Понедельник, 14 октября, 2024

Өз ісінің шебері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің барлық Жолдауында шағын жəне орта бизнеспен қатар кəсіпкерлерді қолдау мен дамытудың маңыздылығын үнемі алға тартып келеді. Соған сай кəсібінен нəсібін теріп жүрген кəсіпкерлерді қолдау ісі ауданда ойдағыдай іске асуда. Қалай десек те кəсіпкерлердің ерен еңбек етіп, жұмыстарын дамытып, ширатуына үкімет тарапынан көрсетілетін көмек көп.

Бүгінгі мақаланың арқауына айналған «Қадам KZ» өз жұмысын 2019 жылы бастаған болатын. Ашылу салтанатына қатысқан сол кездегі аудан əкімі Бағдат Əлиев таза былғарыдан аяқ киім тігетін кəсіпкер Əсел Болатқызының жұмысына сəттілік тілеген еді. Міне, содан бері шебердің қолынан шыққан аяқ киімдерді тұтынушылар саны күн санап көбеюде.

Қазіргі таңда аталмыш кəсіпорын Ұзынағаш ауылының «Дархан» кешенінде бір бөлмені жалға алып, өз жұмысын жалғастыруда. Мұнда Əселден бөлек аяқ киімнің табанын қалыптаушы Мұратбек Солтанханұлы жұмыс істейді. Бұл кəсіпорын былғары өнімдерін Шымкенттен алады. Содан əр түрлі өлшем бойынша ерлер, əйелдермен қатар балаларға күздік, қыстық, жаздық аяқ киімдер тігуде. Қазақи ою батырып тігілген саптама етіктерге шетелдіктер қызығушылық танытып, сатып алуды дəстүрге айналдырған.

Дана халқымызда «ерінбеген етікші болады» деген қанатты сөз бар. Етік тігу айтар ауызға оңай көрінуі мүмкін, шындап келгенде оңай жұмыс емес. Темірдей төзім, шыдамдылық керек. Негізінен, етікші ер адам болады десек, енді бұл кəсіпті Əсел өз қолына алған. Жаны нəзік əйел затына бұл кəсіптің жеңіл болмайтыны анық. Соған қарамастан Əсел кəсіпті ұршықша иіріп алған. Бойынан іскерлігі байқалып тұр. Қанша жұмыс жасап жатса да Əселдің жүзінен шаршау белгісі байқалмайды. Келушілер мен тапсырыс берушілерді жылы жүзбен қарсы алып, алатын аяқ киімдерін көрсетіп, таңдап беріп жатқан жайы бар. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңіл шебер жанға деген үлкенкішінің ықыласы тіптен ерекше.

– «Қыз өссе елдің, гүл өссе жердің көркі» демекші, қашан да қыз өмірдің қызғалдағы болып саналатыны ақиқат. Мен өзге қыздар сияқты əжемнің, анамның қасында жүріп шілтер мен кесте тігіп, ине сабақтап шеберлікке бейімделдім. Текемет басқанда киіздің бетіне ою салуға алты жастан бейімделіп, бойжетіп өстім. Бойжеткен кезден бастап аяқ киім, етік тігуге деген ынта ықылас пен құлшынысым арта түскен еді. Содан Алматыда етікшімен (сапожникпен) кездейсоқ таныстым. Ол маған аяқ киімді табандап тігуді үйретті. Дайын болған ерлер мен əйелдер аяқ киімдерін барахолкадағы базарға апарып саттым. Əбден үйреніп алған соң мен жеке бөлініп осы кəсіпті жалғастырдым. Басында əрине қиындау болды, соған қарамастан аяқ киім тігуден жалықпай шеберлігімді шыңдай түстім. Нəтижесі жаман болған жоқ, орындарды жалға алып өз кəсібімді дөңгелеттім. Жүрек қалауыммен қолға алған кəсібім арқылы көпшілікке таныла бастадым. Сөйтіп тиыннан теңге құрап, кəсіпкерлікті толық меңгердім десем де болады. Қазір цехта 10 тігін машинасы бар. Бұл апараттар былғарыны жұқартатын, созатын, кеңейтетін жəне тігетін заманауи қондырғылар.

Бізге келіп етік тігуді үйренем деушілерге көмегіміз дайын. Осы қолымнан шыққан аяқ киімдерді Омскіге, Тюменге, Өзбекстанға алып барып көрме ұйымдастырдық. Қазақи ұлттық ою бастырылған ерлер мен əйелдердің етіктеріне қызығып сатып алушылар қатары аз болмады. Ал, 2023 жылдың қазан айында « Аспара» атты халықаралық елдердің көрмесі өтеді деп күтілуде. Бұған түрлі елдерден көптеген дизаинерлер келіп қатысатын болады. Менде барып өзім тіккен былғары аяқ киімдерді көрмеге қою ойымда бар. Алдағы мақсатым – «Қадам KZ»-ті дамытып, келешекте фабрикаға айналдыру. Менің қолымнан шыққан етікті жас əнші Димаш Құдайбергенов 2019 жылы Астанада берген концертінде сахынаға киіп шықты. Бұдан басқа да өнер саласында жүрген ер азаматтар мен қыз-келіншектер алып киген болатын. Қалай десек те біздің тіккен аяқ киімдерге деген сұраныс бар.

Қазір сауда нүктелерінде сапасы төмен арзан аяқ киімдер көп. Көп киіс бермейді, тез тозады. Ал, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдерді көп уақыт киюге болады. Аяққа жайлы, иістенбейді, сатып алған пұлын ақтайды. Өйткені таза былғары ғой. Орталық базардан орын алып, аяқ киімдерді саудаға шығарсақ деймін. Кəсіпкерлік саласы қашанда қолдауды қажет етеді. Біздегі баға алушыларға əрдайым қолжетімді.

Бəз біреулер əйел затына бұл кəсіп қол емес қой деуі де мүмкін. Ал, мен өз кəсібімді əрдайым мақтан тұтамын, жұмысқа кіріскен кезде жан рахатына бөленемін. Менің қолымнан шыққан аяқ киімдер көпшілік көңілінен шығып жатса қуаныштымын. Қазір тұтынушылар көзі ашық, сапалы киім киюді қалайды. Олай болса, «Қадам KZ»-ке келіп аяқ киім алсаңыздар болады», деген танымал шебер Əсел Болатқызын біз де қостадық. Əлі де тың ізденіспен аяқ киім тігуді жалғастыратын кəсіпкердің былғары бұйымдары көпшілік талғамынан шығады деген ойдамыз.

Тұрсынжан Асқарұлы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments