Среда, 5 августа, 2026
Басты бетЖаңалықтарЕсірткісіз болашақ – біздің ортақ мақсатымыз

Есірткісіз болашақ – біздің ортақ мақсатымыз

Есірткі – бұл тек бір адамның өмірін ғана емес, бүкіл отбасының, тіпті тұтас ұрпақтың болашағын жоятын дерт. Ол адамды бірте-бірте өз-өзінен айырады: алдымен денсаулық, кейін жұмыс, сосын отбасы, ақырында – бостандық пен өмірдің өзі. Көпшілік «бір рет байқап көруден» ештеңе болмайды деп ойлайды. Бірақ сол бір рет көбіне өмірдің соңғы еркін таңдауы болады.

Бүгінде есірткіні таратушылар заманның ағымына ілесіп, жаңа әдістерді қолдануда. Олар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде жарнама жасап, қарапайым адамдарды өз торына түсіруде. Оларға қарсы күрес – тек полицияның ғана міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың парызы. Егер сіз есірткі сатылып жатқанын немесе таратылып жатқанын білсеңіз, үндемей қалмаңыз. 102 нөміріне бір ғана қоңырау шалу мыңдаған өмірді сақтап қалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары есірткі қылмысына қарсы тәулік бойы күрес жүргізеді. Арнайы жедел-іздестіру шаралары, интернет-ресурстарды бұғаттау, заңнаманы қатайту – осының бәрі нашақорлықпен күресудің бір бөлігі. Бірақ ең тиімді қару – профилактика. Әсіресе, жастар арасындағы түсіндіру жұмыстары. Спортпен шұғылдану, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау – есірткіге жол бермеудің басты жолдары.

Әрбір ата-ана, ұстаз, аға-әпке балалармен есірткінің зияны туралы ашық сөйлесуі керек. Қорқыту емес, түсіндіру – мұндайда ең дұрыс жол. Бала өзіне қауіпті жағдай туындағанда не істеу керектігін білуі тиіс. «Жоқ» деп айтуға үйренуі керек.

Есірткісіз болашақ – бұл арман емес, біздің ортақ таңдауымыз. Әрқайсымыздың үлесіміз бұл жолда өте маңызды. Бүгін дұрыс таңдау жасаңыз. Ертеңгі ұрпақтың өмірін сақтаңыз.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments