Понедельник, 2 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтар«Қазыбек бек-Алматы-Қазыбек бек» бағытында жолаушылар пойызы жүргізілді

«Қазыбек бек-Алматы-Қазыбек бек» бағытында жолаушылар пойызы жүргізілді

Жамбыл ауданы Алматы қаласының іргесінде дегенмен шалғай жатқан елдімекен тұрғындарына қалаға қатынау оңай шаруа емес.

Əсіресе, төменгі аймақта орналасқан ауылдар үшін қалаға жету біраз уақыт алады, сонымен қатар қалтаға түсетін салмақ та оңай емес.

Мысалы, Теміржол ауылдық округінде Қазыбек бек пойыз бекеті бар. «Қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындар неге осы пойызды пайдаланбасқа» деген сұрақ ауылдағы ағайынның көкейінде көптен бері жүр. Сондай-ақ, бұл сұрақ бірнеше мəрте көтерілген болатын. Аудан əкімі Нұрлан Ертас осы мəселені шешу мақсатында Алматы қаласының əкімдігімен сөйлесіп, ұсыныс білдірген еді. Көптен бері талқыланған мəселе енді өз шешімін тапты.

«Тұран экспресс» жолаушылар компаниясы Жамбыл ауданына қарасты Қазыбек бек бекеті мен Алматы қаласы арасында қатынайтын жолаушылар пойызын жүргізді.

Тамыздың 3-нен бастап жолға шыққан жолаушылар пойызы 10 вагоннан тұрады. Əрбір вагонда 56 орын бар. Күніне екі рет жүреді. Жол ақысы небары 80 теңге. Бұл жаңалыққа ауыл тұрғындары ерекше қуанды. Себебі, тұрғындар осыған дейін Теміржол ауылдық округінен Алматы қаласына барып қайту үшін 2000-2500 теңгесін таксиге беретін.

«Ауылда көп адамда жұмыс жоқ. Қалаға барып қатынап істеу қиын. Себебі, тапқаныңның жартысынан көбі жолға кетіп қалады. Бұрындары қаладан пəтер жалдап тұрып, жұмыс істейтінбіз. Оның өзі де тиімсіз. Оқуға түскен балаларымызға да қолайлы жағдай жасалды деп есептеймін. Алматының қақ ортасына небары 80 теңгемен жетіп аламыз. Қуанышымызда шек жоқ. Осы игі істі қолға алып, көпшіліктің тілеуін орындаған басшылықтағы азаматтарға алғыс айтамын», – деді Қазыбек бек ауылының тұрғыны Ұлжан Нұрбаева.

Иə, шынымен де қалаға күнделікті такси күтіп баратын тұрғындар өте көп. Теміржол ауылдық округінде 6300-ден астам халық бар. Бұл тек Теміржолдықтарға ғана емес, Ақсеңгір, Жайсаң, Көкдала ауылының тұрғындарына да қолайлы жағдай.

 Жолаушы пойызының жүретін уақыты да тұрғындарға ыңғайлы етіп қойылған екен. Таңғы 05:32- де Қазыбек бек бекетінен шыққан пойыз Алматы-2 вокзалында 07:23-те тоқтайды. Сағат 10:20-да Алматыдан шығып, 12:20-да Қазыбек бек бекетіне қайта келеді.

Содан соң түскі сағат 13:22-де Қазыбек бек бекетінен қалаға қарай шығып, сағат 15:22-де Алматы-2 вокзалында болады.

Ал, Кешке 18:40-та Алматы-2 бекетінен кері аттанып, сағат 21:01-де Қазыбек бек бекетіне тоқтайды.

Бақтияр Айталы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments