Среда, 19 августа, 2026
Басты бетЖаңалықтарАуылдың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі – басты назарда

Ауылдың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі – басты назарда

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, жастарға қолайлы жағдай жасау және өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, жастардың әлеуетін іске асыру және мектеп ортасын қауіпсіз етуге бағытталған бірқатар бастамалар ұсынылып отыр.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасының аясын кеңейтіп, жеке кәсібін ашуға немесе шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беру қарастырылған. Бұл бастама арқылы 1 миллион ауыл тұрғынының табысын арттыру көзделеді.

Ауыл экономикасын тек мал және егін шаруашылығымен шектемей, өнімді қайта өңдеу, қолөнер, ауыл туризмі, қызмет көрсету саласы мен цифрлық жұмыс орындарын дамытуға басымдық беру ұсынылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту арқылы жергілікті өнімді делдалсыз, тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік жасау маңызды.

Ауыл жастарының тұрақты жұмыспен қамтылып, өз әлеуетін туған жерінде жүзеге асыруына да ерекше мән берілуде. Жастарға алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауға жағдай жасау, болашағы бар бизнес-идеяларға қайтарымсыз гранттар ұсыну және кәсіби тұрғыдан қолдау көрсету шаралары қарастырылған.

Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға» жобасын жалғастырып, ауылға барған жас мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие беру ұсынылады. Бұл ауылдық елді мекендерге қажетті мамандарды тартуға және жастардың ауылда тұрақтап қалуына ықпал етпек.

Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мектептерде оқушылардың денсаулығын тұрақты бақылау, дене белсенділігін арттыру және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Саламатты мектеп» жобасын іске асыру ұсынылған.

Жоба аясында мектептерде ультраөңделген әрі денсаулыққа зиянды тағамдарды сатуға шектеу қою, ұлттық спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын кеңейту және балаларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға тарту көзделеді.

Оқушылардың мектепке барар жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты мектеп маңындағы жолдарды қауіпсіз ету, қоғамдық кеңістіктерді жарықтандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту ұсынылып отыр.

Аталған бастамалардың барлығы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және балалар үшін қауіпсіз әрі саламатты орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттардың жүйелі жүзеге асуы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың туған жерінде еңбек етіп, өз болашағын құруына мүмкіндік береді.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments