Сенбі, Қазан 1, 2022
Басты бет Жаңалықтар Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Жамбыл ауданына іс-сапармен келді. Сенатор аудан əкімдігінде жиналыс өткізді.

Жиынға аудан əкімі Нұрлан Ертас, аудандық мəслихаттың хатшысы Саят Жұрын, «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ықылас Амалбек, аудан əкімінің орынбасарлары, ауылдық округ əкімдері, аудандық мəслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Еркін форматта өткен басқосуда сөз сөйлеген Жанболат Əкебайұлы Жамбыл ауданында көтерілген өзекті мəселелерді талқылады.

 Соның ішінде, ортақ жайылым, үш ауысымды мектеп, ауыз су, көше жолдары сынды ең маңызды жұмыстарға бөлінетін қаражаттың көлемін ұлғайтудың жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар аудандағы өзекті мəселенің бірі ортақ жайылым мəселесіне тоқталды. Бұл бойынша мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған «Жер аманаты» комиссиясы алдағы аптада Алматы облысына келіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтарумен айналысатынын атап өтті. Аталған комиссия халықтың арызын бей-жай қалдырмау мақсатында еліміздің барлық өңіріндегі заңсыз тіркелген жерлер мен пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны көпшілікке ортақ жайылым ретінде беруді көздейді.

Сенатор өз сөзінде былтыр тамыз айынан бастап ауыл əкімдерін халықтың дауыс беруі арқылы сайлау əдісі енгізілгенін, ал 2024 жылдан бастап аудан əкімдерін де халық сайлайтынын жеткізді.

Жиын барысында Нұрлан Ертасұлы ауылды көгалдандыру ісіне кедергі болатын бір мəселе – ауылда малдың шектен тыс көп ұсталуы екенін айтты:

– Əрине, малмен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға мал ұстамасын демейміз. Дегенмен, кейбір отбасы 50-60 бас ірі қараны, мыңға жуық ұсақ малды аядай ғана ауылда ұстап отыр. Осыған заң жүзінде белгілі бір мөлшерлеме болғаны дұрыс шығар. Бұлай жалғаса берсе ауылды көгалдандыру, көркейту жұмыстарын жасағанның пайдасы қанша. Тағы бір өзекті мəселе – үш ауысымды мектеп. Ауданымызда 37 мың оқушы, 3500-ден астам мұғалім бар. Жыл сайын бірінші сыныпқа 4000 бала барады. Қазір ауданда үш ауысымды мектептің саны 10-ға жетті. Дəл қазір бізге 4-5 мектеп жетіспейді. Біз оған тиісті жер телімін қарастырдық. Мектеп салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе бұл тығырықтан шығар едік, депутат ретінде осы мəселеге ықпал етсеңіз» – деп сенаторға ұсыныс жасады.

Жанболат Əкебайұлы бұл мəселенің барлығын өңір басшысымен бірге отырып талқылап, республикалық деңгейде шешілетін сұрақтарды депутаттық сауал ретінде көтеретінін айтты. Жанболат Əкебайұлы бұдан өзге Еңбекшіарал ауылына ауыз су жүргізу, суармалы жерлердің арық жүйесін қалпына келтіру, Алматы–Қарғалы бағытындағы қоғамдық көлік мəселесін шешу сынды халық жиі көтеретін тақырыптарға жекежеке тоқталды.

 Жиында бүгінгі таңдағы қымбатшылық жайлы да əңгіме өрбіді.

Əлеуметтік азық-түлік бағасын тексеретін мониторингтік топтардың жұмысын күшейту мəселесі айтылды.

 Аудан əкімінің орынбасары Ақниет Туматаев азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін аудан орталықтарында мемлекеттік азық-түлік қоймалары болса деген ұсыныс білдірді. Өйткені қыс мезгілінде көкөніс өнімдерін алыстан тасымалдау оның бағасын көтереді. Бағаны басып ұстаудың ұтымды жолы осы дегенді алға тартты.

Аудан əкімінің орынбасары Əділбек Қамбарұлы елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын шетелдегідей мемлекет тарапынан төмен пайызбен несиеге алу мүмкіндігі қарастырыла ма деген пікірді алға тартты.

Сенатор бұл мəселенің əр ауданда көтеріліп жүргенін, шаруа қожалық иелеріне нағыз көмек төмен пайызды несие екенін атап өтті. Мысалы, Ресейде ауыл шаруашылығы банкі арқылы шаруаларға 2-3%-бен техника алуға несие береді. Осындай жобалар алдағы уақытта біздің елде де жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.

Бақтияр АЙТАЛЫ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments