Пятница, 11 октября, 2024
Басты бетРухани жаңғыруӘлеуметтік желінің де әдебі бар

Әлеуметтік желінің де әдебі бар

Технология дамып, адам санасы «жаңғырған» сайын рухани құндылықтардың бағасы күрт арзандап барады. Айтайын дегеніміз, интернет пен əлеуметтік желідегі виртуалды өмір туралы бірер сөз еді.

 Қазір смартфонға үңіліп, күніге бір мəрте əлеуметтік желіге көз жүгіртпесек, ішкен асымыз бойға сіңбейтін болды. Уақыт ағымы, замана талабы солай. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ əр жақсы нəрсенің де өз шегі бар екенін ұмытпасақ керек. Ашықтық пен жариялылық осы екен деп, жеке бас құқығын таптап, адами құндылықтарды ысырып қоюға бола ма?

 Жалпы, желідегі жазбалар адам психологиясына қалай əсер ететіні туралы көпшілік жақсы біледі. Тіпті кей адамдар əлеуметтік желі ұнамаса, кірмей-ақ қойсын деуі мүмкін. Алайда, кез келген игілікті дұрыс пайдалансаң ғана оң нəтиже беретінін ұмыта бастағандаймыз. Тіпті озық білімнің өзін тəрбиемен ұштастырып, соған бойлағанда ғана толымды нəтиже беретінін, одан басқасы апатқа ұшырататынын əл-Фараби айтты емес пе?

Желіде радикалды, ұлтаралық араздықты тудыратын, адамзаттық құқықтық құндылықтарды таптайтын, теріс идеяларды тарататын арнайы топтар мен қауымдастықтар тым белсенді. Ең қауіптісі, көбіне қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың өзегін тауып, «адвокат» бола қалатын сол топ мүшелері. Отбасы құндылықтары, тағылымды тəрбие, тектілік тақырыптарын қаузап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар бар. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда, ел көбіне арзан «хайп» дүниелерге ден қояды. Сынаса да, бойын үйретіп алды. «Дос» болып алды. Ел білетін, құрмет тұтатын азаматтардың өзі кей жазбаларында руханиятқа келгенде «иммунитеті» əлсіз екенін көрсетіп қалып жатыр. Қайғылы оқиғалар орын алса бірден смартфонға суретке түсіріп, желіге жүктей салуға əуес. Жалпы бұл қайдан келген «вирус»? Кімнен жұққан «дерт?».

Мұның бір ғана жауабы бар. Ол – сананы отарсыздандыру. Қанымызға сіңіп, рухымызда сіресіп тұрған «тежегіштен» арылу. Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп қабылдай білу, айта алу мəдениеті. Қоғамдық сана мен мəдени орта құстың қос қанатындай егіз ұғымдар. Осы екеуінің үндесуі, қатар дамуы нəтижесінде ұлт ретіндегі талғам биіктігі пайда болады. Осы талғам көрсеткішінен əлеуметтік желідегі өз бейнемізді көреміз. Əр адам қоғамның мүшесі дейтін болсақ, оның ішкі мəдениеті, рухани кемелдігі мен парасат-пайымы желідегі жазбасынан байқалады. Ал енді жеке көзқарастар шоғырын қоғамдық тобыр қалпына салсақ, мəдени ортамыздың шынайы бет-бейнесін көреміз. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» дегеннен басқа айтарың қалмайды…

Еуропа елдерінде əлеуметтік желінің ішкі ережелері қатаң сақталады. Автор жазбасында шектен шығып жатса, артынша желідегі достарынан кешірім сұрап, ағынан жарылады.

Əлеуметтік желі рухани дағдарысқа əкеп соғатын бірден-бір факторға айналуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Сарапшылар өз пікірін ысырып қойып, өзгенің жетегінде кететін «əлсіз» топтар осы желінің өнімі дегенді жиі айтып жүр. Пікір негізсіз де емес.

Қазіргі таңда əлеуметтік желі ақпараттық идеологияның ажырамас бөлшегіне айналды. Осы платформа арқылы ақпарат берудің жаңа формасы пайда бола бастады. Əрине, белгілі бір пайдалы тақырыптарды қаузап, қоғамдық талқылауға салып, шешу жолдарын ұсынып жүрген əлеуметтік топтар да бар. Əр адамның ішкі мəдениеті, тəрбие-танымы əртүрлі. Көрген-білгені, көңілге түйгені бар дегендей. Қоғамдық тəрбие əр адамның жеке мəдени көзқарасы негізінде қалыптасады. Олай болса, əр адам желідегі өз жазбасы арқылы мəдени ортаны не тазартып, не лайлап жатыр деген сөз. Əлеуметтік желі – рухани мəдениеттің жаңа түрін түзіп жатқан платформа. Ал рухани мəдениет тақырыбы осы уақытқа дейін өте нəзік, тым астарлы һəм тағдырлы сипатымен бұзылмай келді. Сондықтан желідегі жазбамызға абай болайық, ағайын!

Əйгерім ДƏУІТБЕКҚЫЗЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments