тəрбиелейміз десек, ең алдымен көгілдір экраннан көрген дүниемізді сараптап, саралайық, ойлы оқырман.

Айжан ТЕЛЕУБАЕВА,

Сұңқар орта мектебі «Күншуақ» шағын орталығының тəрбиешісі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments