Четверг, 7 декабря, 2023
Басты бетЖаңалықтар«Қарызсыз қоғам» ауыл халқының қаржылық сауаттылығын арттыра ма?

«Қарызсыз қоғам» ауыл халқының қаржылық сауаттылығын арттыра ма?

Ауыл халқының табысын арттыруға, жұмыссыз отбасылар санын азайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы барлық өңірлерде қызу қолға алынды. «Балық берме, қармақ бер» демекші, өз кәсібін ашуға ниеттенген әрбір жан үшін аталған бағдарламаның берер мүмкіндігі мол.

Мәселен, Алматы облысы эконо­ми­ка­сының негізгі қозғаушы күші ауыл шаруа­шылығы екенін ескерсек, аталған жоба бойынша 6 аудан, 102 ауылдық округ және 134 елді мекен түгелдей қамтылып отыр. Қазіргі таңда облысқа қарасты барлық аудандардан 5 бағыт бойынша 22,8 млрд теңге көлемінде төрт мыңға жуық өтінім түсіп, қазір 4,4 млрд теңгеге 891 құжат жиналған.

Тұрғындарға ауыл шаруашылығы кооперативтері құрамында кәсіптерін дамытуға жеңілдетілген түрдегі несие­лер берілуде. Бұл бағдарлама аясында үш ауыл шаруашылық кооперативі тір­келіп, қосымша 19 кооператив құ­ру жоспарда бар көрінеді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары алқа­бының 3,5 мың гектарға артып, яғни 465,8 мың гектар жердің ауыл шаруа­шы­лығы мақсатында пайдалануы аталмыш саланың біртіндеп алға жылжып жатқаның білдірсе керек. Суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде әзірге 40 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтірілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде жаңа жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын ашу болашақтың еншісінде. Бұл нарықты жергілікті жерде өндірілген ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектесері сөзсіз. Сондықтан белгі­лен­ген бағдарламаны жүзеге асыруда ауыл тұрғындарының белсенділігі керек-ақ.

«Ауыл аманатынан» өзге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да ауыл халқына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдаудың бірі. Аталған бағдарлама арқылы биыл 62 елді мекенде, оның 9-ы шекаралас аумақтағы ауылдарда 21,6 млрд теңгенің 88 жобасы іске асырылып жатыр. Осыған қарап, ауылдық жерлерді дамытуға арналған бағдарламалар мен жобалардың мақсаты айқын екендігін бағамдауға болады. Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан қайтарымды, қайтарымсыз несиелер арқылы қаржыландырып отырған кез келген кәсіптің берекелі нәтиже беруі көп жағдайда халықтың қаржы сауат­ты­лы­ғына байланысты болса керек.

Жоғарыда аталған жобалар аясында төмен пайызбен берілетін несиені ашатын кәсібіне байланысты сауатты түрде пайдалана білу қарапайым кәсіпкердің қаржылық білімін көтеруді талап ете­ді. Сондықтан халықтың қаржылық сауат­ты­­лы­ғын арттыру бағдарлама бойынша маңызды кезең болмақ. Бұл ретте Халық банкі мен «Amanat» партиясының арасында жасалған «Қарызсыз қоғам» ынты­мақтастық меморандумы халықтың қар­жылық сауаттылығын арттыруға кө­мек­тесері сөзсіз. Халық банкінің бас­қарма төрайымы Үміт Шаяхметова елімізде 1,3 миллионнан 1,8 миллионға дейін проблемалы қарыз алушы бар екендігін, осы жылдың соңына дейін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 76 мың адам қаржы сауаттылығына білік­тілігін арттыратындығын, аталған жо­баның бірінші кезеңінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Аты­рау және Маңғыстау облыстарында ұйым­дастырылатынын атап өтті. 200-ге жуық қаржы сарапшысы аптасына 5 күн, ұзақтығы 50 күнге дейін қаржы мәселесіне қатысты толыққанды білім береді. Оффлайн тәртібінде өтетін оқулар барысында маңызды сауалдарға сарапшылардан лезде жауап алу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. «Amanat» пар­­тия­сының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев: «Жобаның ең басты мақ­са­ты қаржылық сауаттылықты арттыру, ал ең не­гізгісі несие алып, қайтара алмай жүр­ген азаматтарға көмектесу. Олар несие кіріптарлығына қалай тү­сіп қалғандарын өздері де байқамай, соңында оны өтеуге мүмкіндіктері жоқ, үш айдан астам кешігуі бар, банкроттық туралы ойлай бастайды. Сондықтан біз осындай қиын жағдайға кезіккен жандарды тығырықтан шығудың жолын қарастырып, аталған жобаны қол­ға алдық», дейді. Оның айтуынша, жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, қа­­рыздың шектен тыс жиналуын
бол­­­­­­дырмауға және жалпы ауылдағы қар­­жы­­­­­лық мәдениетті жетілдіруге көмек­те­се­­­тініне сенімді.

Еліміздегі ірі қаржы жүйесін рет­теу­ші – Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова: «Біз әр­қа­шан әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауды өз миссиямыз деп біле­міз. Халық несие аларда тиімді мөл­шер­ле­менің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Тіпті, қа­рыз­дарын уақытында қайтара алмай проблемалы несие алушылар қатары өсіп отыр», деді жиын барысында. Несие алып, кәсіптерін дөңгелетуді ойластырып жүрген жоба қатысушыларына бизнесті қалай бас­тауды, оның неге бағыттау қа­жеттілігі мен бизнес-жоспар құ­руды, соны­мен қатар өз қаржысын тиімді бас­қа­­ру шы­ғын­дарын оңтай­лан­дыруды үй­ре­те­тін болады.

Өткен жылы банк тарапынан елімізде жеке тұлғаларды несиелендірудің шекті мөлшерлемесін 56%-дан 40%-ға дейін төмендеткен.

Ауыл халқының тұрмыстық әлеуетін жақсартуды мақсат тұтқан мемле­кет­тік бағдарламалар мен жобалар бар­шылық, бірақ соның нәтижелі болуы ха­лық­тың өз қолында. Ол үшін тұрғындар қаржылық сауаттылығын жетілдіріп, кәсібін дұрыс бағ­дарлай білуі керек.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments