Алматы облысында заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына қарсы күрес күшейтілуде. Прокуратураның бастамасымен полиция және мемлекеттік кірістер органдары бірлесіп жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында екі күннің ішінде 1 100-ден астам заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, 10–11 шілде күндері өткен рейдтердің қорытындысында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заң талаптарын бұзудың жеті фактісі анықталды. Сонымен қатар Қонаев қаласының жағалау аймағындағы демалыс орындарында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың үш дерегі тіркеліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру барысында заңсыз айналымнан 1 100-ден астам алкоголь өнімі алынып, заңсыз саудаға тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішудің 51 фактісі және көлік құралын мас күйінде басқарудың алты дерегі анықталды.
Рейд қорытындысы бойынша алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан үш сауда нысаны айырылды.
Прокуратураның дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Алматы облысында заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымын анықтауға бағытталған 60 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған 240 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 14-і алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылған.
Қадағалау органы заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына қарсы күрес алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Мұндай шаралар көлеңкелі сауданың алдын алуға, азаматтардың денсаулығын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Мамандар кәсіпкерлерді алкоголь өнімдерін өткізу кезінде қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, құқық бұзушылықтарға жол берген жағдайда заңда көзделген жауапкершілік қолданылатынын ескертеді.


