Среда, 3 июня, 2026
Басты бетAtamekenБОЗОЙ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖОЛЫНДАҒЫ АУЫЛ

БОЗОЙ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖОЛЫНДАҒЫ АУЫЛ

Жамбыл ауданына қарасты Бозой ауылдық округі тарихы терең, тіршілігі еңбекпен өрілген елді мекендердің бірі. Құмды алқаптың төсінде орналасқан бұл ауылдың негізгі күнкөріс көзі ежелден мал шаруашылығы мен егіншілікке негізделген. Бүгінде ата кәсіпті қайта жандандырып, ауыл шаруашылығына жаңа технология енгізуге бет бұрған Бозой ауылы біртіндеп дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді.

Бозой ауылының тарихы Кеңестік кезеңмен тікелей байланысты. Ол ең алғаш 1972 жылы құрылған. Ілгерісінде бұл ауыл «Бозой совхозы» ретінде жұмыс істеп, өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі саналған. Совхоз құрамында 32 мың бас қой өсіріліп, бақша дақылдары егілген. Мал мен егін – ауыл экономикасының негізгі тірегі болатын.

Кейіннен елдегі экономикалық өзгерістерге байланысты 1994 жылы совхоз тарап кетті. Ал 1997 жылы бұрынғы Күрті ауданы таратылып, Бозой ауылы Жамбыл ауданының құрамына енгізілді. Бұған дейін ауыл Күрті ауданына қараған, аудан орталығы Ақши ауылы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар Бозойға да әсер етті. Әлеуметтік жағдай төмендеп, мал саны азайды. Көптеген тұрғындар жан-жаққа қоныс аударып, ауыл біраз тоқырау кезеңін бастан өткерді.

Әсіресе ауыз су мәселесі ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген күрделі түйткілдердің біріне айналды. Сол себепті мәселенің түйінін шешу мақсатында Жамбыл ауданынан ауылға су таситын водовоз бөлінген. Ол водовозбен ауыл халқы күні бүгінге дейін ауыз суды тасымалдап пайдаланған болатын.

Жылдар бойы аңсап күткен ауыз су мәселесі биыл ғана өз шешімін тапты. 2026 жылдың 3 сәуірінде су құбырларын жөндеу жұмыстары толық аяқталып, таза ауыз су пайдалануға берілді. Бүгінде ауылдағы 84 аула мен 5 мекеме толығымен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдап, облыс және аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдіруде.

Жылдар бойы қордаланған мәселенің шешілуі Бозой халқы үшін үлкен тарихи сәттердің біріне айналды.

Бозойдағы тағы бір жағымды жаңалық – жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің салынуы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен он алты ауылдық елді мекендерде медициналық нысандарды салу бағдарламасы аясында Бозой ауылдық ФАП бой көтерген болатын. Қазіргі таңда жаңа нысанның ашылу кезеңі лицензиялық рұқсат алу жұмыстарымен кейінге шегеріліп, аз уақыт ішінде жасалатын жұмыс есебінде кезек күтіп отыр.

Аталған жұмыстар орындалысымен-ақ ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жобаға ұласпақ.

Жалпы, Бозой ауылдық округінде 710 халық тұрады. Оның ішінде 35 зейнеткер, 5 мүмкіндігі шектеулі азамат, 1 «Алтын алқа» мен 2 «Күміс алқа» иегері, 14 көпбалалы аналар бар. Ауыл бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар әзірге тіркелмеген.

Округ аумағындағы төрт мекемеде 50 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. 2026 жылдың басынан бастап Egov.kz порталы арқылы ауыл тұрғындарына 40-тан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көмекке мұқтаж азаматтарға округтегі кәсіпкерлер, мекеме қызметкерлері мен шаруа қожалықтарының қолдауымен тұрақты түрде қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді.

Білім саласы бойынша ауылдағы мектепте 41 оқушы бар. Мұнда 13 мұғалім тұрақты түрде қызмет етеді. Биылғы оқу жылында 28 бала ыстық тамақпен қамтылды. Бір балаға бөлінген ыстық тамақ құны – 446 теңгені құрайды.

Ауыл болғаннан кейін әр үйдің көз қуанышы болған бүлдіршіндерге де жағдай жасалуы маңызды. Балаларды өнер-білімге баулу мақсатында мектеп жанынан мемлекеттік шағын орталық балабақша есебінде пайдалануға берілген. Онда қазір 5 қызметкер еңбек етіп, 25 бүлдіршінді тәрбиелеп келеді.

Одан бөлек, мектеп ғимаратында орналасқан кітапханада 5 мыңға жуық кітап қоры бар. Мұнда бір қызметкер жұмыс істейді. Кітапхананың жалпы тұрақты оқырман саны сексенге жуықтаған.

