Среда, 12 марта, 2025
Басты бетЕңбек адамыЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ

«Жұмысшы мамандықтар жылы»

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ

Ел егемендігі ұлт дəстүрі мен құндылықтарына жіті, жүйелі, қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, əдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі.

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» дейді халық даналығы.

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға жəне еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.

Еңбек адамының беделін көтеру, кəсіби білім беру жəне еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі.

Еңбек жəне халықты əлеуметтік қолдау министрлігінің мəліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Ұлттық кəсіби классификаторда (ҰКК) 1274 мамандықтар тобы жəне 12 185 мамандық пен қызмет түрлері бар. Ең көп жұмысшы мамандықтары 5-9 негізгі топтарда шоғырланған, олардың саны шамамен 6677 атауды құрайды.

Жұмысшы мамандықтары санатына кімдер жатады?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Олардың қатарында көлік жəне байланыс саласың, құрылыс жəне өндіріс саласының,қызмет көрсету саласының, ауыл шаруашылығы жəне орман шаруашылығы саласының, өнеркəсіп жəне тау-кен саласының, балық шаруашылығы мен су транспорты саласының, энергетика жəне коммуналдық қызметтер саласының, өндіріс жəне механика саласының,тамақ өнеркəсібі жəне аграрлық саланың мамандары жəне сауда қызметкерлері жатады.

Аталған дата қарсаңында қандай жобалар мен іс-шаралар қолға алынады?

Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Экономиканың басты өндірістік қуаты – кəсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық əлеуетті жəне цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін əкімдіктердің барлығы кəсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Əзірге тек 9 өңірде осындай құжаттар бар.

2025 жылы жұмысшы мамандықтарға қатысты кəсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасады.

Техникалық жəне кəсіби білім беру мекемелері мен кəсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтіледі.

Жастарға еңбек нарығының сұранысына сəйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізіледі.

Техникалық жəне кəсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

Еліміздің барлық, яғни 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін жəне кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай ақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кəсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі салалық жоспарларын əзірледі.

Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кəсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық жəне кəсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау жəне мəртебесін көтеру қамтылған. Кəсіпорын дармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады.

«Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Басты жобалардың бірі – аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде «Жаңа кəсіптер атласы» əзірленеді. Кəсіптік бағдар берудің жаңа тəсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға жəне мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

«Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу құралдарымен жабдықталады. Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Бұл білім ұйымдары оқу процесіндеморальдық тұрғыдан ескірген жабдықтыпайдаланады.

Жұмысшы мамандықтар жылында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық – кəсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кəсіби дағдыларды əзірлеп өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады.

Ең бастысы Жұмысшы мамандықтары жылындағы тағы бір жаңалық еңбек адамдарына көрсетілетін марапаттар болмақ. «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркəсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни əр ісіне, əр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.

Иə, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дəрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал, шын мəнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек.

Ел Президенті айтпақшы, «Бірінші маңызды мəселе, біз еңбекқор болуымыз қажет.Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мəнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек жəне іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кəсібінің шебері болу жəне ерінбей еңбек ету».Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық. Себебі жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, əркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Ауылдағы ең қарапайым да мəртебелі маман иелері ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан жандар десек артық емес. Аталған салада қызу еңбекпен жүретін ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегі қай кезде де үлкен құрметке лайық. Осы орайда саналы саналы ғұмырын осы салаға арнаған жандардың бірі – Абуов Бақыткелді Дəуітбекұлы.

Ел арасында еңбекқорлығымен дараланған кейіпкеріміз Жамбыл атындағы Ұзынағаш кəсіптік колледжіндегі майталман мамандардың бірі де бірегейі.

Б.Дəуітбекұлы Жамбыл ауданына қарасты Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны. 2011-2014 жылдар аралығында Қордай ауылшаруашылығын механикаландыру мамандығын тамамдаған. 2007 жылдан бастап Жамбыл атындағы Ұзынағаш кəсіптік колледжде өндірістік оқыту шебері ретінде еңбек етуде.

Бүгінде ауылшаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша жас талапкерлерге сабақ береді. Дəріс барысында «Жас маман» жобасы арқылы колледжге əкелінген техникалармен танысып, сол бойынша жұмыс істеуде. Бұдан бөлек Бақыткелді мырза сабақ барысында студенттерге тракторлардың, автомобильдердің жəне ауыл шаруашылығы машиналарының механизмдер жүйелерінің ақаулары мен жөндеу жұмыстарын үйретеді.

Дəл осы мекеменің білікті мамандарының бірі – Өмірзақова Ардақ Бегалықызы. Ардақ ханым Жамбыл атындағы Ұзынағаш кəсіптік колледжде 2010 жылдан бастап еңбек етіп келеді.

Ардақ Бегалықызы 1991-1996 жылдары Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін педагог-инженер мамандығы бойынша тамамдаған.

Ардақ ханым жас талапкерлерге ауыл шаруашы лығындағы жаңашылдықтар жөнінде дəріс береді. Ұстаздың талапты шəкірттері əртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүргенін де айта кеткен жөн. Мəселен республикалық байлауларда Шнайдер Николь, Сұлтанбек Есбол есімді жас шəкірттері жеңімпаз атанған.

Жастайынан еңбекке етене жақын болған қос кейіпкеріміз де жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қояды.

Мамандығына адалдығы үшін оқу орнының тəжірибелі мамандары жыл сайын түрлі марапаттарға ие болып, аудан əкімінің алғыс хаттарын алған.

Жұмыстары қиын болғанымен, олар ұжымда артылған сенім үдесінен шығып келеді. Иə, кейіпкерлермен тілдесу барысында ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника меңгерген адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Əсіресе қазіргі бəсекелестік белең алған шақта еңбек нарығында сұранысқа ие маман дықтарды меңгерген жөн. Бүгінгі мақаламызға арқау еткен жандардың мамандығы заманмен біте қайнасып, маңызын жоймайтыны анық.

Сөз соңында елдің ырысын еселеуде ауыл еңбеккерлері қарап қалмайтынын аңғарамыз. Бүгінгі кейіпкерлер сөзімізге дəлел. Аталған мамандардың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

 

Майра РАЙЫМБЕРДИЕВА.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments