Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетРухани жаңғыруЕңбекте бағы жанған...

Еңбекте бағы жанған…

Уақыт шіркін, алды артыңа қаратпай жүйткиді. Арамыздаі жарқылдап жүрген, елі мен жеріне сыйлы аяулы анамыз Асылжан апамыздың бұл фəни жалғанмен қош айтқанына да жыл толыпты. Кезінде темір тұлпарды ер адамдардай-ақ жүргізген ол кеудесінде орден, медалі жарқырай, Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінде депутат болған Асылжан апамыз ел қалаулысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бата алған, ерен еңбегінің арқасында еліне сыйлы болды. Асылжан апамызбен көзі тірісінде сұхбаттасудың сəті түскен еді. Бұл сұхбатта атақты ақын Үмбетəлі Кəрібаев атындағы музей қорында қызықты деректер сақталып қалған екен. Анамыздың асы қарсаңында музей экспозициясында сақталған осы сұхбатты қаз қалпында беруді жөн деп таптық.

Түгін тартса май шыққан құнарлы өңірде жыл онекі ай ер азаматтардан кем қалмай солармен бірге еңбек етіп, ел ырысын арттырған батыр аналар біздің өлкеде баршылық. Солардың бірі – қасиетті Қарғалы тауының етегінде орналасқан Үмбетəлі ауылында аймақ бойынша қазақ қыздарының ішінен ең алғаш механизатор атанған осы Асылжан Тəжібаева. Қиын күндердің ізі ажарын əжімдеген сексеннің сеңгіріндегі Асылжан Тəжібаева 1980 жылдары машинасын жүйіткітіп, талайды шаң қаптырған кезде «Осындай да қайсар жан болады екен-ау» дейтін еді ел жұрты таңдай қағып.

Асылжан Тəжібаева 1932 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар бекетінде дүниеге келген. Əкесі Хангелдиев Төлеулі Доланқара Аңырақайды мекендеген қарапайым жан екен. Түркісіб алып құрылысына қатысқан тұңғыш теміржолшының бірі. Кейін Шилібастау бекетіне орнығып, 37 жасында кенеттен кездескен кеселден көз жұмады. Жастай үш баламен жесір қалған Күлипаның осылай тағдыр тауқыметін басынан өткеруіне тура келген.

«Əкемнің науқастанып жатқан кездері əлі есімде. Жанары мұңға тола бізден көз алмайтын. Ол өмірден өткен кезде тағдыр тауқыметін көп тарттық. Анам бел шешпей қара жұмыс істеді. Бірбірімізді сүйеп жүріп жанымызды бақтық. Балалық шағым өте қиын өтті. Анам алты құрсақ көтерген екен. Ел басына күн туған ашаршылық жылдары үш баласынан айырылады. Анам бала тұрмаған соң, темірдей мықты болсын деп мені «Асылжан» деп қойған екен. Анам Əлқожа деген кісіге тұрмысқа шыққан соң, əпкем Несіпжан екеуміз əкемнің інісі Кəрібай мен жеңгем Қарашаштың қолына келдік. Соғыс басталғанда өгей əкеміз майданға аттанды. Кішкентай інімізді қарау керек болып, біз үйімізге қайта оралдық. Анамыз алаңсыз жұмысқа шықты. Ол кезде біз Бұлақта, нағашыларымның ауылында тұратынбыз. Тоғыз жаста едім. Үйде төрт бала болдық. Өгей əкемізден туған бала кішкентай еді. Бір сиырымыз болды. Сол сиырдың сүтін сауып ішіп, күнімізді көрдік. Анам таңның атысымен жұмысқа кетеді. Ол кездері ауылдағылар картоп егеді. Оның шөбін жұламыз, əйтеуір қарап жүрмейтінбіз. Жейтін тамақ жоқ, өлместің күні ғой, арпа қайнатамыз, ұрпақтан нан пісіріп жейміз. Кейде ол да болмай қалады. Анам Дегерестегі асыл тұқымды жылқы зауытында жұмыс істеді. Анамның үш бауыры да Отан қорғауға соғысқа аттанады. Екі бауыры жараланып, ортаншысы соғыстан қайтпай қалды.

Қаралы хабардан жүрегі сыздай ауырған ауыл адамдарының аянышты күйін көру оңайға соқпады. Кешқұрым ауылдағы əйел атаулы жұмыстан қайтады. Əйелдің де, еркектің де жұмысын атқарған олар. Өгізге шине жегіп, шөп тасиды. Таяқты бір-біріне байлап, шанаға ұқсатып сүйрейді. Не керек, қу тіршілік бітпейді. Таңның атысы, кештің батысы екі білекті сыбанып жіберіп, күнделікті жұмысқа кіріседі. Шаршағандарын ұмытайын дей ме, жоқ, көңілдерін көтергісі келе ме екен, бəрі қосылып əн айтады. Əнге қосылып, жылап келе жатқандарын да көретінбіз.

«Жүгірген қойдан қойға қоңыр марқа,

Жүр екен қандай жайда біздің қалқа», – дегенде біз де, үйдегі балалар да егілетінбіз. Осы əуен əлі күнге құлағымнан кетпейді. Ішер асқа, киер киімге жарымадық. Ескі бəтеңкенің бау өткізетін жерін тастамайтынбыз. Теріні илеп, келсаппен сүріп, етікке табан тігіп беретін. Осылай үстімізге сырт киім, шалбар тігіп киетінбіз. Таудан қазып əкелген рауғаштың тамырымен тонымызды қып-қызыл ғып бояйтынбыз.

«Қызыл тонның етегі,

Желбір-желбір етеді», – деп өлең айтатынбыз.

1945 жылы əкем соғыстан оралды. Біз ағамның үйіне келдік. Ары-бері жүріп, 5 сыныптық білімді шала меңгердім. Кейіннен кешкі оқу оқып, оны аяқтап шықтым. Ағам мен жеңгем өте жақсы қарады.. Өздерінің 5 баласына мен алтыншы болып қосылдым. Олай дейтінім, мені өз балаларындай көрді. Соғыс аяқталғаннан кейін де заман түзеле қалған жоқ. Таршылықты көп көрдік. Карточкамен нан алатынбыз. Алматыда жүргенде аспалы көпірдің үстімен өтіп нанның кезегіне тұратынмын. Күн суықта кезекте тұрған орыс əйелдер араларына кіргізіп, жылытатын. Неткен мейрімділік деймін қазір ойлап отырып. Ел қанша аш болса да, ешкімнің нанын тартып алмайтын. Ол кездің адамдары қайырымды еді ғой. Қазіргі жастар жұмыстан шаршадым десе, сол нəубəт заман көз алдыма елестейді.

1949 жылы мамыр айында тұрмысқа шықтым. Отгонға көшіп бардық. Төрт балалы болдық. Жолдасым – Байжамбыл Қордайға қарасты Қасық ауылынан еді. Ата кəсіпті меңгеріп, мал бақтық. Жарықтық, енем – Ақтамақ жақсы адам еді. Бірге тұрған 4 жыл ішінде тəлім-тəрбиесін беруден шаршамады. 1950-1951 жылы жұт келіп, мал қырыла бастады. Сонда күні-түні ұйқтамай жүріп отардан 272 бас қойды аман алып қалдық. Сол жылы тұңғышым – Əуес бесікте еді, оны шешіп алуға да мұрша болмады. Енем төсек тартып жатқан. Ана тастың, мына тастың астында қой ығып тұр дейді. Мойныма салып үйге əкелетінмін. Ол кезде қашар жоқ, таспен қоршап қоямыз Киіз үйде тұрамыз. Сөйтіп жүріп күн көрдік», – деп Асылжан ана сəл кідірді. Отты жанары сол қиын кездерді шолып отыр. Баяу үнмен əңгімесін жалғастырды:

Жолдасымды «оқып ал» деп қолқаладым. Ауылға қоныс аудардық. Ол менің сөзімді құптап,Тараздағы техникумның мал дəрігерлік факультетін бітірді. Жұмыс істеді. Мен Əуесімді жетектеп жүріп қыстай қарағаш жинаймын. Жазда оның сыртын аршып үй салдық. Сөйтіп жүргенде күйеуім басқа əйелмен көңіл қосып кетті.

Не істерімді білмей, əкеме хат жаздым. Екі күн сол жерде түнеп ағайындарды жиып, мəнжайды айтты да, бізді Беріктасқа көшіріп əкелді. Қордайдағы үйді 300 сомға сатып, Беріктастан 150 сомнан қатар орналасқан қоржын тамның екеуін алдық. Біреуінде өзім бала-шағаммен, екіншісінде ата-анам тұрды. Қалай қарап отырамын, жұмысқа араластым. Бір күні тұқым себуге шығарды. Тракторист – Лавада деген орыс əйел аты-жөні ғана есімде қалыпты. Зина Бомбенко деген əйел екеуміз үш тұқымсепкішке қызметшіміз, бидай саламыз, əйтеуір жұмыссыз емеспіз. Кейде өзі тамаққа кеткенде Лавада «трактор» жүргіздіреді. Зина тұқым сепкіште қалады да, тракторға мені отырғызады. «Ты такая шустрая, давай садись», – деп қояды. Сөйтіп жүргенде трактор жүргізуді əжептеуір үйрендім.

Техникаға икемділігімді аңғарған директор əкеме: «Ұзынағаштағы ДОСААФ-тың шофер-механизаторлар курсына қызыңды жібересің бе», – депті. Бірден баратынымды айттым. Ұзынғашқа келсем, оқу əлдеқашан басталып кетіпті. Бұл 1962 жылдың жазы болатын. Бес орыс əйел, мен алтыншысымын. Алдыңғы қатарда отырамын. Сабақ үлгерімім жақсы. Оқуды бітіріп, правамды алдым. Сөйтіп жұмысқа кірісіп кеттім.

Беріктаста біраз өмірім өтті. Балалардың алды сегізді бітірді. Енді онжылдық мектебі бар ауыл қайда, соны ойластыру керек болды. Ақыры жақын ағайынымыз Бейсенбай Сартжанов ағаны паналап, Үмбетəлі ауылына көшіп келдік. Құмарбай деген кісінің бос тұрған үйіне қоныстандық. Бəрі риза көңілдерімен қарсы алды. Содан осында тұрақтап қалдым. Үмбетəлі совхозында қысы-жазы толастамайтын бейнеті мен зейнеті қатар жүретін қарбалас еңбек жолы басталды. Жұмысым орныққан соң, үкіметтен несие алып, үй салдым.

 Əу баста көшіп келгенде ағайындарым сауыншы бол деген ұсыныс айтты. Көбі шопырлығымды қолайлы көрмеді. Баяғы «əйелге қол емес» дейді. Ұзынағаштағы автобазаға бардым. Екі ескі самосвалдың біреуін ұсынды. Онда Киров ұжымшары құрамына Таран, ГРП, Найденовка сынды төрт бөлімше кіретін. Қамбаға астық құямыз. Сөйтіп жүргенде əлгі ескі мəшине есептен шығарылып, сүт таситын жаңа мəшине берді.

Киров ұжымшарында (кейіннен «Прогресс» аталды) 1963 жылдан 1983 жылға дейін 20 жыл шофер болдым. Ойлап қарасам, осы жиырма бір жыл ішінде үш-ақ машина жүргізіппін. Алыс-алыс мал жайылымдарына қатынап, жем-шөп, астық, қызылша, жұмысшыларға азық-түлік тасыдық. Талай қиындықтар кездесті. Гаражға ерте баратынмын. Машинасын оталдыра алмай жатыр мына қатын деп айтпасын деп, балаларды да қасымнан тастамайтынмын. Екеуінің де шопыр болғаны, техникаға құмартып өскенінен шығар. Тұңғышым – Əуес Қордайдағы ауыл шаруашылығы техникумын, Күлсара Талғардағы медициналық училищені бітірді. Əуесім ер жеткен соң, жұмысым жеңілдеді. Бір жағыма шығып, бауырларын жетелеп, аяқтандырдық. 1973 жылы Əуес Халық ақыны Үмбетəлі Кəрібаевтың қызы Əлияға үйленді. Қазақ «қызды тегіне қарап алу керек» деп бекер айтпаған екен. Үмбетəлі ақын мен Мəриям ананың өнегелі тəрбиесін алған келінім – шаңырағымның құтты мүшесі болды. Əлі күнге дейін қас-қабағыма қарап, алдымнан қиып өткен емес. Сіңлімнің қызы Қарлығашты бесінші бала етіп асырап алдым. Ол қызымды да оқытып, ел қатарлы тұрмысқа бердім. Əйтеуір намысқа тырысып жүріп балаларымды өсірдім», – дейді кейуана.

Қайыспас қайсарлығымен өмірін қажырлы еңбекпен өткізген ана – бүгінде он беске жуық немере-шөбере сүйіп отыр Асылжан ана. Қарашаңырағында əлі де үйдің тіршілігіне араласады, қарап отырмайды. Сый-құрметтен кенде емес. Кеудесінде «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен қоса «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырайды…

Алматы облыстық кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХІІІ съезінің делегаты болып, үлкен мінберлерден де көрінген. Құрмет грамоталары да қат-қат болып тұр. 2014 жылдан бері Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленді. Адамның есімі тағдырына əсер ететін болса керек. Асылжан əже бақытты əулетке шұғыла төккен саф алтындай. Ұлы Əуесбай – Үмбетəлі ауылының ауыл шаруашылығына жауапты басшы, келіні Əлия – Үмбетəлі ақынның қызы, ұзақ жыл мектепте математика пəнінен дəріс берген білікті ұстаз. Кенжесі Болат отбасымен бөлек шаңырақ құрған. Үш қызы үш əулеттің түтінін түзу ұшырып отыр. Гүлсарасы Қордайдың Отар маңындағы Гвардейскіде, Айсарасы Жамбыл, Қарлығашы Үшқоңыр ауылдарында. Қазір немерелері өсіп, жетіліп келеді. Келіндері де, күйеу балалары да білімді азаматтар. «Əуелі денсаулық берген бір Аллаға ризамын, балаларым бақытты болса, мен де бақыттымын», – дейді Асылжан апа.

Халық даналығында, «Бақыттың кілті еңбекте», «Далаға барып ат ойнатқан, үйге келіп құрт қайнатқан» деген сөз бар. Асылжан егіс даласында күні-күні тынбай еңбек етсе, үйге келген соң балаларының бабын тауып, олардың отбасын құруына, оқып білім алуына, азамат болып өсуіне бүкіл өмірін арнаған, аналық парызын өтеген жан.

Əуелбек ЫСҚАҚОВ,

Үмбетəлі Кəрібаев атындағы əдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments