Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың негізгі үлесі – парақорлық. Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Серік Орымбетов айтты.
«Жедел-тергеу желісі бойынша 2022 жылы және биыл қаңтарда 109 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, 86 адам әшкереленді, олардың ішінде 8 түрлі деңгейдегі басшылар», – деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың негізгі үлесі парақорлық (75% немесе 84 қылмыс), ұрлық және алаяқтық (66,5% немесе 40 қылмыс), лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (2,7% немесе 3 қылмыс) фактілеріне тиесілі.
«Жергілікті атқарушы органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары (31 сыбайлас жемқорлық қылмыс), сондай-ақ ішкі істер органдары (15 қылмыс) сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша бейім», — деді Серік Орымбетов.
Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 6 фактісі (41 қылмыс) анықталды. Бюджетке 204 млн теңге шығын өтелді.