Тағы бір тілге тиек ететін жайт – ауылға арнайы жобамен жұмыс жасауға келген жас мамандарға тұрғылықты орындар қамтамасыз етілген. Осы жоба аясында 2 жас маман отбасыларымен бірге сол жатақханада тұрақтаған.

Есепті кезеңде ауылдық округ әкімдігінің атсалысуымен мемлекеттік мерекелер мен қоғамдық-саяси іс-шаралар ұйымдастырылып, Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер уақытылы аудандық мекемелерге жолданып, әлеуметтік желілерде жарияланып отыр.

Ауылдық округ әкімі жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Әйелдер кеңесі де қоғамдағы өзекті мәселелерге араласып, округ көлеміндегі барлық іс-шараларға белсенді қатысуда.

Ауыл халқы ата кәсіпті қайта жаңғыртып келеді. Әсіресе қауын-қарбыз өсіру – Бозойдағы негізгі табыс көздерінің бірі. Жергілікті шаруалар жылдық өнімдерін аудан орталығындағы базарлар мен Алматы қаласындағы «Алтын Орда» базарына шығарып сатады. Бұл ауыл шаруашылығының негізгі тірегі.

Сонымен қатар кейінгі жылы жүгері шаруашылығы мен шемішке дақылдарын өсіру де қолға алынып жатқан шаруалардың бірі. Атқарылып жатқан жұмыстар біртіндеп дамып келеді.

Биыл округ бойынша 740 гектарға жаздық арпа, 2211 гектарға дәндік жүгері, 774 гектарға бір жылдық шөп, 55 гектарға көп жылдық шөп егілді. Бұдан бөлек, 52 гектарға көкөніс, 400 гектарға картоп, 525 гектарға бақша дақылдары орналастырылған.

Ал мал шаруашылығы бойынша ет-сүт өнімдерін нарыққа шығару жұмыстары қарапайым жолмен жүзеге асады. Ауыл тұрғындарын табиғи өнімдермен толық қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, аудан орталығынан арнайы келушілерге тірідей ірі қара сату жолдары да жүзеге асырылуда.

Бозой ауылдық округінде ауыл шаруашылығына арналған 230 080 гектар жер бар. Оның ішінде егістік жер – 8050 гектар, жайылым жер – 222 030 гектар. Округ бойынша тіркелген 149 шаруа қожалығы бар.

Мұнда мал шаруашылығы бойынша ірі қара саны – 3596 бас, қой-ешкі саны – 31 063 бас, жылқы саны – 1855 басты құрайды.

Бозой ауылдық округіне қарасты Сорбұлақ учаскесінде де осы шаруашылықтар қарқынды дамыған. Бұл учаскеде жүгерінің дәндік және сүрлемдік түрлері егіледі.

Ауылдағы шаруашылықтардың негізгі жетістігі – суды үнемдеу технологияларын қолдана бастауы. Атап айтқанда жаңбырлату мен тамшылатып суару әдістері енгізілген. Қазіргі таңда бұл аумақта 2800 гектар жерді игеру жоспарланған.

Осы бағытта үлкен жер көлемімен жұмыс жасап отырған шаруа қожалықтар: Сыдыбаев Есілдің «Жаңалық» шаруа қожалығы – 68 гектар, Әкпіш Сержанның «Деспер» шаруа қожалығы – 263 гектар.

Сондай-ақ, Ерзат Екпінұлының «Жерқуат» шаруа қожалығындағы жалпы жер көлемі 5000 гектар, оның 2600 гектары суармалы, 2400 гектары жайылымдық жерде жұмыс жүргізіп келеді. Аталған қожалық иесі 1300 гектар жерге тамшылату мен жаңбырлатып суару әдісін енгізген.

Қазіргі таңда өздеріне аудандық АЭЖ мекемесіне ресми тіркелу арқылы электр жүйесін тартқызып жатыр.

Дегенмен, екі ауылдық округте әлі де шешіліп үлгермеген өзекті мәселе бар. Ол – ауыл шаруашылығындағы суармалы судың тапшылығы.

Шаруа қожалықтары негізінен суармалы суды Күрті су қоймасынан алады. Бақша мен саябақ ішін суғаруда да осы су жолымен жүзеге асырылады. Биылғы жылы Күрті су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуі және жердің топырақ құрамы құмды болуына байланысты су шығыны көбеюде.

Мамандардың айтуынша, судың шамамен 80 пайызы ауылға жеткенше құмға сіңіп кетіп отыр. Соның салдарынан суармалы су жетіспеушілігі орын алуда. Осыған орай ауыл тұрғындары бетонды канал тарту жөнінде облыстық, аудандық әкімшілікке арман-тілекке ұласқан өтініш ұсынысын жолдап отыр.

Сондай-ақ, ауыл аймағына ішкі тоған жүйелерін жүргізу де маңызды мәселеге айналған. Тоған тарту жұмыстары 2024 жылы басталғанымен, толық аяқталмаған. «Толағай» компаниясы тендерді ұтып алып, тек 1–2 шақырым жерге ғана жұмыс жүргізген. Қалған бөлігі тоқтап қалған.

Соның салдарынан кейбір шаруалар амалсыздан Іле ауданы аумағындағы жерлерге көшуге мәжбүр. Себебі кез келген егін егу жұмыстары суармалы судың жеткілікті мөлшерімен тікелей байланысты. Жылдық өнім сапасының азайып кетуі орын алмас үшін жер мен суды пайдалану қолайлылығы басты назарға алынатыны белгілі.

Сол себепті ауылда шаруа қожалықтарының су пайдалану тәртібін қатаң бақылау қолға алынды. Су мөлшері барлығына бірдей бөліну үшін арнайы ережеге бағынуға тура келеді. Әр қожалық өздерінің жер көлеміне сәйкес мемлекеттік акті негізінде электронды келісімшартқа отырады.

Бүгінде мұнсыз жұмыс жүргізу мүмкін еместігі ескеріліп, тізім бойынша 7 шаруа қожалығы 1280 гектар жер көлемі бойынша электрондық келісімшарт рәсімдеген.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруалардың да саны артып келеді. 2026 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша бес шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алып, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қаражат берілген шаруа қожалықтар мал бордақылау мен асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысуда.

Мұндай бағдарламалар ауыл экономикасын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Жалпы ауылда жетіге жуық ірі кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде бесеуі мемлекеттік субсидия алып, қожалық жұмыстарын өркендетіп отыр.

Ауыл ішінде әсіресе ірі техника алатын азаматтар саны артқан. Жалпы ауыл бойынша 35 техника, оның екеуі ескі болса, қалған 33 жаңа техника бүгінде тұрақты қолданыста жүр. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 5 жаңа жұмыс орны ашылып, 10 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 12 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Бүгінде Бозой ауылында соғыс және тыл ардагерлері қалған жоқ. Ауылдағы жалғыз соғыс ардагері өмірден өткен. Осыған байланысты әкімдік ғимаратының қарсы алдындағы аумаққа ардагерлерге арналған ескерткіш аллеясын салу жоспарлануда.

Мұндағы мақсат – ауылдағы ардагер ақсақалдардың ерен еңбегін ұрпақ жадында мәңгі сақтап, батыр бабалар есімін ұмыттырмау. Бұл игі бастамаға ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар демеушілік жасауға ниетті.

Кәсіпкер азаматтардың ауыл тынысын өркендетуге тікелей атсалысуы осыған дейін де орын алған. Атап айтсақ, ауылдың шетінен шағын мешіт тұрғызу жұмыстарына қаржылай көмек берілді. Нәтижесінде мешіт салу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Ол жерде аудан орталығынан арнайы жіберілген Мұқай Азатбек имамдық етеді. Әр ай сайын аудандық есептерін тапсырып, өте белсенді жұмыс атқаруда.

Ауыл адамдарын еңбекке баулу, ауылдың тазалығын сақтап, ағаш егу жұмыстары да жүйелі түрде атқарылып келеді. «Таза Қазақстан» жобасы аясында жасалған жұмыстардың тікелей көрінісі ретінде арнайы саябақ аумағы гүлденіп тұр. Сонымен қатар, әр көше бойына тал егу жұмыстары да орындалып үлгерді. Көше бойына күннен қуат алатын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

Биылғы есепті кезеңде Бозой ауылдық округінде қылмыс тіркелмеген. Қоғамдық тәртіп жақсы сақталған. Алайда ауылда тікелей полициялық тірек пункті жоқ. Себебі Бозой, Айдарлы, Сарытауқым (қазіргі Ащысу) ауылдарына ортақ бір полиция бөлімі қарастырылған.

Жақында әр ауылдан тәртіп қызметкеріне арнайы бір адам көмекші ретінде сайланған. Бұған қосымша жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбиені нығайту мақсатында арнайы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар кез келген мерекелерге орай салтанатты жиындар өткізіледі.

Атап айтсақ, жылдағы дәстүрге сай үлкендерге құрмет көрсету үшін «Қариялар» мерекесі ұмыт қалмайды. Жақында балалар мерекесіне орай ауылдың кішкентай бүлдіршіндері де назардан тыс қалмақ емес.

Бұл дегеніміз Бозой ауылының қоғамдық тұрақтылығы мен тұрғындардың ауызбіршілігі жоғары деңгейде сақталғандығының дәлелі.

Бозой ауылы көптеген қиындықты еңсеріп, қайта еңсесін тіктеп келе жатқан ауыл екендігіне көзіміз жетті. Еңбек пен төзімді серік еткен ауыл халқы туған жердің болашағы үшін әлі де аянбай еңбек ететіні сөзсіз.

Жұмахан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments