Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылӨН БОЙЫ ТОЛА ӨЛЕҢ-ЖЫР

ӨН БОЙЫ ТОЛА ӨЛЕҢ-ЖЫР

Күллі республиканың үлкенкішісі жыр алыбының жүз жиырма бес жылдық тойын думандатып жатқанда мен ауруханада едім. Оңаша палатадағы жападан-жалғыз жабырқау жанның көз алдында дүйім жұрт думандап жатқан тойдың шаттық көріністері көлбеңдеді де тұрды.

 Біз оның бозбала жігіт кезінен қанша бейхабар болсақ, балаң ақын кезінен де сонша керқұлақпыз. Ол бізге алғашқы беттерін алыс жылдардың құтырынған құйындары жыртып, ортасынан ауа аман жеткен көне кітаптай көрінуші еді. Дəлдеңкірей түссек, ол əлгі парақтары сарғыш тартқан жалбажұлба жыртық кітаптың өзінен гөрі, соған жазылған ескі қиссаның тоқпақтай тұлдыр, тобадай жалғыз кейіпкері – ежелгі ерлерге көбірек келіңкірейтін еді. Тау тұйығында оқта-текте бір есетін кезбе желдей үзік-үзік, келте мəліметтердің айтуынша: бабаларының арасында батыр көп болыпты. Ал өзі əке батасын аттап, жағын сатып күн көрген жалба тонды ақындықты қалады. Аталары ақбас Алатаудың көкмайса сай-салаларынан өрбісе, өзі тұлдыр даладағы жалаңаш Жамбыл таудың етегінде жерге түсіпті. Анасы оған Қоқан ханы Құдиярдың құрығынан қашып жүрген ұлы сүргін тұсында тосыннан толғатыпты. Сөз реті қаза кетпесін: Құдияр оның бабаларына көрсеткен қоқан-лоққысын менің бабаларыма да жасапты. (Кер тағдырлы ата-баба сүрлеуі қалайқалай ойқастап, көнтерілі уақыттың қай-қай белеңінен тосады десеңізші!) Қайталап айтайық: кейуана қарияның сақал-мұрт басқан салғырт жүзіне қарай отырып тал бесікте уілдеп жатқан жас иіс сəбидің періште бейнесін көзге елестету қандай қиын болса, дүлдүл ақынның сəби кезі, балауса шағы шамамен мынадай болған шығар деп бал ашу да сондай қиын. Бар білетініміз: ел Екей ақындық жағынан ерекше салымды болыпты.

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Сарнайды жын қаққандай кешке жақын, – десе дегендей-ақ, Екейдің əйел-еркегі күні бүгінге дейін оңтайы келгенде өлеңдетіп қоя береді.

Ол – ұлы Абаймен құрдас екен. Құрдасы торқа жамылып, топырақ астына кеткен соң да ол қанша ғұмыр көрді. …Ол асарын асап, жасарын жасап бітті дейтіндей шағында күллі совет поэзиясының «айналайын, алыбым» деп алдына ұстар аруағына, желпілдетіп төбесіне көтерер туына айналды. Қызыл тілін қылыш кеспес қиқар шал мұндай қошаметқолпашқа қандай рай танытты екен? Ол арасы бізге беймəлім. Біздің білетініміз: ол өз бойындағы өнерді ерекше қастерлеген, қадір тұтқан. Өзіне де, өзгеге де бірдей қатал кəрі ақын көрінгенге ақтарыла беретін аңқылдақтардан емес-ті. Өмірінде екі-үш жерде ғана жүрек түбіндегі жан сырын айтып, тіс жарыпты. Сондағы мəлімдегені: жырының құтпаны – жолбарыс екен. Құлағын қиссаға қақтап, жұрт сенген нанымның көбіне өзі де сенген кəрі жампоз əлгі кереметіне имандай ұйыса керек. Екі жақтың да қырғи тілі найза боп түйрескен қыздықызды айтыстар тұсында адуын ақынның шабыты тап берер тарғыл жолбарыстай тосыннан шапшымақ түрі бар.

Кəрі жампоз көз жұмарда, басы Сəбит Мұқанов пен Əбділда Тəжібаев болып, бір топ ақын көңілін сұрауға барыпты. Мұндайдағы үрдіс бойынша: «Тəте, əлі-ақ жазылып кетесіз», – деп жұбатқылары келсе, ақын басын шайқапты: «Жоға, шырақтарым, дəл сендер келерде босағамда жататын жолбарысым орнынан тұрып, жөнеле берді. Шақырып едім, қарамады. Өлім-екең онша алыс болмас».

 Жолбарыс жыр қайырылмай бара жатса, қалған ғұмырдың қажеті де шамалы еді оған!

Ол туралы үзік-үзік мəліметтер ойыңды қайта-қайта бөле береді.

Жамбыл Жабаев болғалы ол туралы айтылмаған кітап, жарияланбаған мақала, қорғалмаған диссертация жоқтай. Орта мектеп пен жоғары мектепте оның өмір жолы мен творчествосы арнайы сабақ болып өтеді.

М.Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтында Жамбылға əдейі бөлім ашылды. Бірақ ол туралы білмейтініміз əлі көп. Əсіресе революцияға дейінгі өнерпаздық жолының талай беті тайға басқан таңбадай ақи-тақи анықтала қойған жоқ. Алайда, Сарыарқа мен Жетісудың қай ақынын да бетке қаратпаған айтыскер ақын болғанын жақсы білеміз. Онымен айтысқандардың бізге аты жеткендері: Айкүміс, Бөлектің қызы, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Майкөт, Шашубай, Досмағамбет. Əсіресе, Алатаудың атақты жайлауларының бірінде Құлмамбетпен айтысқаны ақын атын алты алашқа əйгі қылды. Ол айтыс төкпе поэзиясының теңдесі жоқ биік үлгісі болып табылады. Оған дейінгі айтыстары арқылы жүйрікті алқалы жиынға апарар жолдағы əзірліктер сияқты еді.

Тоғыз ақынды топалаң асырған Құлмамбет те нағыз іздегенге сұрағанның өзі еді. Босағада жауырыны жерге тиген пұшайман палуандардай сүмірейіп сөзден жығылған тоғыз ақын отырды. Қастарында құдды ат үсті сайыста қолдарынан ұшып түскен сойылдай қылжиып-қылжиып тоғыз домбыра жатты. Шаршы төрде шалқып отырған Құлмамбет түлкі көрген қырғидай тұра бас салады.

Айтыста ұрымталдан тап беріп, алдымен киліккен ақынның ұтары көп. Кəнігі Құлмамбет жас жігітті қапысын тауып, қанжығасына байламақ еді, сойыл тиген бөрідей қалай сұлап түскенін өзі де аңғара алмай қалады. Əрине, Жамбыл Құлмамбеттей емес, əлеуметтік құлашы аса кең ақын-ды. Оның үстіне кəрі ақын кəрілігін істеп, үйреншікті сүрлеуді шиырлап кетті, руға килікті, ата-бабаға тіл тигізді, тек қуалап, тегін олжа іздеді. Қырдағы қара табанның зығырданын қайнатқан зəһар сөздері көкірегіне аямай кек жинаған азу тісі балғадай жас ақын, пірі Сүйінбай сынды өңмендеген өр кеуделердің өлер жерін қапысыз тапты.

Былайғы тірлікте үстем тапта талай-талай есесі кетіп, езгі көріп жүрген кедейлер сонау тағы заманда қиянаткерлерінен кекті қылыштың жүзі, көк сүңгінің ұшымен ала алмағанда, кейде осындай айтыстарда ақынның тілі есе қайтарып беретін. Айтыстарда ақыны жеңген халық құдды бəйгеден аты келген, күресте палуаны жыққан елдей еңсесі бір көтеріліп, аруақтанып қалатын. Айтыста ақын өз табының сойылын соғатын жанашыр жақтаушысы немесе дəріптеп мақтаушысы ғана емес, шын мəніндегі суырып салма ақын өз табының нағыз адал, азамат перзенті. Ондай азамат ақын кедей табының жел жағындағы қорғанышы, панасы болғандықтан да осындай ірі-ірі айтыстарда зорлықшыл қиянаткерлерді өткір тілімен түйреп, жиналған жұрт алдында үкім шығарушы, əшкерелеуші де. Былайғы бір кезде үстем тап өкілдері жұрттың тіліне тұсау, ақындар айтысының сонау атам заманнан бермен қарай ел үрдісінде сақталған демократиялық дəстүрлі салты бойынша, екі жағы да осы тұста ірікпей ойындағысын ашық айтатын-ды.

Халық мұңын жақсы білетін сұңғыла ақын есесі кеткендердің кекті сөздерінен асқан тегеурінді сөз табылмайтынын ұққанды. Қаршадайынан айтыстың арғымағының жалына жабысқан жас жігіт, ұшқыр шабыт, ұтымды ойға əбден ұсталанып алған-ды. Мұхтар Əуезов айтқандай: айтыста да шешендік өнердегідей жеңіс тағдырын кімнің ұзақ жарлап, жарлы сөйлегені емес, жұлыннан тиер жүйелі ой, тапқыр сөз шешетін-ді; сондықтан да, ол ақыннан өзін қоршаған əлеуметтік ортаның жай-жапсарын жақсы біліп, жұрт көкірегіндегі өзекті сауалдарға өз жауабын тайсалмай айта білуді талап ететін-ді; халықтық творчествоның қай төскейіне салсаң да алқынбайтындай алқымы кең, жанжақты талантпен қоса халықтардың сан ғасырлық тарихының, рутайпа өмірінің егжей-тегжейінің, өлке-өңірдің географиясының, тағысын тағы жағдаяттардың ұңғыл-шұңғылына дейін жетік сұңғылалықты қажетсінетін еді.

Жамбылдың үлкенді-кішілі шығармаларын біздің заманымызға ұмыттырмай жеткізген – жыр дегенде ішкен асын жерге қоятын ақынжанды халықтың құйма құлағы. Бір жақтан ақ патша, бір жақтан Қоқан хандығы қоқаңдаған қысталаң заманда халық жадында көрінген сөздің тегіннен-тегін жаттала да, сақтала да қоймайтыны өз-өзінен түсінікті. Жамбылдың да талай-талай жырлары сергелдеңдерде естен шыққанымен, көпшілігі-ақ көшпелі халықтың күнделікті күйбең-күйбең қамының бəрін ұмыттырып, сананың сандығында сары алтындай сан жылдар бойы сақталып келді. Ол жыл өткен сайын қордалана түсіп, бүкіл бір ұлттың көп ғасырлық күрес жолының ұлан-ғайыр шежіресіне айналды.

Жақын жүріп, жақсы білген адамдардың айтуы бойынша, ол өмірді өлердей сүйген, жастарды жақсы көрген, жаны сергек адам болыпты. Əншейінде бабы таптыра қоймайтын қытымыр, кінəмшіл қарияның енді бір кезде сұлу келіншек ұшырасса тез жадырап, түлеп сала беретіні бəз бір замандастарына ерсі көрінуі де мүмкін. Ол шын арқалы ақындардың қай-қайсысы секілді оңай егіліп, оңай əсерленетін ұшқыр шабыт иесі-тін. Сондықтан да қашан көзі жұмылғанша сұлулық атаулыға ынтышынтысымен ынтық болып өтсе, оның таңданатындай ештеңесі жоқ-ты. Бұл ретте ол ақтық сағатына дейін ғашықтықты жырлап өткен ұлы Гетені еске түсіреді.

Айкүміспен айтысқанда ол былай демеуші ме еді:

 Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,

Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп.

 Арыны басылмаған арсыз көңіл,

Тағы да етіп отыр сізден үміт…

Шабытты ақынның қай шығармасында да жан-тəнімен сарқыла сөйлейтін əдеті. Əлгінде ғана түнгі алаудай лаулап отырған аңқылдақ ақын айтыс біткен соң, көшіп кеткен керуеннің жұртында сөніп бара жатқан өлімші қоламтадай сарғайып сала береді. Ондай кезде Жамбыл да оңашаны сағалап, өзөзінен тұйықталып, беті ауған жаққа тентірей, сенделіп кететін көрінеді. Кіреукелі көңіліне жұбаныш іздегендей, ұлан-асыр жаратылыстың əлде бір тұңғиығынан жұмбақтап тіл қатқан бармақтай түз құсының үздіккен үніне ғана құлағын тосып, қалған дүниемен шаруасы болмапты дейді.

Ол ауылдан ауылға сапар шегіп, ат үстінде жүргенді ұнатады екен. Осы кезге дейін далиған дала төсінен айдау қара жол кезіксе, артына домбыра өңгеріп, алағызып ойын бөлмейтін тұғжым торының китің жүрісіне күңірене үн қосып, Жамбыл келе жатқан жоқ па екен деп жалтақтай берем.

Қашан, қайдан оқығаным есімде жоқ; өзіңмен өзің қалған оңаша сəттердің рахаты жайсаң шараптың жан дүниені балбыратар бал лəззатынан кем түспейтін көрінеді. Жетісудың жасыл жондарында жападан жалғыз Жамбыл келе жатыр. Артында – қарлы басы көк тіреген Алатау; алдында далиып құшақ ашқан дарқан дала; төбесінде – тұңғиық аспан; төңірегі – жұпар аңқыған бөрте жусан…

 Көңілінің қай-қайдағы құрыстырыстарының бəрі жазылып, көкірегі жаздың көкпеңбек аспанындай жадырай ашылып, көмейін бір сиқыр сөздер қытықтап, көңіліне шым-шым енген тұма суындай, мөлтеңдеген өлең оралады. Арқасындағы домбыраға қолын сонда да созбайды. Ақын көкірегінің қара шанағы өз-өзінен күмбірлеп келе жатқанда қос ішекті безектетіп қайтсін…

ектетіп қайтсін… Жайсаң табиғат Жамбыл жанымен алабөтен жарастық тауып, екеуі енді біржолата ажырамас, бүтін бір тұтас əлемге айналады. Дала оған, ол далаға тіл бітіргендей. Лүп-лүп жүрегінен түлеп ұшқан періште қанат балапан жырлар заматта қаршыға боп қанат қағып, қазіргі түгілі болашақ ғасырлардың ұлан-ғайыр жазиралары тегіс көрінетін уақыт биігінде батыл самғап бара жатады. Өзінің аты соңырағы күні шартарапқа аңыз боп жетер дала Гомеріне қалай айналып бара жатқанын сезбей қалды. Қандай асқан талант болса да, кез келген ақынды құлағынан сүйреп баяғы Гомердің қасына апарып қатар қоя алмайсың. Ол орын тек Жамбылға ғана жарасқан. Адамзат поэзиясының көл дария дастарханының қақ төрінде уақыт атты топаннан өз халқының жүрегін жырға айналдырып аман алып өткені, екі кемеңгердің тізе түйістіріп бірге отырғаны қандай ғажап!

Мен оның өмір жолының соңғы жылдарына əдейі тоқтамай отырмын. Өйткені, бұл кезде оның аузынан шыққан əр сөз кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпіріне түгел жетіп жатты. Халықтың көз алдында туған бұл жырлар сол бір күллі ел боп шабытқа мінген жасампаз жылдарға тəн от-жалын жігерге толы. Ақынның өз ойымен айтсақ, маңдайымен жер тіреп қалған қаусаған кəрі еді, еңсесі көтерілгенде қайта жасарып, бойын тіктеді. Еліміздегі ең жасы үлкен адам жаңа өмірге жас сəбидей тамашалап қарап, тамсана жырлады.

Жастайынан құлағында қалған, талай рет өзі де айтқан қиссалар мен ертегілердегі кереметтер көз алдында шындыққа айналып жатты. Ол өмір бақи саз кешіп, ел бостандығы үшін ереуілдеп өткен өз кейіпкерлері: Өтеген батыр мен Сұраншы батырдың осынау жерұйықты көре алмай, қапы кеткендеріне өкінді. Бəлкім сол өкініш пен халық үшін жан пида еткен ерлерге деген айрықша махаббаты кəрі ақынның шабытына шабыт қосқан болу керек: ол жаңа заман ерлерін ерекше бір ыстық ықыласпен жырға қосты, партия мен мемлекет басшылары, жеңімпаз Қызыл Армия жауынгерлері мен қолбасшылары туралы терең тебіреніске толы толғаулар туғызды.

Совет халқы, əсіресе соғыс жылдарындағы өлеңдерін ерекше қастерлейді. Оқ бораған қан майданда өзі жүргендей, халық кегінің от лебінен жаралған оның жырлары, алдыңғы шепте шайқасып жатқан жауынгерлердің жүрегіне Отан даусындай əсер етті, қажымас жігер, қайтпас ерлік боп ұялады.

Жүз жасаған қария сөзі қиынқыстау күндері кім-кімнің де еңсесін көтеріп, ата жауды құртуға үндеді. Оның кəрілікке мойынсұнбай, өмірге, бейбітшілікке, жеңіске ынтыққан жүрегінің əр лүпілі фашизммен айқаста жүрген əр алуан халықтардың ұл-қыздарына қалтқысыз жетіп, аузынан шыққан əрбір сөзі өзіңнің жан сырыңдай көкейге қона кететін. Бүкіл совет жауынгерлерінің ортақ бабасына айналған аяулы ақын жыры окоптағы солдат жүрегін өз мейірімімен жылытып, ата жауға қорғасын оқ болып атылды. Оның əрбір жаңа жыры күркіреген зеңбіректердің үнінен де күш асырып, майдан аспанын жай отындай жаңғырықтырып тұрды. Сол бір жылдары көзімізді жасқа, көкірегімізді кекке толтырған атақты «Ленинградтық өренім» толғауын қалай ұмыта аларсың? Төпеген оқ пен аштықтың қысымында қалған қаланың қаһарман халқына бұлай тіл қатуға тек ғасыр жасап, күллі совет халқының айрықша сүйіспеншілігіне бөленген ақын Жамбылдың ғана моральдық хақысы бар еді.

Сөйткен Жамбылдың, өзімізбен бірге колхоз құрып, қала тұрғызып, каналдар қазып, заводтар салып, жаумен шайқасып жүрген ардақты ақынның өмір жолының ұлы сүрлеуінің қай кезі де дəл осындай ерлікке, ел үшін, халық үшін жанпида қаһармандыққа толы болса керек-ті.

Халық сөзінің алтын қоймасы – Жамбыл көкірегіндегі қазынаны түгелдеп алып қала алмағанымыз, əсіресе революцияға дейінгі творчествосының етек-жеңін жия алмай қалғанымыз өкінішті-ақ. Сонау 1936 жылы Москвада өткен қазақ əдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен шаттанып қайтқан ұлы ақын өзінің тетелесі Кенен ақсақалға «Көрұғлы» жырының өзі толғайтын нұсқасын алты күн бойы шабыттана жырлап, ақыры шетіне шыға алмай қойыпты. Ал атақты дастанның сол Жамбыл айтқан нұсқасы қайда, ақынның қай кітабына кіріп, қай ғалымның архивінде сақтаулы?.. Жəкеңнің тамаша композиторлық дарыны болғанын, жас кезінде əлденеше əдемі əндер мен күйлер шығарғанын өмірімде алғаш рет, қаптап жүрген əдебиет, музыка зерттеушілерінен емес, ұлы ақынның революцияға дейінгі өмірі туралы деректер жинаумен шұғылданып жүрген қарапайым журналистен, аудандық газет редакторынан естігенде құлағымнан от шықты. Талай-талай ардақтымыз бен асылдарымыздың атын аузымыздан тастамай, таңдай қағуға келгенде алдымызға жан салмағанымызбен, осы жайсаңдарымыздың өмірі мен еңбегін тыңғылықты зерттеуге келгенде тым енжармыз.

Мен бұл мақаламда өз халқымыздың жыр мұхитындағы санаулы, азғантай айсбергтердің бірінің су астында салмағымен батып жатқан көзден таса бөлігін əдейі көбірек сөз етуге тырыстым. Өйткені, адам қашанда құпияға құштар ғой. Жаңа заман поэзиясының Сыпыра жырауы – Жəкең өмірінің егжей-тегжейіне тереңдеп үңілген кісі бəлкім қазақ өмірінің қаперімізден аулақ қалған талай-талай тылсым сырларына тіл бітірер ме еді?

Əбдіжəмил НҰРПЕЙІСОВ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments