Алматы облысында 602 698 мыңнан астам бала бар. Олардың денсаулығын сақтау мен сапалы медициналық көмек көрсету – денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мамандардың айтуынша, бала денсаулығына деген қамқорлық оның дүниеге келуінен бұрын басталады. Болашақ ата-аналардың жауапкершілігі, дұрыс өмір салты және жүктілікке алдын ала дайындық сәбидің алғашқы күндерден бастап дұрыс дамуына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты облыста прегравидарлық дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы төрт айында әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 46,7 пайызды құрап, жоспарланған межеден асты.
«Алматы облысында үш деңгейге бөлінген 13 босандыру ұйымы қызмет көрсетеді. Соның ішінде Есік қаласының Перинаталдық орталығы мен Қарасай аудандық көпсалалы орталық ауруханасында салмағы 1500 грамнан төмен шала туған нәрестелерді «адам қатарына» қосуға қауқарлы»,-дейді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.
Айта кетейік, облыста медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін барлық медициналық ұйымдарда патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі енгізілген. Бұл жүйе жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды тұрақты бақылауға алып, қауіп факторларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, бала денсаулығын қорғауда вакцинацияның маңызы ерекше. 2024 жылдан бастап Ұлттық екпе күнтізбесіне 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина енгізілді. Бұл жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
«Балалардың денсаулығын нығайтуда профилактикалық тексерулер де маңызды рөл атқарады. 2026 жылы облыста шамамен 600 мың баланы профилактикалық тексеруден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 129 мыңнан астамы тексеруден өтіп, 16 мыңнан аса балада түрлі аурулар анықталған. Аурулардың ішінде ас қорыту жүйесі, қан және тыныс алу жүйесі аурулары басым»,-деген деректі алға тартты спикер.
Лейла Серікбаеваның айтуынша, стоматологиялық аурулардың таралуына байланысты облыста «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылған. Бүгінде облыста 73 стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.
Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше назар аударылады. Облыста 445 мектеп жанындағы және 44 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді. Балаларды қорғау күніне орай 25 мамыр мен 5 маусым аралығында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Балалардың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан жас ұрпақтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, қауіпсіз ортада өсіп-жетілуі және дені сау болып қалыптасуы – барша қоғамның ортақ міндеті.



