Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетРухани жаңғыруҮмбеттің ұрпағының ісі үлгілі

Үмбеттің ұрпағының ісі үлгілі

«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге Кенен,

Су жорға Үмбетәлі қара дөнен» – деп, қазақ поэзиясының құлагері І.Жансүгіров жырлағандай, биыл Жетісу өңірінде туып-өсіп соңына өшпестей жыр, мұра қалдырып кеткен Үмбетәлі ақын мен Нұриланың айтысына 100 жыл толды. Сол айтысқа қатысып, Үмбетәлі мен Нұрилаға ағалық ақ батасын берген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың да 175 жылдығы тойлануда. Осы айтулы оқиғаны қайта жаңғыртып, өткен тарихқа көз жүгірту үшін сәрсенбі күні Ү.Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалды музейінде «Жетісудың желмая ақындары» атты тақырыпта мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Оған Жамбыл ауданы əкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент атындағы сыйлықтың жəне Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы, филиология ғылымдарының докторы, белгілі фольклортанушы профессор Анарбай Бұлдыбай, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, аудандық «Атамекен» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рəтбек Терлікбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының иегері, «Абитурист», «Турист» газетінің редакторы, белгілі журналистжазушы Баян Болатханова, Қазақстан Республикасының мəдениет қайраткері, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев, «ҚР мəдениет саласының үздігі», Қарасай аудандық мəдениет бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова, Қазақстанның халық ақыны Əбдіғали Сариевтің қызы Шəйімхан Сариева, ақын, журналист, үмбетəлітанушы Нұрлан Əбдібеков, «ҚР мəдениет саласының үздігі», жыршы-термеші, ақын, композитор Жылбек Тоқтасынов, ақын Қызжібек Жарқынбаева, «ҚР мəдениет саласының үздігі», Жамбыл музейінің директоры Салтанат Жамбылова, Сүйінбай атындағы музейдің директоры Мұрат Қобдалинов, суретші-мүсінші, Үмбетəлі ескерткішінің авторы Ахат Манапов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марат Төтеев пен Үмбетəлі ақынның ұрпақтары қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан əкімінің орынбасары Ақниет Тұрысбекұлы Тұматаев: «Тəуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл мəдени шарадан біздің аларымыз көп. Үмбетəлі мен Нұрила айтысының шоқтығы биік туынды екенін барша жұрт жақсы біледі. Үмбетəлі ақынның еңбектері əлі де терең зерттеулерді қажет ететіні аңғарылып тұр. Осы жолда зиялы қауым өкілдері ізденісін арттырады деген сенімдеміз. Біз осы арқылы өскелең ұрпаққа өткенімізді үйретіп, болашаққа нық қадам басамыз.

Бүгінгі жиынды ұйымдастырған музей қызметкерлері мен Үмбетəлі ақынның ұрпақтарына айтар алғысымыз шексіз», деп өзінің жылы лебізін білдірді.

Ол Үмбетəлі ақынның шығармашылығын зерттеп жүрген бір топ азаматтарды Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаеваның «Алғыс хаттарымен» марапаттаса, Шолаққарғалы ауылдық округінің əкімі Мақсат Керімбаев шараны ұйымдастырушылар мен музей қызметкерлерін өз тарапынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Бұдан кейін үмбетəлітанушы Нұрлан Əбдібек белгілі айтыс туралы жанжақты мазмұнды баяндама жасады. Ол: «Еркіндікке ерніміз жаңа тиген заманда, ел аман, жұрт тынышта, жаһанданудың есігін ашпай жатып өзінің ұлттық болмысынан безініп, тілінен айырылып, атқа теріс мінгендей, ұлтсыздану құрдымына құлап бара жатқан бүгінгі буын ұрпаққа «қазақтығыңа қайт» деп араша түсер бабадан қалған мұра – оның өнері болып табылады. Сол өнер деген ұлы орда, алтын сарайдың ішінде ұлттың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан табиғатынан дегдар болмысты қасиеті – ақындығы.

 Жалайыр Қабылисадан бастау алып, Ұлы даланың соңғы жырауларының ішіндегі Сүйінбай, Жамбылдың кезінде кемеліне келіп, Үмбетəлінің заманында отырықшы өмірге ат басын тіреген Жетісу поэзиясының қыртыс-қырларын келешекке ұғындырып кету қазір өңірдегі аға буын – біздің еншімізге бұйырған болар.

Бүгінгі жиынның басты мəселесі Үмбетəлі мен Нұриланың айтысы. Бұл айтыстың өткелі биыл ғасыр жүзін аударыпты. Айтысының бірнеше нұсқасы бар.

Бірінші – Нұрила мен ақындардың айтысы жəне Жамбылдың төрелігі.

Екінші – Ғылым ордасының ғылыми кітапханасына халық ақыны Саяділ Керімбеков тапсырған нұсқа.

Үшінші – 1953 жылы «Айтыстың» үш томдығында жарық көрген ұсынушының ат-жөні көрсетілмеген нұсқа.

Төртінші – ақынның 125 жылдығына орай жарық көрген жыршы Райыс Кереевтің нұсқасы.

Осы төрт нұсқаның ішінде ең алғаш хатқа түскені 1946 жылы Жамбылдың академиялық жинағында жарияланған «Нұриланың ақындармен айтысы жəне Жамбылдың төрелігі».

 Айтысқа Екей Арғынбай, Дулат Шүкітай, Бармақ, Кенен, Оспан мен Мақыш, негізгі айтыскер болып Шапырашты Үмбетəлі ақын қатысады.

Келмеске кеткен қазақ ақындарының шығармаларын жинастырып, қыр-сырын зерттеу бір адамның ғұмыры жететін, бір адамның қолынан келетін шаруа емес, əрине. Дегенмен, бұл тақырыпты келешекте тереңдетіп зерттеу қажеттігін шынай сезініп жүрмін», – деп өз ойын ортаға салды. Үмбетəлі мен Нұрила айтысын əлі де жан-жақты зерттеу керектігіне тоқталды.

Нұрлан Əбдібековтен кейін ортаға «ҚР мəдениет саласының үздігі», жыршытермеші, ақын, композитор Жылбек Тоқтасынов шығып, Нұрила мен Үмбетəлі айтысын Қазақстанның халық ақыны Əсімхан Қосбасаровтан жеткен нұсқасы бойынша тамаша жырлады. Ол айтыс барысында осынау тарихи оқиғаға тікелей атсалысқан Шапырашты-Дулат ақындарының əрқайсысының мақамына сай мəнерін келтіріп, сол кездегі оқиғаны көрермендердің көз алдына əкелгендей етіп, терең бір тебіреніспен, актерлік шеберлікпен айтып шықты.

Жылбек Тоқтасынов Үмбетəлі мен Нұриланың айтысын аяқтаған соң ортаға Жамбыл ұрпақтарының арасынан шыққан ұлы жазушы, ардақты Жұмабай Шаштайұлы шығып: «Ақындық – үлкен құбылыстың бірі саналады. Бұл құбылыс адам баласына даритын ерекше дүние. Сүйінбайдан шыққан ақындық Жамбылға, Жамбылдан Үмбетəліге ауысқан сияқты көрінеді бізге.

Үмбетəлі мен Нұрила айтысының өзіндік ерекшелігі бар екенін жақсы білеміз. Ол ерекешелік мынада: Нұрила мен Үмбетəлі ақынның айтысында құлаққа тұрпайы естілетін сөздер бар. Бірақ ол сөздер өзінің орнымен қолданылғандықтан бізге тіпті жағымды əсер қалдырады. Мұның өзі үлкен шедевр дүние деуге болады.

Ал бүгінгі жиынға келсек, Жылбек Тоқтасынов бауырымыз айтқан айтыста ол əрбір ақынның өз мақамын сақтап, жұртшылықты шынайы сендіре орындауы мені ерекше таңғалдырды. Ел ішінде жүрген осындай өнерпаздарды əрдайым қолдау керек.

 Ал, Нұрлан Əбдібек бауырымыздың баяндамасындағы тың деректер мен оқиғаларды талдап жазуы, айтыстың бірнеше нұсқасын түсіндіріп өтуі үлкен ерлік. Нұрланның осы баяндамасы арқылы біз оның ғылымнан соншалықты алыс еместігін аңғарғандаймыз. Жалпы, бүгінгі мəдени іс-шара Үмбетəлі ақынның музейінде өтсе де республикалық дəрежеде өтетін конференциялардан еш кем соққан жоқ. Сол үшін музей қызметкерлері мен ақын ұрпақтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін», деді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Анарбай Бұлдыбаев: «Иə, бұл айтыс Үмбетəлінің басқа да шығармалары сияқты əлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай оның айналасындағы Жетісу ақындарының шығармашылығы жинақталған 30 томдық кітап жарық көрді. Сол 30 том кітаптың бір томына біз Жамбылдың сүйікті шəкірті, «өлеңнің қара жорғасы» атанған Үмбетəлі Кəрібаевтің өлеңдері мен айтыстарын, толғауларын енгіздік. Бұл да Үмбетəлі ақын рухының алдында өтелген азаматтық борышымыздың бірі деп білеміз», – деді сөз қорытындысында.

 Мəдени іс-шарада Үмбетəлі Кəрібаев атындағы орта мектептің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.

Рухани тəрбиелік мəні айтарлықтай əсерге бөлеген осы жиынның соңында Үмбетəлі Кəрібаев атындағы əдебимемориалды музей қызметкерлері құрастырып, ақынның ұрпақтары демеушілік еткен, көрнекті баспагер, журналист-жазушы жерлесіміз Баян Болатханованың жеке баспасынан шыққан шыққан «Үмбетəлі мен Нұрила айтысына 100 жыл» атты сый-кəде кітабының таныстырылым рəсімі жасалып, көпшілікке таратылды.

Жиын соңында Үмбетəлі ақынның ісі үлгілі ұрпағы саналатын қызы Əлия мен күйеу баласы Əуесбай Тəжібаевтың, жиен немерелері мен туған-туыстарының шынайы ықыласпен жайған берекелі дастарханынан құрметті меймандар дəм татып, ақын рухына Құран бағыштады.

Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments