Жексенбі, Қазан 2, 2022
Басты бет Жаңалықтар ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ САПА МЕН ҚАРҚЫН...

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ САПА МЕН ҚАРҚЫН…

Жуырда аудан əкімі Нұрлан Ертас Ұзынағаш ауылында салынып жатқан көпқабатты 3 үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Ол құрылыс алаңын аралап, жұмыс қарқыны тым баяу жүріп жатқанын сынға алды.

– Қазір ауылда жұмыссыз жүрген азаматтар баршылық. Көбі дəнекерлеуші, электрик жəне құрылысқа икемді жігіттер. Неге соларды жұмысқа тартпайсыздар? Ауыл азаматтары қалаға жұмыс іздеп сабылғанша, осында істесе дұрыс болмай ма. Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес біз қазір барлық округтегі бос жұмыс орындарын анықтап жатырмыз, – деді аудан əкімі өз сөзінде.

Құрылысты жүргізіп жатқан «Талас Құрылыс» ЖШС басшылығы бұл кемшіліктерді түзетуге уəде берді.

 Айта кететін жайт, осы көпқабатты үйлердің құрылысы биыл тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде.

Бұдан кейін Нұрлан Ертасұлы Тарғап орта мектебінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына назар аударды.

«Бауыр құрылыс» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген Тарғап орта мектебінде жөндеу жұмыстары негізінен аяқталуға жақын. Наурыз айында мектепке керекті жиһаздар орналастырылады.

Нұрлан Ертасұлы мектептің ішкі əрлеу жұмыстарының сапасына зер салып, барлық кабинеттерді аралап шықты. Сонымен қатар, аудан əкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісовке мектептің айналасындағы қажетсіз нысандар мен ескі ағаштарды ретке келтіруді тапсырды.

Аудан басшысы Самсы ауылына да аялдады. Осы елді мекенде 1977 жылы салынған Т.Сəрсенбеков атындағы орта мектепке де «Бауыр Құрылыс» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мектептің шатыры жаңартылып, ішкі едені, жылу жəне электр жүйесі ауыстырылмақ. Сонымен қатар ішкі қабырғалары қайта əрленіп, сыртқы қабырғасы жылу ұстайтын қаусырмамен қапталады. Қазіргі кезде сыртқы қоршауын ауыстыру, айналасын реттеу жұмыстары жүргізіледі. Ал жазғы демалыс кезінде негізгі жұмыстар қолға алынады.

Мектеп директоры Ержан Тастановтың айтуынша бұл мектеп 180 оқушыға арналған меже бойынша салынған.

Жыл сайын халықтың табиғи өсімі артып, былтыр даярлық сыныбының саны екіге жетсе, биыл үш сынып болуы ықтимал. Қазір мектепте 380 оқушы білім алуда. Мұғалімдер саны – 34. Шəкірт санының артуына байланысты бұл мектептің келешекте үш ауысымға көшуі мүмкін деген болжам бар.

Б.АЙТАЛЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments